Новости

Заманауи зауыт салу жобасы талқыланды

Түркістан қаласында облыс әкімі Дархан Сатыбалды мен әлемге әйгілі испандық «Auditores Energeticos AFN» компаниясының өкілдерімен кездесу өтті. Жиында өңірде коммуналдық қалдықтарды терең өңдеу зауытын салу жобасын жан-жақты талқылады. Қоқыс қалдықтарын терең өңдеудің жаңа технологиясы – қоршаған ортаға зиянсыз, Еуропа елдері қолдаған қалдықсыз, қауіпсіз түрі. Айта кетейік, гидрогаздандыру технологиясы қоқыстан жаңа өнім түрлерін шығарады.

Жобаны инвестор компания мен Қазақстан Республикасының Үкіметі арасында АХҚО алаңында жасалатын арнайы инвестициялық келісім шеңберінде іске асыру жоспарлануда. Заңды сүйемелдеуді «Қазақ- инвест» ұлттық компаниясы жүргізеді.

Инвесторлармен келіссөз жүргізген өңір басшысы Дархан Сатыбалды жобаның маңыздылығына тоқталып, әкімдік тарапынан қолдау болатынын жеткізді.

Түркістан облысы үшін қалдықтарды терең өңдеу – экологиялық тұрақтылыққа, экономикалық өсуге және әлеуметтік ортаны жақсартуға бағытталған кешенді шешім. Қазіргі таңда облыс аумағында қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеумен айналысатын 17 мекеме жұмыс атқарады. Оның ішінде 13 мекеме қалдықтарды бөлек жинау және сұрыптаумен (пластмасса, пластик, полиэтилен қалдықтары, шыны сынықтары, түсті, қара металдар, картон, қағаз, макулатура), 4 мекеме қалдықтарды қайта өңдеумен айналысады.

Биыл 9 айдың қорытындысымен 69 032 тонна қоқыс жинақталып, оның 17 478 тоннасы қайта өңдеуге бағытталды. Бұл көрсеткіш өткен жылы 103 181 тоннаны құрады.

Облыс аумағында 135 қатты тұрмыстық қалдықтар тастайтын полигон орындары белгіленген. Оның ішінде 38-і аудандарға, 50-і ауыл округтеріне, 47-сі жеке кәсіпкерге сенімгерлік басқаруға берілген. Облыс аумағында қоқыстарды жинау, шығару және тасымалдау қызметімен 62 мекеме айналысады. Барлық аудан, қала орталықтарында құрылыс қалдықтарын тастайтын арнайы жер телімдері белгіленіп, мемлекеттік актілері алынған. Арыс және Түркістан қалаларында қоршау жұмыстары жүргізілген.


Басқа жаңалықтар

Back to top button