Түркістан қаласының тұрғындарын сақ болуға шақырамыз: Fingramota.kz оқыту сайты ескертеді!
Фишинг, дипфейктер және QR-код: интернет-алаяқтар арасында қандай схемалар кең тараған
Онлайн-алаяқтар күн сайын алдау әдістерін жетілдіріп жатыр, егер бұрын, цифрландыруға дейінгі кезеңде, олардың әдістері қарапайым болса, қазір олар соңғы технологияларды – нейрондық желілерді, виртуалды нөмірлерді, танымал банктердің сайттары мен қызметтерінің имитациясын қолдануда. Жаңа технология пайда болғаннан кейін көп ұзамай қаскүнемдер оны өз мақсатында пайдаланатыны сөзсіз.
Киберқылмысқа қарсы күрес орталығының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі Ерлан Асанов Fingramota.kz-ке алаяқтық шабуылдардан қалай қорғануға болатынын айтып берді.
Ішкі істер министрлігінің деректеріне сәйкес, 2024 жылдың тоғыз айында Қазақстанда интернет-алаяқтықтың 15,9 мыңнан астам оқиғасы тіркелген, бұл барлық алаяқтық түрлерінің (33 832) шамамен 47%-ын құрайды. Жалпы шығын шамамен 26 миллиард теңгені құрады. Қаскүнемдерден зардап шеккендердің қатарында болмас үшін, сергектікті жоғалтпау және алаяқтықты тани білу маңызды.
Алаяқтар қандай әдістерді қолданады?
Интернет-алаяқтықтың ең кең тараған түрі фишинг деп аталады. Жыл сайын фишинг әдістері одан әрі жетілдіріліп келеді, бірақ оның басты мақсаты өзгеріссіз қалады – азаматтардың жеке және банк деректерін алу.
«Фишерлер белгілі бір компанияның сайтын жасап, оның атынан хабарламалар, сілтемелер жіберіп, қандай да бір жобаға қаржы салуды немесе мұқтаж жандарға көмек көрсетуді сұрай алады. Азаматтар осыған сеніп, өздерінің жеке деректерін, оның ішінде банк картасы және шот туралы ақпараттарын береді.
Телефонияның дамуымен вишинг пайда болды, мұнда алаяқтар телефон арқылы байланысқа шығады. Схемалардың бірі – SIP-телефонияны қолдану, ол компаниялар немесе қарапайым азаматтардың нөмірлерін қайталауға және солардың атынан құпия төлем ақпаратын беруді сұрауға мүмкіндік береді», – деп түсіндірді Ерлан Асанов.
Кейде қаскүнемдер банк қызметкері ретінде көрініп, несие рәсімдеуді немесе банктік шотқа шабуыл жасалып жатқанын айтады. Олар қашықтан қол жеткізу бағдарламаларын пайдалана отырып, азаматтарды оларды телефонына орнатуға итермелейді, бұл күдіктіні анықтау үшін қажет деп сендіреді. Аталған нұсқауларды орындағаннан кейін азаматтар автоматты түрде алаяқтарға қол жеткізуге мүмкіндік береді, олар телефонды бақылауға алып, жәбірленушінің атынан әрекет етеді.
Соңғы уақытта алаяқтар салық және коммуналдық қызметтердің, ювеналды полицияның, курьерлік жеткізу қызметінің, дүкендердің қызметкері ретінде де көрінеді.
Банктік жүйе дами бастаған кезде QR-код арқылы төлем жасауға арналған қосымшалар пайда болды, алаяқтар бұл технологияны тез игерді. Мысалы, маркетплейстерде қаскүнемдер сатушыларды да, сатып алушыларды да алдайды. Кейбір жеке кәсіпкерлер өз аккаунттарына немқұрайлы қарайды, оларды адал емес адамдарға береді. Нәтижесінде олар тауарсыз және сатып алушылар алданып қалады, олар тауарды төлегенімен, қолына алмаған. Кейде алаяқтыққа назар аудармаған сатушыны сотқа беріп жатады және ол өзінің кінәсіздігін дәлелдеу қиынға соғады, себебі операциялар оның аккаунты арқылы жүргізілген.
