Новости

Қаржылық сауаттылық – қандай ұғым?

Құралай Сакибаева, экономист:

Бүгінгі нарықтық қоғамда қаржылық және құқықтық сауаттылық әрбір азамат үшін маңызды. Себебі күнделікті ақшалай операциялардан бөлек, несие, депозит, ипотека сынды ірі келісімдер де бар. Оның әрбірі тиімді шешім қабылдай алу мен мұқияттылықты талап етеді. Әрі жалпы экономиканың өзі азаматтардың қаржылай сауаттылығына байланысты. Осы мәселе төңірегінде экономист Құралай Сакибаевамен арнайы тілдескен болатынбыз.

– «Қаржылық сауаттылық» – «финансовая грамотность» деген сөздер қазіргі уақытта трендке айналған. Оны әркім әрқалай түсінеді. Ал шын мәнінде қаржылай сауаттылық дегеніміз не? Оның қандай критерийлері бар?

– Қаржылық сауаттылық ұғымының кеңінен қолданыла бастауы оның маңызы мен мәнінің артуына тікелей байланысты. Шын мәнінде қаржылық сауаттылық дегеніміз – ақшаның еркін айналымын қамтамасыз ете алу, оны жұмсай білу қабілеті. Яғни қаржылық, экономикалық үрдістерді түсініп, талдап және ол машықтарды күнделікті өмірде қолдана алу – қаржылық сауаттылықтың негізі. Былайша айтқанда, қарапайым логика, білім мен дағдылардың жиынтығы. Мәселен, табысы жақсы азаматтар бар, жоғары жалақы алады. Бірақ айдың аяғында қалтасында ештеңе қалмай, қайда кеткенін білмей отырады. Табысы тәуір болса да не жинағы, не активі жоқ. Бұл қаржылық сауаттылықтың болмауынан. Сондықтан табыс табуды, оны арттыруды ғана емес, дұрыс жұмсап, үнемдеп, басқаруды да үйрену маңызды. Ол үшін кіріс шығыстан көп болуын қамтамасыз ету қажет. Яғни адам өзі жарататын ақшадан көбірек табыс тапса, қаржылық мәселелер оңтайлы шешілетін болады. Қатқан қағида ғой, сенде ақша бар немесе жоқ. Ақша жоқ болса оны жарата да, қолдана да алмайсың. Ал бар болса, орнымен жұмсап, артылғанын жинайсың. Негізгі базалық түсініктерді білу, сәттілікті немесе бір ғажайыпты күтпей, қолда бар қаржыны тиімді басқара алу қабілеті әрбір адамға керек. Ал ол үшін ең алдымен қаржылық дисциплина мен жүйелілік қажет. Мысалы, апталық, айлық немесе жылдық есеп жүргізіп, кіріс пен шығысты тіркеп, есептеп жазу жүйелі реттеудің алғышарты. Сол кезде адам белгілі бір уақыт шеңберінде қанша жинай алатынын, қанша үнемдеп, қанша жаратуға болатынын біледі. Әсіресе шынайы қажеттіліктерге кеткен қаржы мен импульсивті сатып алуларға жұмсалған ақшаны сараптап, реттеу жақсы нәтиже береді.

– Сонда «қаржылық сауаттылығы жоғары адам» болу үшін не істеу керек? Осы мақсатта қандай күнделікті әдеттер мен дағдыларды қалыптастыру маңызды?

