Новости

«KAZTOR LTD» — бірегей кәсіпорны

Тотыдайын таранып, көркіне көз тойып келе жатқан қасиетті Түркістан қаласында құрылыс қайнап тұр. Соңғы 5-6 жылда шаһарда бұрын-соңды болмаған әсем ғимараттар, зәулім нысандар мен сәнді архитектуралық мекемелер мен әлеуметтік орындар және тұрғын үйлер салынуда. Бір қуантарлығы құрылысқа отандық өнімдер қолданылуда. Бұл дегеніміз елімізде өнеркәсіптің дамуы мен өнімнің жоғары сапалы екенін білдіреді. Қаладағы құрылысқа жергілікті өнімдердің де қолданып отырғандығы екі есе қуаныш деп айтуға болады. Жергілікті кәсіпорындар бәсекеге төтеп беруде. Мамандардың айтуынша қалада өндіріс саласының басым көпшілігін дәл осы құрылыс метериалдарының өндіріс саласы құрайды. Тіпті шаһарда жаңа инновациялық өнім өндіріп отырған бизнес нысандары бар. Солардың бірі де бірегейі «KAZTOR LTD» ЖШС.

Жобалық құны 500 миллион теңге болатын зауыттың өнімдерін бүгінде тек Түркістан қаласы емес еліміздің түкпір-түкпірінен көруге болады. «KAZTOR LTD» кәсіпорны өз қызметін 2015 жылдан бастап жүзеге асырып келеді және бүгінгі таңда Түркістан облысында торлы өнім өндірудегі ең ірі кәсіпорындардың бірі саналады. Барлық өнімдер жоғары сапалы. Өзі өндіреді және тек ең жақсы шикізатты пайдаланады. Компания өз клиенттеріне тікелей сатады. Бұл тұтынушыларға өндірушіге тікелей жүгіну арқылы айтарлықтай қаражат үнемдеуге мүмкіндік береді. Компания МемСт және KZ СТ сапа стандарттарына сәйкес келетін 3D панельдер, топсалы, қалауға арналған және арматура торларын шығарады. Қызметкерлердің жоғары кәсібилігі мен сапалы сервис компанияны Қазақстан Республикасының нарығындағы ең сенімді серіктестердің біріне айналдырды.

«Бірыңғай кешенді бағдарламаға» қатысудың арқасында компания 2024 жылы «Банк Центр Кредиттен» айналым қаражатын толықтыру үшін 20,25 пайызбен несие алғанда оның 12,25 пайызын «Даму» Қоры субсидиялады.

Нысанда 20-ға жуық адам қызмет етеді. Елімізді толықтай металл өнімдерімен қамтамасыз етіп отырған «KAZTOR LTD» зауыты жылына 1000 тоннаға жуық металл өнімдерін өңдесе, айына 60 тоннаға жуық дайын өнім шығарады.

«Бұл жобаны 2015 жылы бастадық. Ол кезде қаланың ішінде едік. Облыс болғаннан кейін индустриалды аймақтан жер алсақ деген ниетіміз болды. Жергілікті әкімдік пен сала қызметкерлерінің көмегімен 2018 жылдың күзінде мақсатымызға қол жеткізіп, индустриалды аймақтан жер берілді. Сөйтіп үлкен қадамға аяқ басып, 2019 жылы көшіп келдік. Сол жылдан бастап осы жерде өндіріс жүріп жатыр. Жалпы бағытымыз қалалық қоршаулар жасау, сосын ауылшаруашылығына арналған қоршаулар да шығарамыз. Жалпы Еуропа елдерінде қала көшелеріне арналған қоршаулардың шыққанына 100 жылдан асып кеткен. Біздің елімізде мұндай қоршаулардың қолданылып жатқанына 8-9 жылдай болды. Біз өнімді шірімейтін сымнан жасаймыз. Ұнтақталған бояумен боймыз. Ол бояу 200 градуста кептіріледі. Ал сұйық бояулардың сапасы жоғары болмайды. Ұзаққа шыдамайды. Ал біздің қолданатын бояулар кемі 10 жыл сақталады»,- дейді кәсіпорын директоры Еркебай Жыңғылбаев.

Кәсіпорынның қоймасында қажетті шикізаттың барлығы сақталады. Келесі қоймада дайын өнімдер сақталады. Тапсырыс берушілер дайын өнімдерін осы қоймадан алып кетеді.

Өнімге қажетті шірімейтін сымдардың диаметрі әртүрлі болады. 1,4 басталып, 2,3 деген өлшемдері бар. Олардан дәл осы 3D өлшемді қоршаулар жасалады. Ал қара сымдар бетонды құйған кезде ішіне салатын сетка жасауға қолданылады. Ол қатты болады. Зауыт шикізатты яғни темірлерді Ресейден алатын көрінеді. Айталық шарнирлі тордың жасалуына қолданылатын Ресейлік цинкталған сым. екенін ескертеміз. Ол шірімейді, керіліп орнатылуға есептелген, астыңғы көздері 9см*20см, 2мм-2,5мм-3мм қалыңдықта жасалады. Ұнтақталған боуямен боялады. Ол — бояулар мен лактар саласындағы танымал көшбасшы. Ол бірте-бірте өзінің «сұйық бәсекелестерін» алмастыруда және артықшылықтардың нақты тізіміне ие болып саналады.