Тағы бір «сұр» схема – алаяқтардың сәлемдемені төлеу туралы өтінішпен хаттары. Адам ештеңе тапсырыс бермегенін айтады, және одан бас тартуды автоматты түрде рәсімдеу үшін QR-кодты сканерлеуді сұрайды. Сканерлеуді өткізгеннен кейін жәбірленуші автоматты түрде қаскүнемдерге деректерін береді, олар әрі қарай қалағанын істей алады.
Дипфейк деп аталатын жаңа технологияны қылмыскерлер ақша немесе банктік деректерді алдау мақсатында пайдалануда. Олар белгілі тұлғалардың немесе шынайы өмірде жоқ адамдардың бейнелерін жасайды. Әдетте, дипфейк фишингтік сайтқа сілтемемен бірге жүреді, оны алаяқтар жеке деректерді ұрлау үшін алдын ала жасайды.
Мессенджерлер де интернет-алаяқтар арасында танымал, әсіресе WhatsApp. Мессенджердегі аккаунт – адамның телефонына кірудің ең оңай жолы. Бұл үшін алаяқтар кездейсоқ құрбанның нөміріне қауіпсіздікті жақсарту үшін авторизация кодымен SMS жіберіп, осы кодты айтуды сұрайды. Адам мұны жасаса, алаяқтар оның аккаунтына автоматты түрде қосылады және барлық контактілерден қарызға ақша сұрайды немесе құпия ақпаратты алдап алады.
Интернет-алаяқтардың құрбаны болмау үшін не істеу керек?
Алаяқтықтан ешкім сақтандырылмаған. Сондықтан, егер сіз алаяқтардың құрбаны болғаныңызды түсінсеңіз, ең алдымен, шоттар мен карталарды бұғаттау үшін банкке хабарласыңыз. Тек содан кейін полицияға шағым беріңіз. Кез келген қаржылық операцияларды мүмкіндігінше тезірек тоқтату маңызды, бұл шығынды азайтуға мүмкіндік береді. Енді қауіпсіздік бойынша негізгі ережелерді қарастырайық.
«Ең алдымен, ешқашан жеке деректеріңізді, соның ішінде банк реквизиттерін интернет немесе телефон арқылы бермеңіз. Тіпті сізге таныс нөмірден қоңырау шалса да, басқа жақта кімнің шын мәнінде отырғанын әрдайым тексеріңіз. Банк және басқа қаржы ұйымдарының қызметкерлері, сондай-ақ салық органдары, ҰҚК сізден SMS-тен кодтарды немесе басқа құпия деректерді сұрамайды және сізден күмәнді мобильді қосымшаны жүктеуді өтінбейді.
Сондай-ақ телефонға екі факторлы аутентификация бағдарламаларын орнату және мессенджерлерде, әсіресе WhatsApp-та қосылған құрылғыларды үнемі тексеріп тұру ұсынылады», – деп атап өтті Ерлан Асанов.
Ол күмәнді хабарламалардан немесе хаттардан сілтемелерге ешқашан өтпеу керек екенін еске салды, тіпті олар ресми көрінсе де. Алаяқтар жиі ірі компаниялардың сайттары мен қосымшаларын қолдан жасайды. Егер күмәндансаңыз, әрдайым ұйымның ресми сайтында көрсетілген нөмір бойынша өзіңіз қоңырау шалыңыз.
Тағы бір маңызды ереже – жеке деректеріңізге мұқият қарау. Құжаттарыңыздың немесе банктік карталарыңыздың фотосуреттерін мессенджерлер арқылы ешқашан жібермеңіз. Туыстар мен жақын достар арасында да деректердің таралу қаупі болуы мүмкін.