– Нақты қадамдарды атар болсақ, алғашқы қадамы – дұрыс талдау, отбасылық бюджетті құру. Қарапайым қағазға жазсаң да, ұялы телефонға тіркесең де, әйтеуір жүйелі есеп жасау қажеттігін жаңа да айтып өттім. Келесі, қаржылық мақсат қойып, ұмтылу. Яғни жинақты жоспарлы, мақсатты түрде жүргізудің тиімділігі туралы сөз болып отыр. Мысалы, саяхатқа шығам деп несие алып, жолға шығып кеткеннен гөрі алдын ала жоспарлап, қанша керек, қолда қаншасы бар, бағасы қазір алсам қандай, үш айдан кейін алсам ше, алты айдан кейін ше деп талдау жасау керек. Ойланып, шешім қабылдап, осы соманы жинау үшін қанша уақыт, неше теңгеден қалдырып отыратыныңызды анықтап аласыз. Кез келген ауқымды сатып алулар үшін осы әдісті қолданған жөн. Одан соң, әрине, қауіпсіздік қоры. Рас, барлық күнделікті шығындардан бөлек қор жинау көпшілігімізге қиындау. Соған қарамастан, артық шығындарды қысқартып, алғашқыда 5 пайыз, кейіннен 10, 20 пайыздан қауіпсіздік қорына салып отырыңыз. Жалпы, жинақ жоқ дегенде жалақының алты айлық мөлшерінде болады. Ешкім жазатайымнан, басқа да оқыс оқиғалар мен жоспардан тыс дүниелерден сақтандырылмаған. Денсаулығыңыз жарамай, жұмыстан шығып қалсаңыз, қандай да бір жағдайлар болса алты ай бойы күн көре алатындай қор дайын тұру керек. Мәселен, айлығыңыз 300 мың теңге болса, сіздің қауіпсіздік қорыңыздың мақсатты көлемі 1 миллион 800 мың теңгеге тең. Бұл қаражат қандай жағдай болса да жұмсалмай, қолда тұруы қажет.

– Экономист әріптестеріңіз «біздің басты мәселеміз қаржылық сауаттылықтың төмендігі емес, халықтың кірісінің төмендігі» деген пікір айтады. Сіз не дейсіз?

– Өткен тамыз айындағы есепке сүйенсек, азық-түлік тауарларының жылдық бағасы 12,4 пайызға қымбаттаған. Ал инфляция 13 пайыздан асты. Қазір Қазақстандағы ең төмен жалақы 70 мыңды құраса, жақында ғана келесі жылдан бастап 85 мың теңгеге көтерілетіні хабарланды. Дегенмен мұның өзі өте төмен көрсеткіш. Әрине, әлем бойынша бірде-бір адам ең төменгі жалақыға лайықты, жақсы өмір сүре алмасы анық. Бізде де жағдай солай. Оған қоса табысы ең төменгі жалақыға да жетпейтін отбасылар бар. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, былтыр табысы күнкөріс деңгейінен төмен халықтың үлесі 5,3 пайыз болған. Кедейліктің көбею тенденциясы барын еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі де айтқан еді. Ал сарапшылар елдегі кедейлер саны ресми статистикадағыдан да көп болуы мүмкін екенін хабарлайды. Бір қызығы – бұл көрсеткіштің өсуіне тек қана жұмыссыздар ғана емес, жұмыс істейтін азаматтардың басым бөлігі әсер етеді. Мұндай азаматтардың айлық табысы күнделікті күнкөріске емес, несие мен қарыздарды жабуға кетеді. Ал жалпы жағдайдың ушығуына ең алдымен инфляция себеп. Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша инфляция деңгейі 20,3 пайызға жеткенін білеміз. Бұл – соңғы 15 жылда болмаған құбылыс. Одан кейінгі себеп – жұмыссыздық. Елде еңбекке қабілетті азаматтардың 5 пайызға жуығы, яғни 450 мыңнан астам адам жұмыссыз саналады. Сосын халықтың көп қарыздану мәселесі. Қазақстанда 7 миллионнан астам адамның бір не одан көп несиесі бар. Байқағаныңыздай, сауаттылық деңгейі секілді кіріс деңгейінің де төмен. Бұл жағдайды одан әрі ушықтырады.

