Облыс орталығында құрылыс материалын өңдеу саласы қарқын алған
Елімізде құрылыс материалдарын өндіру экономиканың басым бағыттарының бірі. Құрылыс материалдары өнеркәсібі өңдеу өнеркәсібінің едәуір бөлігін құрайды. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек Қазақстанда құрылыс материалдарын өндіру көлемі 2024 жылғы қаңтар-маусым ішінде 534,9 миллиард теңгені құраған. Өнімнің нақты көлемінің индексі биылғы жылғы қаңтар-маусымда 92,8 пайызды құрады. Құрылыс материалдары өнімдерінің экспорты 2024 жылғы қаңтар-мамыр ішінде былтырғы жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 14,4 пайызға ұлғайып, 105,5 миллион АҚШ долларын құрап отыр. Заттай мәнде экспорт көлемі 5,1 пайызға төмендеп, 537 мың тоннаны құрады, ал өткен жылдың осы кезеңінде ол 565,7 мың тонна деңгейінде болған. Экспортқа арналған негізгі ТОП-елдер: Ресей, Қырғызстан және Өзбекстан. Ағымдағы жылғы қаңтар-мамыр ішінде отандық нарыққа құрылыс материалдарының импорты 437,8 миллион АҚШ долларын құрап, былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 4,5%-ға төмендеген. Заттай мәнде тауарлар көлемі 1 098,9 мың тоннаны құрап, өткен жылдың ұқсас кезеңіне қарағанда 8,6 пайызға қысқарды. Импортқа арналған негізгі ТОП-елдер: Ресей (41 пайыз), Қытай (26,4 пайыз) және Өзбекстан (6,1 пайыз). Биылғы жылғы қаңтар-мамыр ішінде Қазақстан Республикасындағы құрылыс материалдары нарығының көлемі 1 285,6 миллион АҚШ долларын құрады, бұл ретте ОТӨ үлесіне 65,9 пайыз, импорттық өнімнің үлесіне 34,1 пайыздан келеді.
Жалпы әлемде құрылыстың қарқынды дамуы құрылыс индустриясының етек жаюына алып келді. Құрылыс саласында жаңа технология¬ларға негізделген небір жаңа материалдар пайда болып, тұрғын үйлер мен ғимарат¬тардың беріктігін нығайтып, сәніне сән қосты. Ең бастысы, бұрын қиындықпен жүргізілетін күрделі құрылыстар жеңілдеп, олардың өзіндік құны да төмендеді. Міне, осындай жағдайларды қазіргі күні Түркістан қаласының көріністерінен анық бай¬қаймыз. Бұл қалада бұрын өңірімізде болмаған небір ғажайып ғимараттар мен сарайлар тұрғызылуда.
Расында Түркістан – күллі түркі әлемі көз тігіп отырған әсем қала. Тарихы терең шаһардың атын бүгінде көне кесене, ескерткіштер ғана емес сонымен қатар инновациялық жобалар, өндіріс орындары да шығаруда. Бір сөзбен айтқанда облыс орталығы тек туристерді күтіп алатын қала емес өндуші аймаққа айналып келеді. Бұған дәлел қаладағы индустриалды аймақтағы қайнап жатқан тіршілік.
Түркістан қаласының бас жоспары бойынша қаланың даму сатылары белгіленген болатын. Бірінші кезең 2020 жылы басталып, 2025 жылы аяқталады деп жоспарланған. Екінші кезеңі – 2035 жылы, үшінші кезеңі – 2050 жылы аяқталады деп күтілуде.
Түркістан қаласында 2023-2025 жылдары 169 жаңа жұмыс орнын құрайтын 4 жобаны іске асыру жоспарлануда. Жобалар темірбетон бұйымдары, темір және ағаштан есік жасау, асфальтты бетон өндіруге бағытталуда. Жоба құны 3 миллиард теңгені құрайды. Рухани астананың халықаралық «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» жолының бойында орналасуы, қалыптасқан әуе және темір жол қатынастарының болуы өнеркәсіпті өркендетуге мол мүмкіндік береді. Осы ерекшеліктер ескеріліп, облыс орталығында Арнайы экономикалық аймақ құрылып, инфрақұрылым жүйелері тартылған болатын.
Қазіргі таңда Түркістан индустриалды аймағында 1330 жұмыс орнын құрайтын 27 жоба орналасқан. Жалпы құны – 13,01 миллиард теңге. Оның ішінде жалпы сомасы 8,564 миллиард теңгені құрайтын 19 жоба іске қосу актісін алған.
Облыс орталығында құрылыс жұмыстары бір сәтке де тоқтаған емес. Қуантарлығы сол құрылысқа отандық өнімдер қолданылуда. Оның ішінде Түркістан қаласының өз өнімдері де бар. Айталық «TURKISTAN» арнайы экономикалық аймақта орналасқан «Түркістан Темірбетон» зауытының өнімдері жақын маңдағы қала, аудандардан бөлек еліміздің өзге де аймақтарына жөнелтіледі. Кәсіпорын тұрғын үйге арналған 10-ға жуық түрлі темірбетон өнімдерін өндіреді. Атап айтқанда жабындылар, ригель, үйлердің ірге тасын қалауға арналған блоктар, бағаналар, жол бойына қойылатын бордюрлар Инвестицияның жалпы көлемі – 1,2 миллиард теңге. Өндірілген өнім бәсекеге қабілетті, мұндағы өнімдер соңғы жаңа технология мен жаңа техникалармен шығарылады. Зауыттың жобалық қуаттылығы жылына шамамен 80 мың шаршы метр темірбетон. Кәсіпорын жалпы аумағы 3500 м/кубты алып жатыр. Алдағы уақытта өнім көлемін ұлғайтуды қолға алмақ. Шикі заттың басым бөлігі Кентау қаласынан алынады.