Өндірісі дамыған — Түркістан
Түркістан қаласындағы индустриалды аймақта ашылып, бүгінде өнім өндіріп, халыққа қызмет көрсетіп отырған кәсіпорынның бірі — «GRAND STROY KAZ» ЖШС. Кәсіпорын темірбетон бұйымдары мен тауарлы бетон өндірумен айналысады. Жобаның құны 1500 миллион теңгені құрайды. Инфрақүрылммен толық қамтамасыз етілген. Жобаның қуаттылығы 45 мың тонна тауарлы бетон, 25 мың дана бетон бұйымдары. Кәсіпорын б.гінде 30 адамды жұмыспен қамтып отыр. Сұранысқа ие ққрылыс материалдарын өндіріп отырған кәсіпорнның аумағы 1 гектарды құрайды.
Өткен жылы өз жұмысын бастаған келесі кәсіпорын — «ГОКТУРК» ЖШС. Өндіріс орны шлакоблок, брусчатка және бордюрлы тастар жасаумен айналысады. Жобаның құны 250 миллион теңге. Заманға сай жабдықталған кәсіпорын барлық инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген. Қазіргі таңда онда 19 адам жұмыспен қамтылған. 1 гектар аумақты алып жатқан кәсіпорынның қуаттылығы 3 миллион дана құрылыс блогы, 250 мың м2 брусчатка өндіруге қауқарлы.
«Turkistan» индустриялды аймағында орын тепкен «Алем Бетон-1» компаниясын да сәтті жоба деп айтуға болады. Асфальт-бетон бұйымдарын шығаратын бұл кәсіпорын өндірістің 2-ші кезеңіне өтті. Кәсіпорын өндіріс алаңын тағы да 2,7 гектар жерге ұлғайтты. Қарқынды жұмыс жүріп жатыр. Өнімдер Түркістан облысына қарасты аудандарда жол объектілері үшін қолданылуда. 2019 жылы жұмысын бастаған кәсіпооында 20 адам қызмет етуде.
Құрылыс материалдарын өндіруге маманданып келе жатқан қаладағы жаңа өндіріс орындарының қатарына «Techtronic-Stroy» ЖШС-ны да қосуға болады. Өз жұмысын өткен жылы бастаған зауыт тауарлы бетон және асфальто бетон өнімдерін жасаумен айналысады. Жобаның құны 600 миллион теңгені құрайды. Қазір мұнда 20 адам жұмыспен қамтылған. Кәсіпорын басшыларының айтуынша өнімдеріне сұраныс жоғары. Сәйкесінше мұнда өнімдері соңғы технологиямен жабдықталған қондырғылармен жасалады. Яғни сапасы жоғары. Ал сапасы мықты өнімге сұраныс қашанда жоғары болатыны айдан анық.
Түркістанда жылына 72 мың данадан аса темір-бетон бұйымдарын өндіруге қауқарлы «Нұр Строй ЛТД-ның қала құрылысы мен экономикасына қосқан үлесі зор. Мекеме басшысы Жеңіс Аманбаевтың айтуынша талған кәсіпорын 2008 жылы іске қосылған. Бүгінде мекемеде 200-ге жуық тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылған. Кәсіпорынның жылдық айналымы 6 миллиард теңгеден асады. Сондай-ақ мұнда айына 5 мыңнан аса темірбетон, 4 мың тоннадан астам асфальт жабындысы, темір қоршаулар, темір бағаналар, плита жабындылары, т.б үй жағдайына қажетті құралдар өндіріледі.
Айта кетейік, Түркістан қаласында өнеркәсіпті дамытуға біршама көңіл бөлініп келеді. Оған дәлел, өткен жылы шаһардың негізгі капиталына тартылған инвестициялар арқылы қалада биыл 159 жаңа жұмыс орнын ашу көзделіп отыр. Одан өзге, Түркістан қаласының индустриалды аймағында 20 кәсіпорын іске қосылып, мыңнан аса адам жұмыспен қамтылды. Ондағы кәсіпорындар – жиһаз жасау, күйдірілген кірпіштер дайындау, бетон бұйымдары, жол құрылысы материалдары, темір торлар, POS терминалдары сынды өнім түрлерін шығарады.
Ағымдағы жылы Түркістан индустриалды аймағында бірқатар жобалар тартылып, жүзеге асырылды. Айталық «Махатов» ЖШС ағаштан сәнді еден және қабырға қаптамаларын жасау жобасы; «Мунай Инвестмент Груп» ЖШС битум өндіру және оны сақтау жобасының құрылысы. Бұдан бөлек, «Құрғақ қағаз майлықтарын және тұрмыстық химия жасау» жобасын «Құрылыс саласына арналған жеңіл қабырға қаптамаларын жасау» жобасын тарту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Сонымен қатар, 2024 жылы құны 3,4 миллиард теңге және 100-ге жуық жаңа жұмыс орнымен қамту мүмкіндігі бар – «Ali Construction Group» ЖШС , «Гүлзада» ЖК, «Тұран Мебель БК» ЖШС атты 3 жоба іске асырылды.