– Өзіңіз сөз еткендей, Қазақстан халқының несиесі мен банк алдындағы берешегі туралы сұмдық статистикалар айтылып жүр. Тұтынушылық несие мен кепілді несиеге, микрокредиттік ұйымдар мен ломбардтарға да жиі жүгінеді екенбіз…

– Экономиканың шамадан тыс несиеленуі – қазіргі қоғамдағы ең үлкен мәселелердің бірі. Халық қарапайым тауарларды, жиһаз, электроника, тұрмыстық техниканы да несиеге рәсімдейді. Жинап, жоспарлап алудың орнына қажеттілікті дәл қазір қанағаттандырғысы келіп, несиеге, артық пайызбен алып жатады. Тіпті алда қанша ай бойы төлеу керек екендігін де есепке алмайды. Егер табысыңызды арттыру мақсатында, айналымдағы қаржыны көбейту, кәсіпті кеңейту мақсатында несие рәсімдесеңіз, ол дұрыс та. Қарапайым мысал, мобилограф болсаңыз, сізге соңғы үлгідегі гаджет керек болады. Оны несиеге алып, табысыңызды арттырған жағдайда бұл тиімді несие. Немесе такси жүргізушісі болсаңыз, көлігіңізді жаңартып, үздіксіз, тоқтамай жұмыс істеп, табысыңызды көбейтесіз. Тағы жылжымайтын мүлікке ипотека алу да пайыздық мөлшері жағынан оңтайлы болса – дұрыс шешім. Ал керек, керек емесіне қарамай, той-домалаққа, басқаға несие алу – қате. Бір несиені екіншісімен жабатындар да аз емес. Бейнелі түрде айтсақ, бұл жүк үстіне жүк ілу. Әлбетте, банктер де неше түрлі жарнама жасап, кепілдіктер беріп, халықты қызықтыратынын да жасырмаймыз. Нәтижесінде, банк алдындағы берешегін қайтара алмай жүрген азаматтар көп. Өкінішке қарай, несие еліміздегі әр отбасының мәселесі деп айтуға да болады.

– Несиесі жоқ, кірісі шығысынан артылатын адамдар жинақ жасаудың, инвестициялаудың жолын іздейді. Аз мөлшердегі ақшаны инвестициялаудың ең дұрыс жолы депозит ашу дейді қаржыгерлер. Осы орайда депозитке байланысты қандай кеңестер бересіз? Ол инфляция өсімінен сақтай ала ма?

– Инвестиция – қаржылық сауаттылықтың жоғары деңгейі деуге болады. Бүгінгі таңда банктердің телефондағы қосымшалары арқылы инвестициялық, брокерлік компанияларға жүгінбей-ақ, алғашқы қадам жасап инвестициялауды үйренуге болады. Арнайы мемлекеттің, ұлттық банктің тарапынан өткізіліп жатқан қаржылық сауаттылықты дамытуға арналған сабақтар, қосымшалар да көмектеседі. Соның бәрін қарап, бақылап отыру оң бағыт берері сөзсіз. Ал депозитті инвестицияның түрі ретінде қараудың қажеті жоқ. Себебі, депозит қаржының тек белгілі бір уақыт аралығында инфляция есебінен құнын жоғалтпай тұруына ғана көмектеседі. Өйткені, инфляция деңгейі мен банктер ұсынатын орташа пайыздың деңгейі шамалас. Жоғарыда айтылған қауіпсіздік қорын депозитте сақтауға болады. Ал табыс табу үшін мүмкіндігінше инвестиция жасаған жөн.

– Жиған-тергенін дәулетімді еселеймін деп түрлі қаржылық пирамидаларға, желідегі алаяқтарға салып, опық жеген отандастарымыз көп. Алданбау үшін қандай сақтық шараларын ескеру керек?