Шарнирлі тор соңғы жылдары әлемнің көптеген бөліктерінде, Англияда, Еуропада, Австралияда, Америкада өте танымал болды. Барлық жерде әсіресе ауылшаруашылық аймақтарында сіз осы қоршаудың фотосуреттерін таба аласыз. Дегенмен, тордың аты әртүрлі болуы мүмкін: топсалы тор, марал торы, құс торы, өріс торы, жол торы, қой торы. Кәсіпорын өндіретін тағы бір өнім қалауға арналған тор- нысандарды салу кезінде дайын құрылымды нығайту үшін қолданылатын құрылыс материалы. Ол көбінесе кірпіштен, темірбетоннан жасалған жерлерге қолданылады.

Мұндағы жұмыс процесі оңай емес. Арнайы оралған бумадағы сымдарды станок келесі тегістеуші құрылғыға жібереді. Одан әрмен тоқу алаңына жіберіледі. Мұның барлығын арнайы автоматтандырылған техника жасайды. Ал жұмысшы мамандар сол аппаратты басқарып отырса жеткілікті.

«Станок стандартқа сай жұмыс істейді. Барлығы электронды режимде. Көп жұмыс күшін талеп етпейді. Біз тек сымды салып отырамыз. Тапсырысқа қарай әртүрлі өлшеммен жасай береміз. Сымдарды кесетін бөлек арнайы станогымыз бар. Жұмысым өзіме ұнайды. Жалпы өзім ұсақ-түйек заттарды жөндегенді, жасағанды ұнатамын. Жалақымыз жақсы. 350-400 мың теңгенің арасында айлық аламын. Аптасына 6 күн жұмыс істейміз. Мұнда 4 жылдан бері жұмыс істеп келемін. Соның бір жылдайы үйренуге, тәжірибе жинауға кетті.Қазір қол астымда 2 жігіт бар. Соларға үйретіп жүрмін»,- дейді маман Уәлихан Жетпісбаев.

Кәсіпорында үлкен аумақты қоршайтын торлар да жасалады. Мысалы автобан, егістік жерлер. Қазір трассаларға малдың шығып кетуіне байналысты жол көлік оқиғалары жиі орын алып жатады. Ал мұндай автобандарды Еуропада, Америкада арзан шірімейтін темірлермен қоршап тастайды. Қазақстанда да жол бойын осылай қазір қоршауға кіріскен. Бұл жүргізушілерге де, жолаушыларға да ыңғайлы. Басқа қоршауларға қарағанда бұл сапалы әрі арзан түседі. Арзан болу себебі арасындағы көздері ірі-ірі болады. Сымдары жұқа бірақ өте мықты. Ұрып-соғу жағдайына төзімді келеді. Ешқандай жан-жануар бұзып өте алмайды екен.

«Қай кәсіп болса да өзінің қиындығы және қызығы болады. Ең бірінші кәсіпкер өзінің істеп жатқан жұмысын, кәсібін жақсы көру керек. Сонда ғана бір нәтиже шығара алады. Ал күмәнмен басталған істің арты да күмәнді боалды. Сондықтан ниет түзу болғаны дұрыс. Сондай-ақ еңбек керек. Жалпы қазағымның жастары еңбекқор. Қазақ жалқау, жұмыс істемейді деген теріс пікірмен келіспеймін. Біздің жігіттер жұмыс істесе түбін түсіріп істейді. Тек өз-өздерін таба алмай жүрген жастар көп. Қазір бизнес бастау бұрынғыдай қиын емес. Интернетте барлық мәліметтер бар. Бизнес жоспар жасау, бизнес идея деген секілді. Оның үстіне тегін консультация беретін мамандарымыз бар. Кәсіп бастауға жәрдемші болатын түрлі мемлекеттік бағдарлама, жодалар да жеткілікті. Тек ізденіп, әрекет жасаса болды,- дейді кәсіпорын директоры.

Мұндағы қондырғылардың бағасы 15 миллионнан басталады. Алты станок бар. Негізінде торлардың түрлері өте көп. Мұнда соның 3 түрі жасалады. Зауыттың ендігі жоспары басқа да мерім торлардың түрін шығару және өндіріс көлемін ұлғайту. Мұндай жағдайда жұмыс орны да көбейеді деген сөз.