Ақпарат көздерін тексеріңіз, әсіресе ол қаржылық операцияларыңызға қатысты болса. Егер сізден құпия деректерді беру сұралса, әңгімені тоқтатып, ақшамен байланысты бейтаныс адамдарға сенбеңіз. Антивирустық бағдарламаларды ұмытпаңыз. Осы шаралардың барлығы қарапайым, бірақ деректеріңізді қорғауда өте тиімді.
Неге бейтаныс адамдарға «барлық картаны ашуға» болмайды?
Жаңалықтардан «алаяқтар қазақстандықтардың дербес деректерін қолға түсірді» дегенді жиі естіп, көріп жатамыз, алайда «дербес деректер» дегеннің нақты не екенін екінің бірі біле бермейді.
Fingramota.kz осы жайлы толығырақ айтып береді және сізді және сіздің ақшаңызды алаяқтардан қорғау үшін пайдалы кеңестер ұсынады.
Дербес деректер — бұл адамның жеке басын сәйкестендіретін ақпарат және олар түрлі тасымалдағыштарда, мысалы, қағазда немесе электрондық тасымалдағыштарда тіркелген. Дербес деректерге біздің «сауалнамалық» деректеріміз жатады: тегі, аты, әкесінің аты (бар болса), туған күні мен жері, тұрғылықты жері мен тіркеу мекенжайлары, телефон нөмірлері, ЖСН, сондай-ақ төлқұжаттағы, жеке куәліктегі, жүргізуші куәлігіндегі ақпараттар. Одан бөлек — банк деректемелері мен карта деректері, оның ішінде картаның нөмірі, қолданыс мерзімі, сыртқы жағындағы код, сақтандыру полисінің, зейнетақы шартының деректері және тағы басқалары жатады. Қысқаша айтқанда, бізді анықтап, сипаттайтын және бізге тікелей немесе жанама түрде байланысы бар кез келген мәліметтер – бұл біздің дербес деректеріміз. Мұндай деректерді мемлекеттік ұйымдар, мысалы, ауруханалар, полиция, салық қызметі және т.б., сондай-ақ жеке ұйымдар – банктер, микроқаржы ұйымдары, туристік агенттіктер, қонақ үйлер және өзге компаниялар мен адамдар жинауы мүмкін.
Алайда, мұнда ескеретін маңызды жәйт: дербес деректердің кейбірі жалпыға қолжетімді болуы мүмкін, яғни олар интернетте, баспасөзде, қағаз анықтамалықтарда және т.б. ашық түрде болады. Ал кейбір деректерге қол жеткізу шектеулі болады, заңға сәйкес мұндай дербес деректерге конфиденциалдылық талаптары қойылады. Оларды алу үшін адамның келісімі қажет. Конфиденциалды ақпарат — бұл құпия сипаттағы мәліметтер, оларды қорғап, бөгде адамдарға айтуға болмайды. Алаяқтардың «арманына» айналған қол жеткізу шектеулі деректерге картаның, банк шотының деректемелері, қаржы мобильдік қосымшаларға арналған пин-кодтар мен құпиясөздер, қаржы операцияларын растау үшін SMS немесе push-хабарламалармен келетін кодтар.
Дербес деректердің маңыздылығын ескере отырып, оларды қорғау сіздің басты міндетіңіз болып табылатыны таңқалатын нәрсе емес. Егер оған немқұрайды қарайтын болсаңыз, онда сіз күн сайын жетілдіріліп отыратын әр түрлі алаяқтық схемалардың құрбаны боласыз. Гүл шоқтарын, сәлемдемелерді жеткіземіз деген желеумен, сондай-ақ өздерін қаржы ұйымдарының, Ұлттық Банктің, БЖЗҚ-ның, ҰҚК-нің, ХҚКО қызметкерлері, салық қызметкерлері, коммуналдық қызмет қызметкерлері және т.б. ретінде таныстыра отырып, алаяқтар азаматтармен байланысып, өз нөмірлерін, тіпті «1414» қысқа нөмірін де қолдан жасап, жалған құжаттарды ұсына отырып, әлеуетті құрбандардың құпия дербес деректерін біліп алуға тырысады.