– Иә, жарнамаларға, достарына, туыстарына сеніп батпан құйрыққа аладанатындар, өкінішке орай, көп. Елімізде соңғы жылдары 30 мыңнан астам адам 54 миллиард теңге көлемінде қаржы пирамидаларының құрбаны болған. Әрине, бұл қоғамдағы қаржылық сауаттылық деңгейінің төмен екенін дәлелдей түседі. Ал қаржылық пирамидалар мен желілік маркетингке алданбау үшін олардың белгілерін жаттап, жоламау керек. Ең біріншіден, қаржы нарығын реттеу және қадағалау агенттігі жасаған қаржылық пирамидалардың ресми тізімі бар. Бұл тізімге 252 компания кіреді. Осы тізімді қарап, тексеру қажет. Екіншіден, инвестициялық компания ретінде ұлттық банкте лицензиясы бар ма, жоқ па тексеріңіз. Оған қоса, ЖСН, БСН нөмірлері арқылы қарауға да болады. Үшіншіден, тым жоғары пайыз бен кіріс уәде етсе, қашыңыз. Өйткені, кіріс пен тәуекел әрдайым тура пропорционалды. Яғни, көбірек пайыз береміз десе, тәуекел де көбірек. Өзіңіз ойланып қараңызшы, ең тиімді инвестициялық келісімдердің өзінде 50 пайыздық, 80 пайыздық табыстылық деген болмайды. Мұндай оңай табысқа сену – ақымақтық. Төртіншіден, артыңыздан адам тартуды сұраса, «артыңнан екі-үш адам кіргізсең табысыңды көбейтемін» десе, күмәнді келісім болатынына ықтималдылық жоғары.
Бұл сақтану жолдары. Одан бөлек пирамидалар мен желілік маркетингтің түр-түрін ажыратып білген дұрыс. Мәселен, көп деңгейлі пирамида дегеніміз өзіңнен кейін адам тарту арқылы сол келуішінің салымын өзіңе алу. Яғни, әр келуші өзінен кейін бірнеше салымшы шақыруға міндеттеледі. Бұл схема ұйымдастырушылар мен бастапқы салымшыларға ғана кіріс әкелуі мүмкін. Ал соңындағы адамдар үшін келешегі жоқ келісім ғана. Тиімді болмақ түгілі, салған бастапқы сомаңыздан да айрылып қалу қаупі өте жоғары. Ал егер өзіңнен соң екі, үш деңгейде адам тарту талап етілсе, ол – матрицалық пирамида. Және Понци схемасы деген бар. Бұл нұсқаның ерекшелігі артыңнан адам тартуды міндеттемейді. Пирамидаға қосылғандар кірісті осы схеманы ұйымдастырушының өз қаражаты есебінен алады да, шынайы табыс екеніне сене бастайды. Осылайша, оңай байығандарды көріп басқа адамдар өзінен-өзі тартылады. Тағы бүркемеленген пирамида деген де бар. Мұндай пирамидалар көп деңгейлі маркетинг есебінен өздерін жасырып жұмыс істейді. Яғни, бір өнімді немесе қызметті сату арқылы күдікті азайтуға тырысады. Пайыздық есепте табыс алатын олардың да жұмысы түптеп келгенде – қаржылық пирамида. Соңғысы криптовалюталық схемалар бойынша жүретін пирамидалар. Бұл жүйе бойынша инвестициядан жоғары кіріс табуға уәде беріп, криптовалюталарға ақша салуды сұрайды. Алайда, толық білмей жатып белгісіз криптовалютаға сене беруге болмайды.

– Біздің елде алданған азаматтарды қорғайтын заң жобалары бар ма? Мемлекет тарапынан қандай шаралар атқарылып жатыр?

– 2014 жылдың 17 қаңтарында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қаржылық пирамидалардың қызметіне қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң қабылданды. Бұл заңға 2017, 2018, 2022 жылдары да өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Ал қазіргі таңда елімізде қаржы пирамидасын құру және жарнамалау толық шектелген. Қылмыстық кодекстің 217-бабы қаржылық (инвестициялық) пирамиданы құру және оған басшылық ету бойынша үш жылдан он жылға дейін бас бостандығынан айырады. Ал оны жарнамалау бұрындары әкімшілік құқықбұзушылықтар ретінде қаралып, кінәлілерге айыппұл ғана салынатын еді. Одан соң қаржылық пирамиданы жарнамалауға қатысты жаңа заң жобасы қаралып, мақұлданды да, енді ол да қылмыстық кодекспен қаралады. Өткенде ғана екі блогердің бірнеше жылға абақтыға жабылғаны туралы жаңалықты естідік. Mudarabah Capital қаржы пирамидасы бойынша айыпталушыларға, соның ішінде жарнама жасаған блогерлерге қатаң шара қолданылды емес пе? Блогер Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязов 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал ұйымдастырушылардың ең азы 8 жылға, ең көбі 14 жылға темір торға жабылды. Дәл осылай адамдарды жеке және тікелей, оның ішінде электрондық ақпараттық ресурстар арқылы таратқаны үшін қылмыстық жауаптылықты енгізу әлеуметтік шиеленістерді төмендетеді. Алайда жазаны күшейтуден бөлек, құқықтық, қаржылық сауаттылықты да арттыру керек екені сөзсіз.