«Мен 10 жасымнан еңбекке араласқан адаммын. Әкемнің мамандығы педагог, талай жыл ұстаздық еттті. Елімізде болған 94-95-шы жылдардағы тоқырау кезеңінде әкем саудаға кетті. Ал мен әкемнің жанында жүріп, қолғабыс еттім. Бұл мені ерте есейтті. Ақшаның қалай келетінін, адамдар арасында коммуникацияның маңызын ерте білдім. Әкем ұстазыма айналды. Кейін өзім кәсіп аштым. Жалпы біз бай елміз. Сол байлықты дұрыс пайдаланып, шикізат дайындаудан өндіріске, дайын өнім шығаруға бет бұруымыз керек. Бір кезеңдік емес ұрпақтан ұрпаққа жалғасатын бизнес империясын құрып, әлемдік брендке айналдыруымыз керек. Адал еңбек пен үлкен арман үлкен жетісікке жеткізетініне сенемін. Бұл салаға келмей тұрып екі үш саланы бастан өткіздік. Жек баспаханамды аштым. Оңтүстіктің тұрғындары бизнеске саудаға икемді келеді. Ол тәрбиеден және ортадан шығар. Қандай кәсіппен айналыссаңызда жан-жақты білімді болуыңыз керек. Мысалы қол астыңдағы жұмысшыларыңа ақыл айтатындай, мынаны былай жасау керек еді деген секілді сізде білім болу керек. Кәсіпкер өз -өзіне жұмыс істейтін адам. Ең қызығы сол күн бе түн бе ізденісте болу керек. Еуропа не істеп жатыр, Қытай не істеп жатыр дегендей.

Баспаханамен айналысып жүргенде бір нәрсе шығарсақ, өзіміз өндірсек деген ой келді. Алғаш бастаған кезде Түркістан қаласын қамтамасыз етсек болды деген жоспар болған. Кейін Қазақстанды қамтысақ деген ой болды. Қазір енді өнімдеріміз бүкіл Қазақстанға тарайды. Осылайша бір станок екі жұмысшымен басталған бизнесіміз шүкір дамып жатыр. Кәсіпкерге ең алдымен сабыр, еңбек, ізденіс қажет»,- дейді Еркебай Жекебайұлы.

Мекеме жұмысшылардың қауіпсіздігіне, жайлылығына аса қатты мән береді. Жұмыс барысында барлық қауіпсізік ережелері сақталады. Сондай-ақ қызметкерлердің денсаулығы мен көңіл-күйіне де мән беріледі.

«Біз өз саламызда үздік болу үшін торлы өнім өндірісінде үздіксіз дамып, жетілдіріліп отырамыз», — дейді компания директоры Еркебай Жекебайұлы.

Жалпы әлемде құрылыстың қарқынды дамуы құрылыс индустриясының етек жаюына алып келді. Құрылыс саласында жаңа технология¬ларға негізделген небір жаңа материалдар пайда болып, тұрғын үйлер мен ғимарат¬тардың беріктігін нығайтып, сәніне сән қосты. Ең бастысы, бұрын қиындықпен жүргізілетін күрделі құрылыстар жеңілдеп, олардың өзіндік құны да төмендеді. Міне, осындай жағдайларды қазіргі күні Түркістан қаласының көріністерінен анық бай¬қаймыз. Бұл қалада бұрын өңірімізде болмаған небір ғажайып ғимараттар мен сарайлар тұрғызылуда.

Расында Түркістан – күллі түркі әлемі көз тігіп отырған әсем қала. Тарихы терең шаһардың атын бүгінде көне кесене, ескерткіштер ғана емес сонымен қатар инновациялық жобалар, өндіріс орындары да шығаруда. Бір сөзбен айтқанда облыс орталығы тек туристерді күтіп алатын қала емес өндуші аймаққа айналып келеді. Бұған дәлел қаладағы индустриалды аймақтағы қайнап жатқан тіршілік.

Түркістан қаласының бас жоспары бойынша қаланың даму сатылары белгіленген болатын. Бірінші кезең 2020 жылы басталып, 2025 жылы аяқталады деп жоспарланған. Екінші кезеңі – 2035 жылы, үшінші кезеңі – 2050 жылы аяқталады деп күтілуде. Түркістан қаласында 2023-2025 жылдары 169 жаңа жұмыс орнын құрайтын 4 жобаны іске асыру жоспарлануда. Жобалар темірбетон бұйымдары, темір және ағаштан есік жасау, асфальтты бетон өндіруге бағытталуда. Жоба құны 3 миллиард теңгені құрайды. Рухани астананың халықаралық «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» жолының бойында орналасуы, қалыптасқан әуе және темір жол қатынастарының болуы өнеркәсіпті өркендетуге мол мүмкіндік береді. Осы ерекшеліктер ескеріліп, облыс орталығында Арнайы экономикалық аймақ құрылып, инфрақұрылым жүйелері тартылған болатын.

Қазіргі таңда Түркістан индустриалды аймағында 1330 жұмыс орнын құрайтын 27 жоба орналасқан. Жалпы құны – 13,01 миллиард теңге. Оның ішінде жалпы сомасы 8,564 миллиард теңгені құрайтын 19 жоба іске қосу актісін алған.


Басқа жаңалықтар

Back to top button