(Қазақша) Өскеменде өндірілетін «Ақмарал» ұнына сұраныс көп
«Өскемен ұн тарту комбинаты» ЖШС — өңірдегі маңызды өндірістік кәсіпорындардың бірі. Бидай өңдеу өнеркәсібінде өзіндік орны бар комбинат жылына 40 мың тоннаға дейін арпа-бидай, 10 мың тоннаға дейін күнбағыс сақтайды.
«Өскемен ұн тарту комбинаты» ЖШС өндірістік-технологиялық зертхана басшысы Жәния Бекбаеваның айтуынша, кәсіпорын астық сақтау, оны ұнға тарту жұмыстарымен айналысады. Мұнда астықтың сапасын тексеру, оны тазалау, сақтау және ұн тарту кезеңдері мұқият бақыланады.
Өндіріс орнындағы сақтауға арналған үш цехта екі элеватор, бір қосымша корпус және үш кептіру агрегаты жұмыс істеп тұр.
Бүгінде өнеркәсіптік технологиялардың дамуына байланысты комбинаттың өндірістік қуаты ұлғайып, заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған. Бұл өз кезегінде өнім сапасын арттыруға мүмкіндік берді. Мәселен, замануи құрылғы астықтың ылғалдылығын, ақуызы мен глютенін небәрі 30 секундта анықтап береді.
Өңірдің ғана емес, еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге өз үлесін қосып отырған комбинат жыл сайын мыңдаған тонна бидайды өңдеп, бірінші, екінші және жоғары сұрыпты «Ақмарал» ұнын және «Қазақстан» ұнын шығарады.
Өнімдері тек елімізге ғана емес, жақын шетелдерге де жеткізілуде.
«Ауа райының қолайлы болуына байланысты биыл астық көлемі көп. Арпа, бидай, күнбағыс дәндері құрғақ, таза, сапасы жақсы. Ұнға жарайтын үшінші класты бидай жеткілікті. Комбинатта тәулігіне 160 тонна бидай тартылады. Одан 120 тоннадай ұн шығады»,-деді Жәния Бекбаева.