– Халықтың қаржылық сауаттылық деңгейін арттыру үшін мемлекет тарапынан қандай шаралар атқарылып жатыр?

– ЭЫДҰ мен Дүниежүзілік банктен бөлек, қаржылық сауаттылық деңгейін Standard & Poor’s рейтингтік агенттігі төрт базалық қаржылық тұжырымдама бойынша бағалайды: қаржылық математиканы, проценттің күрделі мөлшерлемесін, инфляцияның әсерін және тәуекелдерді әртараптандыруды түсіну. Аталған ұйымның бағалауынша, 2020 жылы әлемдегі қаржылық сауаттылықтың орташа деңгейі 33 пайызды құраған. Ал Қазақстанда көрсетілетін қаржылық қызметтерді пайдалана білу және қаржы жүйесі туралы жалпы хабардар болу көрсеткіштері төмен деңгейде екені анықталған. Бұл мәселені шешу үшін ҚР қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі үкіметтің 2020 жылғы 30 мамырдағы қаулысымен бекітілген «Қаржылық сауаттылықты арттырудың 2020-2024 жылдарға арналған тұжырымдамасының» шеңберінде жұмыс істеп жатыр. Тұжырымдама негізгі төрт бөлімнен тұрады: «Ағымдағы ахуалды талдау және үрдістер», «Мақсаттар, міндеттер, және негізгі қағидаттар», «Басым бағыттар, тақырыптар және нысаналы топтар», «Күтілетін нәтижелер және тұжырымдаманы іске асыру кезеңдері». Осының негізінде іске асырылған нәтижелі жобалардың бірі – FinGramota.kz сайты. Сайт қаржылық сауаттылық деңгейі мен қаржылық мүмкіндіктері әртүрлі аудиторияға, барлық әлеуметтік топтарға арналған. Ол Facebook, Instagram, Telegram, YouTube, Aitube, TikTok сынды танымал әлеуметтік желілерде де ақпарат таратуда. Сайттан бөлек, Fingramota Online мобильдік қосымшасы да бар. Ол тұтынушылардың құқықтарын, мүдделерін қорғаумен және қаржы реттеушілерінің халықпен, бизнеспен өзара байланысын қамтамасыз етумен айналысады. Қосымшаны App Store, Play Market-тен жүктеп алуға болады. Мұндай цифрлық ресурстардан бөлек, несие алудағы, инвестициялық сауаттылық, онлайн-алаяқтық пен қаржы пирамидаларынан сақтану тақырыптарында тренингтер, дәрістер, вебинарлар, басқа да оқыту шаралары тұрақты өткізілуде. Дәл осы әдіс өңірлерде белсенді жүргізіліп жатыр. Оған қоса, медиа ортамен байланысқа да көп көңіл бөлінуде. Қаржылық сауаттылықтың негізгі аспектілерін ашу мақсатында журналистер мен БАҚ өкілдері үшін семинарлар, брифингтер және дөңгелек үстелдер жиі ұйымдастырылып жатыр. Әлбетте, мектеп бағдарламасына енгізіліп жатқан пәндерді де атап өткен дұрыс. Тұжырымдама шеңберінде жүргізілетін іс-шаралардың тиімділігін бағалау үшін жыл сайын әлеуметтанушылар зерттеулер жүргізіп, соның негізінде мониторинг жасайды. Осы есепке сүйенсек, Қазақстанда соңғы үш жылда қаржылық сауаттылық деңгейі 39 пайыздан 40,2 пайызға дейін өскен. Яғни, нәтижелер көрініп жатыр.

– Мектеп бағдарламасы туралы айтып қалдыңыз. Оқушыларға қаржы, экономика мәселелерін оқыту ауыр болмай ма? Бұл қаншалықты тиімді әдіс?