Алаяқтар адамдардың дербес деректерін қалай пайдаланады
Біріншіден, шабуылдаушылар ұрланған дербес деректерді сіздің атыңыздан банктік қарыздарды, микрокредиттерді рәсімдеу үшін пайдалана алады.
Екіншіден, алаяқтар дроп карталарға ақша аудару, онлайн сатып алу немесе шоттардан қолма-қол ақша алу жолын табу арқылы банк шоттарына қол жеткізе алады.
Үшіншіден, қылмыскерлер зиянды бағдарламалар немесе фишингтік сілтемелер арқылы құрылғыларды бұзып, пайдаланушы туралы барлық ақпаратты қолды етеді, мысалы, танымал мессенджерлер немесе электрондық пошта арқылы сіздің атыңыздан жақын адамдарға спам жіберуі мүмкін.
Төртіншіден, ұрланған дербес деректерді әлеуметтік желілерде жалған профильдер жасау үшін де пайдаланады. Алаяқтар сіздің атыңыздан достарыңыз бен жақындарыңыздан ақша алуға тырысады.
Бесіншіден, алаяқтар сіздің дербес деректеріңіз сіз үшін аса құнды болып табылатынын және олардың көпшілікке жария етілуін қаламайтыныңызды білсе, бопсалау мен қоқан-лоққы көрсету тәсілін қолдануға тырысады. Қаскүнемдер сізден ақша талап етеді, тіпті сіз оларға қажетті соманы берсеңіз немесе олардың басқа нұсқауларын орындасаңыз да, олар мұнымен тоқтап қалмайды және ақшаны қайта-қайта төлеуді талап етеді.
Дербес деректерді қалай қорғауға болады
Бірінші және ең басты ереже – қол жеткізуі шектеулі дербес деректерді телефон немесе мессенджерлер арқылы бермеңіз, әсіресе, әлеуметтік желілерде жарияламаңыз. Төлқұжатыңыздың деректерін, картаңыздың толық деректемелерін немесе SMS-пен келген кодтарды бейтаныс адамдарға айтпаңыз. Тағы да естеріңізге саламыз: банктер мен басқа да қаржы ұйымдарының, құқық қорғау органдарының қызметкерлері және басқа да адал компаниялар мұндай ақпаратты бірінші болып сұрамайды және ақшаны «қауіпсіз» шотқа аударуды талап етпейді немесе құрылғыға кіруге мүмкіндік беретін мобильдік қосымшаны шұғыл жүктеп алуды сұрамайды.
Егер сіз жөнелтілімдерге, гүл шоқтарына тапсырыс бермесеңіз, сыйлықтар ұтысына қатыспасаңыз, тауарды алу үшін SMS-пен келген кодты сұрайтын жалған курьерлерге сенбеңіз. Егер сіздің картаңызға белгісіз адамдардан ақша түскен болса, оны шешіп, пайдалануға асықпаңыз. Мұндай қателік сізге қымбатқа түсуі мүмкін, банкке өтінішпен жүгінген жөн.
Қаржы институттарының қосымшаларындағы, eGov платформасындағы, маркетплейстердегі және әлеуметтік желілердегі аккаунттарыңызды қорғаңыз. Әрбір сервиске бірегей, күрделі құпиясөз орнатып, оларды үнемі өзгертіп отырыңыз. Сондай-ақ, екі факторлы аутентификаттауды қосыңыз – бұл аккаунттарыңызға кіру кезінде қосымша қорғау деңгейін қамтамасыз етеді.
Дербес деректерді шифрланбаған күйде, әсіресе мессенджерлерде сақтамаңыз.