Жаңа жобалардың бірі — «Тұран мебель» ЖШС мектеп және кеңсе жиһаздарын шығарады. Цехтың қуаттылығы күніне 600 комплект жиһаз шығаруға жетеді. Енді ғана жұмысын бастаған кәсіпорын жаңа білім ошақтарының тапсырыстарын орындап, жұмысшылары екі ауысымда жұмыс істеуде. Келесі кәсіпорын — «Гүлзада» ЖК-ның міндеті ағаш өңдеу, металлдан жасалатын бұйымдарды шығару. Жобаның құны 100 миллион теңгені құрайды. Кәсіпорынның қуаттылығы 45 мың тонна тауарлы бетон, 25 мың дана бетон бұйымдарын шығаруға қауқарлы. Индустриалды аймақта орналасқан кәсіпорын толықтай инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген. Кәсіпорында 20 жергілікті тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылған. Жоба Өңірлік үйлестіру кеңесінің оң қорытындысымен Түркістан индустриалды аймағының 1 гектар жер учаскесіне орналастырылған.
Түркістан қаласын Түркі әлемінің орталығына айналдыру бағытындағы жүйелі жұмыстар нәтижесінде шаһардың инвестициялық климаты жақсарып келеді. Соңғы 5 жылда қалаға тартылған инвестицияның көлемі 8,5 есеге өскен. Былтыр қала экономикасына 356 миллиард теңге инвестиция тартылып, жоспар 7 миллиардқа артығымен орындалып отыр. Оның ішінде Түркі мемлекеттері ұйымы құрамындағы елдер арасындағы сауда-экономикалық қатынастар тез нығайып келеді. Түркістан қаласының жалпы аумағы соңғы үш жылда 19,6 мың гектардан 22,4 мың гектарға ұлғайып, халық саны 165,4 мың адамнан 225 мың адамға жетті. Аймақта инвестициялық әлеуетін толыққанды жүзеге асыру мақсатында ауқымды жобаларды іске асырылып, алыс-жақын шетелдік инвесторлармен тығыз байланыс орнатылып келеді.
Құрылғанына 5 жылдан асқан облыс орталығында кәсіпкерлер өндірген өнім көлемі 225 миллиард теңгені құраған. Өнеркәсіп өнімінің көлемі өткен жылы 26 миллиард теңгені құрап, жоспар 1,8 миллиардқа артығымен орындалды. Жергілікті инвесторлар тарапынан қала аумағында – жалпы құны 351 млрд. теңге болатын және 3 920 жоспарлы жаңа жұмыс орындарымен қамту мүмкіндігі бар 233 әр түрлі саладағы инвестициялық жобаның пуллы қалыптастырылып, іске асырылуда.
Одан бөлек, Түркістан қаласына жаңа инвестициялық жобаларды тарту мақсатында жалпы құны 37,6 миллиард теңге болатын және 1 000-ға жуық жаңа жұмыс орындарын құратын шет елдік 26 ірі инвестициялық жобалармен келіссөздер жүргізілуде. Жыл басынан бері құны 6,6 миллиард теңге болатын және 160 жаңа жұмыс орнын құратын 5 ірі инвестициялық жоба іске асырылды. Қазіргі таңда аймақта шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерімен өнім шығарылымы 82,8 миллиард теңгені құрап, тиісті кезеңімен салыстырғанда өсім 11,3 пайызға артқан. Жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 22 292 бірлікті құрап, тиісті кезеңімен салыстырғанда өсім 25,5 пайызды құрады.
Сала мамандары биыл инвестиция саласы бойынша көрсеткіште оң динамика қалыптасқанын айтады. Яғни, негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 245,8 миллиард теңгені құрап, тиісті кезеңімен салыстырғанда өсім 23,3 пайызға артқан. Оның ішінде: жеке инвестиция көлемі 154,6 миллиард теңгені құрап, тиісті кезеңімен салыстырғанда өсім 55 пайызды құрады.
Қала аумағында өндірістік, коммуналдық және инфрақұрылым қызметін қамтамасыз ететін нысандарды орналастыратын аймақтар белгіленіп, бекітілген. Бұл өз кезегінде Түркістанның инвесторлар үшін тартымдылығын арттыра түседі.
Индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы экономиканы әртараптандырып, оның бәсекеге қабілеттілігінің арттыру арқылы Қазақстанның индустриялық елдер қатарына қосылуына ықпал етеді. Аталмыш бағдарлама ел экономикасын шикізатқа тәуелділіктен арылта отырып, өндірістің дамуына, экспорттың артуына жол ашып, ел экономикасының қарқынды дамуын қамтамасыз етуі тиіс.
Соңғы бес жылдағы өзгерістер қала дамуына жаңа мүмкіндіктер ашқанын ерекше атап өткен жөн. Халық табысының өсуіне және олардың әл-ауқатына оң әсерін тигізетін жобаларды жүзеге асыруға облыс орталығында барлық жағдайлар қарастырылған. Сол себепті, қазір жекеменшік секторды нығайтуға арналған ауқымды реформаларды жүзеге асыруға басымдық берілуде. Бұл өз кезегінде бәсекелестікті арттыруға, жалпы, экономиканың өсуіне ықпал етеді.
Расында, халық табысының өсуі үшін көптеген жағдайлар жасалғандықтан, қалада кәсіпкерлікпен айналысатын адамдар саны артып келеді. Кәсіпкерлікті жүргізу үшін өңірде қолайлы бизнес климат қалыптасқан. Бизнес үшін қаржылай қолдау шаралары қолжетімді. «Бизнестің жол картасы 2025» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламалары кәсіпкерлерге айтарлықтай ықпалын тигізіп жатыр. Осы бағдарламалар арқылы кәсіпкерлер 17 миллиард теңгеге жеңілдетілген несиелерді пайдаланды. Жалпы, бағдарламаларды орындау бойынша өңір республикада алғашқы үштіктің қатарында келеді. Бұдан басқа жергілікті деңгейде жас кәсіпкерлер және стартап жобаларды қолдау үшін қажетті бағдарламалар қабылданған. Мәселен, кәсіпкерлер жаңадан құрылған «Атамекен-Түркістан» микроқаржы ұйымы арқылы жеңілдетілген 6%-бен несие ала алады. Бүгінде бұл мүмкіндікті кәсіпкерлер ұтымды пайдаланып, 1,8 млрд. теңгеге қаржыланып отыр.
Осы орайда облыс орталығы Түркістан қаласында кәсіпкерлерге жан-жақты қолдау көрсетіліп, көптеген бағдарламалар қолданысқа еніп, кәсіп иелерінің игілігіне жаратылуда. Мұның барлығы өнеркәсіп, шағын және орта бизнес, бөлшек сауда, ауыл шаруашылығы саласында көрініс табуда. Түркістан қаласы әкімдігіне қарасты тиісті сала мамандарының айтуынша, өз кәсібін ашамын деушілерге бүгінде мол мүмкіндіктер берілген. Қазіргі таңда өнеркәсіпте, шағын және орта бизнес түрлерінде жетістіктерге жетіп жатқан азаматтар аз емес.
Сонымен бірге, Түркістан қаласында ағымдағы жылдың басында «Кедергісіз кәсіпкерлік» жобасы өз жұмысын бастады. Жобаның мақсаты – қала кәсіпкерлері мен кәсіп бастауға ниетті азаматтарға кәсіпкерлік саласында заң аясында сүйемелдеу мен қолдау көрсету болып табылады. Жоба аясында кез келген кәсіпкерлер мен азаматтар – мемлекет тарапынан берілетін қайтарымсыз гранттар, субсидиялар мен жеңілдетілген пайызды несиелер бойынша толық ақпараттар алуына мүмкіндігі бар. Жыл басынан бері қалада 167 азаматқа сүйемелдеу жұмыстары жүргізілді. Оның ішінде, жеңілдетілген пайызбен несиелендіру бойынша – 46 адам, Жаңадан кәсіп бастау бағытында берілетін қайтарымсыз гранттар бойынша – 62 адам, Жеке кәсіпкерліктің немесе заңды тұлғалардың құжаттарын рәсімдеу жұмыстарына заң аясында көмек көрсету – 15, Әр түрлі әкімшілік кедергілерге заң аясында құқықтық көмек көрсету – 28 адам.
Түркістан қалалық Бизнесті қолдау және туризм бөлімі «Кедергісіз кәсіпкерлік» жобасы аясында Түркістан қаласының тұрғындарына жеңілдетілген пайызды несиелер, қайтарымсыз гранттар, субсидиялар және т.б. сұрақтар бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, мемлекеттік несиелеу бағдарламалары аясында консультациялық кеңестер мен бағыт-бағдарлар беруде. Сонымен қатар, Түркістан қаласының білім ошақтарының, арнаулы оқу орындарының түлектері мен студенттеріне, жастарға кәсіпкерлікке баулу мақсатында индустриалды аймақта орналасқан зауыт, фабрикаларға, әр түрлі бағыттағы өнеркәсіп орындарына шолу ұйымдастырылды.