– Балаларды кішкентай күнінен қаржылық сауаттылыққа тәрбиелеу керек. Мына қызықты қараңыз, кішкентай балалар 4 жастан бастап дүкеннен өздері қалаған затты алуға ұмтылады екен. Яғни ата-ана баланы қаржылық сауаттылыққа осы кезеңнен бастап үйрете алады. Ол үшін әртүрлі әдістерді қолданамыз. Ең алдымен үнемдеу, орнымен жұмсау, қажеттіге ғана жарату сынды қарапайым дағдыларды басшылыққа алып, балаға сіңіруге әбден болады. Мысалы, бала жазда жұмыс істеп, азын-аулақ ақша тапса, ата-анасы жинауды, бір мақсатқа жұмсауды көрсетіп, түсіндіреді. Үйдегі тәрбиеден бөлек, қазіргі таңда қаржылық сауаттылық мектеп бағдарламасына да кіргізіліп жатыр. Мұндай бастама көп уақыттан бері айтылып келді, ұзақ талқыланды. Өйткені жеткіншектердің қаржылық сауатының қалыптасуы мектептен басталатыны анық. Бұл бір қырынан қарасақ кезек күттірмейтін қажеттілік. Себебі адам қарызға батып, несиесін төлей алмай, банкроттық жағдайға жеткен кезде оған қаржыны сауатты пайдалануды үйретуге өте кеш болады.
Жаһанданған әлемдегі қаржы нарығы мен қаржылық қызметтердің тез дамуы қаржылық құралдардың түрленіп, жаңаша форматтарға өтуіне, көбеюіне және олармен жұмыс жасау әдістерінің күрделенуіне әкеліп отыр. Бұрын тек қолма-қол ақша болатын. Одан соң банктер бар еді. Ал қазір тіпті банкке бармай-ақ онлайн аударымдар мен төлемдер жасауға, басқа да қаржылық операцияларды орындауға жағдай жасалған. Сәйкесінше, банк терминалдары, пластикалық карталар, операторлық орталықтар, онлайн қаржылық қызмет түрлері мен онлайн кеңесшілер пайда болды. Осыған сай кез келген адам банктік шотты, депозитті онлайн ашып немесе несие алып, цифрлы форматта рәсімдеулер жүргізе алады. Ал мұның бәрі үшін белгілі бір деңгейдегі қаржылық білім талап етіледі. Аталған мүмкіндіктерді пайдалану үшін обердрафт, эквайринг, сақтандыру полисі, әртүрлі амалға алынатын комиссия, кешбек, бонустар, несие пайыздары және оның түрлері, несиелік лимит, несиелік рейтинг, карта көмегімен қарызды жабу, автотөлемдер, ағымдағы және жинақ шоттары, несие тарихы, кредиттік балл секілді экономикалық-қаржылық ұғымдардан хабардар болу қажет. Осының бәрін үйретіп, қадағалайтын ең тиімді институт мектеп. Мектепте арнайы пән негізінде экономикалық және қаржылық мазмұндағы базалық білімді беріп, ақпаратты жан-жақты түсіндіріп, жаттығулар, жағдаяттық тапсырмалар, әртүрлі есептер жүйесін орындату арқылы сауатты ұрпақ тәрбиелей аламыз. Және қаржылық мәдениетке қатысты эссе жазу, креативті, жаңашыл жобалар жасау, қорғау, шығармашылық жұмыстар жүргізу оқушының ізденісін арттырады. Ізденіс нәтижесінде жай ғана жаттау емес, түйсіну, салыстыру, талдай алу қабілеттері қалыптасады. Осылайша, біз азаматтардың қаржылық сауаттылығын жүйелі түрде көтере аламыз. Өткен 2022-2023 оқу жылынан бастап мектеп бағдарламасына «Жаһандық құзыреттілік» факультативтік пәні енгізілді. Ондағы 36 сағаттың үштен бірге жуығы немесе толыққанды бір модулі қаржылық сауаттылыққа арналған. Болашақта бөлек пән ретінде оқытылса нәтиже көбірек болмақ.

Баян Мұратбекқызы

Басқа жаңалықтар

Back to top button