Бейтаныс адамдардан келген сілтемелер мен файлдарды ашпаңыз. Тіпті жақындарыңыздан келген хаттарды да антивирус арқылы тексеріңіз – мүмкін олардың құрылғылары бұзылған шығар. Алаяқтар жиі фишингті пайдаланып, жалған сайттар немесе зиянды бағдарламалар арқылы дербес деректерді ұрлайды, олар осындай хаттар немесе SMS-хабарлар, сондай-ақ куар-кодтар арқылы таралады. Вирусқа қарсы бағдарламаларды үнемі жаңартып тұруды ұмытпаңыз.
Сайттарда немесе қосымшаларда тіркелу кезінде дербес деректерді пайдалану талаптарын мұқият оқыңыз, олар сіз туралы ақпаратты қай жерде және қалай қолданатынын түсініңіз. Кейбір шетелдік фастфуд мейрамханаларының қосымшалары тапсырыс беру кезінде экранды жазып алған жағдайлар анықталған. Қосымшаларды орнатпас бұрын пікірлерді мұқият оқып, оларды тек ресми дүкендерден жүктеп алыңыз.
Сіздің атыңыздан жалған қарыз алынбағанын тексеру үшін кредиттік бюролардан: Мемлекеттік кредиттік бюро немесе Бірінші кредиттік бюро немесе «электрондық үкімет» порталынан өзіңіздің кредиттік есебіңізді үнемі тексеріп отырыңыз.
Алаяқтар сіздің төлем деректеріңізді қолға түсірсе, не істеу керек
Алаяқтар жеке деректерді алған жағдайда, мына қадамдарды орындаңыз:
1. Дереу банкке хабарласып, картаны немесе шотты бұғаттаңыз;
2. Полицияға өтініш жазыңыз, әсіресе егер сіздің деректеріңіз кредиттерді немесе басқа қаржылық операцияларды ресімдеу үшін пайдаланылса;
3. Банк қосымшаларыңыздағы, мемлекеттік қызметтердегі есептік жазбаңызды және басқа да аккаунттарыңызды тексеріңіз, олар бұзылмағанына көз жеткізіңіз. Қауіпсіздік үшін барлық құпиясөздерді өзгертіп, екі факторлы аутентификацияны қосыңыз;
4. Егер сіздің деректеріңіз маркетплейстен немесе банктен тарап кеткеніне сенімді болсаңыз, олардың қолдау қызметіне хабарласып, деректерді қорғау үшін қандай шаралар қолданылып жатқанын сұраңыз. Полицияға өтініш бергенде деректердің тараған көзі туралы хабарлауды ұмытпаңыз.
Балалардың цифрлық қауіпсіздігі: киберқылмыскерлерден оларды қалай қорғауға болады
Ғаламтор желісіндегі балалар — алаяқтар үшін қолайлы және оңай нысана. Жаһандық желінің ұсынатын анонимділігіне байланысты қаскөйлердің әрекеттері оффлайнға қарағанда аз байқалады, ал алдап кету тәсілдері, әсіресе мектеп жасына дейінгі немесе бастауыш мектеп жасындағы балаларды қызықтыратын амалдары көп.
«Касперский зертханасының» зерттеулеріне сәйкес, қазақстандық ата-аналардың 21%-ы балаларына төрт жасқа толмай тұрып құрылғылар сатып алады. Ата-аналардың 32%-ы балаларына алғаш рет төрт жастан алты жасқа дейінгі құрылғыларды береді. Сонымен қатар, балалардың жартысынан көбі (56%) ғаламторда күніне бірден төрт сағатқа дейін уақыт өткізеді, ал 23%-ы бос уақытының көп бөлігін ғаламторда өткізеді. Бұл статистика Қазақстандағы балалардың балабақша жасынан бастап ғаламтор пен әртүрлі құрылғыларды белсенді пайдаланатынын көрсетеді.
Алайда балалар мен жасөспірімдер алаяқтар үшін өте осал санат болып табылады, сондықтан киберқылмыскерлер фишинг арқылы олардың құпия ақпаратын жиі тартып алады. Өкінішке орай, ата-аналар көбінесе ғаламтордағы пайдалану мәселесінде екі қарама-қарсы ұстанымды ұстанады: олар балаларға мүлде ғаламторда уақыт өткізуге тыйым салады (бұл наразылық туғызады, және тыйымдарды еңсеріп, балалар онлайн қақпанға түсіп қалуы мүмкін), немесе оларға рұқсат береді, бірақ негізгі қауіпсіздік ережелерін, яғни цифрлық гигиена ережелерін түсіндірмейді.
Балалардың интернетке қолжетімділігін бақылаңыз
Ата-аналар балаларының ғаламторы қауіпсіз болуын қаласа, бірінші қадам – ғаламторға қолжетімділікті бақылау, және мұнда екі жол бар. Біріншісі – баланың ғаламторға қанша уақыт өткізетінін бақылауға мүмкіндік беретін ата-ана бақылау бағдарламалары. Мұндай бағдарламалар баланың ғаламтормен қарым-қатынасын толығымен басқарып, ол ғаламторға қанша уақыт өткізе алатынын нақты анықтайды.
Сондай-ақ, ата-аналар бұл бағдарламалардың көмегімен сайттар мен қосымшалардың тізімін басқара алады, оларды ашу немесе кіруді бұғаттау мүмкіндігі бар. Баланың тыйымды айналып өту әрекеті тек бірден тоқтатылып қана қоймайды, сонымен қатар ата-аналарға арналған арнайы журналға жазылады. Сонымен қатар, жетілдірілген бағдарламалар одан әрі кетіп, әлеуметтік желілерде күдікті және бейтаныс аккаунттармен хат алмасуды шектеуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, олар жеке хабарламалардағы негізгі «қауіпті» сөздер мен тіркестерді бұғаттауды орната алады.
Екінші қадам – жоғары сапалы антивирустық бағдарламалық қамтамасыз ету, ол стандартты вирустармен қатар, алаяқтық сайттар арқылы құрылғыға енген шпиондық бағдарламалармен күресуге көмектеседі. Сондықтан құрылғыны вирустарға автоматты түрде тексеруді үнемі жүргізу қажет.
Балаға интернеттегі қауіпсіздік туралы не айту керек
Балаларға түсіндіру қажет негізгі ережелер: ешқашан бейтаныс адамдармен сөйлеспеу, өзіңіз немесе ата-анаңыз туралы құпия ақпаратты жарияламау. Себебі интернет ойындары мен әлеуметтік желілерде балалар бейтаныс адамдармен үнемі байланыста болады. Алайда пікірлерде, ойын чаттарында және мессенджерлерде киберқылмыскерлер де «мекендеуі» мүмкін. Олар балалардың сеніміне кіріп, олардың жеке ақпаратын алдап алады.
Сондықтан балаға ғаламтордағы адамдар өзін басқа адам ретінде көрсете алатынын түсіндіру керек. Мысалы, егер профиль суретінде балақай көрінсе, шын мәнінде ол ересек адамның әрекеті болуы мүмкін. Ата-аналар балаларына мынаны жеткізуі тиіс: виртуалды достары қаншалықты жағымды болып көрінсе де және олармен қаншалықты жақсы қарым-қатынаста болса да, ешбір жағдайда өздерінің нақты орналасқан жері, ата-аналарының жұмыс кестесі, сондай-ақ логиндер мен парольдер сияқты ақпараттарды оларға айтуға болмайды. Ата-ана бақылау бағдарламалары баланың осындай маңызды мәліметтерді жіберуден қорғай алатынын түсіндіру артық болмас. Сонымен қатар, тексерілген платформаларда ғана ойнаудың және күмәнді сайттардан аулақ болудың маңыздылығын айту қажет.
Тағы бір маңызды ақпарат — кейбір жүктеулер, сілтемелер және сайттар құрылғыларға зиян келтіруі мүмкін, бұл құрылғының жұмысын тоқтатады. Балалар көбінесе тегін ойындар, фильмдер, музыка немесе бағдарламалар іздейді, және бұл туралы киберқылмыскерлер өте жақсы біледі. Бұдан бөлек, зиянды сайттар немесе қосымшалар арқылы қаскөйлер баланың құрылғысына тыңшылық бағдарламаларды орнатып, олардың әңгімелерін тыңдап, құпия ақпаратты қадағалай алады. Алаяқтар балалардың электронды хаттардағы сілтемелер мен қосымшаларға үлкендерге қарағанда күдіктенбей қарайтынын біледі. Мұнда сапалы антивирустық бағдарламалық қамтамасыз ету көмектесе алады, бірақ одан да маңыздысы — балаға күмәнді сілтемелерге өту немесе қауіпті сайттарға кіру бүкіл үй желісінің қауіпсіздігіне қатер төндіретінін үнемі түсіндіріп отыру қажет.
Желіде қауіпсіздіктің тағы бір ережесі – ешбір ақпаратты ғаламтордан толықтай жою мүмкін емес, тіпті ол көпшілікке қолжетімді болмаса да. Бұл әрбір балаға білуге тиіс нәрсе. Ғаламторға бір рет шыққан ақпарат мәңгі сақталады. Өкінішке орай, адамдар өздерінің жеке мәліметтері ұзақ уақыт сақталатынын ойламайды. Мысалы, егер бала біреуге электрондық пошта немесе мессенджер арқылы ата-анасының банк картасының скриншотын, суретін немесе толық деректемелері бар хабарламасын жіберсе, алушы оны өз құрылғысында сақтап алып, өз мүддесі үшін пайдалана алады.
Ата-аналарға балалардың киберқауіпсіздігі туралы ұсыныстар
Балаларыңызға цифрлық гигиенаның негізгі ережелерін түсіндіріңіз
Балаларыңызға планшет, компьютер немесе смартфон бермес бұрын, ғаламторда не істеуге болатынын және не істеуге болмайтынын түсіндіріңіз. Ғаламторды пайдалануға уақыт шектеулерін қойып, балаңызға мезгіл-мезгіл көмегіңізді ұсыныңыз.
Балаңызбен оның өмірі туралы тұрақты сөйлесіңіз
Кейде балалар виртуалды бейтаныс адамдармен араласа бастайды, себебі оларға ата-ананың назар аударуы жетіспейді. Сондықтан баламен сенімді қарым-қатынас орнату өте маңызды, сонда балаңыз кез-келген мәселесімен сізге келе алатынын және сіз оны тыңдауға әрқашан дайын екеніңізді біледі. Әңгімелесу кезінде смартфонды алыстатып қойыңыз, оны көзге көрінетін жерде қалдырмаңыз. Психологтар осылай кеңес береді, себебі бала сіздің телефонды өзінен маңыздырақ деп ойлап қалуы мүмкін.
Ғаламторда нені бөлісуге болатынын талқылаңыз
Балаға ғаламторда жеке деректермен бөлісудің қауіпті екенін және оның салдары қандай болатынын түсіндіріңіз. Егер бала ғаламторда өзімен байланысты нәрселерді жарияламас бұрын немесе бейтаныс адамдармен хат алмасу алдында сізбен кеңесіп отырса, бұл тек қана артық болмайды.
Баланы ғаламторда «жоқ» деп айтуды үйретіңіз
Балаларды іздеумен айналысатын еріктілер ұйымдары балалардың көбінесе әлеуметтік желіде бейтаныс адамдармен сөйлескеннен кейін оларға ілесіп кететінін айтады. Сондықтан, егер бейтаныс аккаунт ғаламторда достық ұсынса, серуендеуге шақырса немесе виртуалды «сыйлық» ұсынса, баланы ғаламторда қалай «жоқ» деп айтуды үйрету керек.
Мектептің киберқауіпсіздікке көбірек көңіл бөлуін ұсыныңыз
Мектеп әкімшілігімен сөйлесіп, оларға киберқауіпсіздік мәселелеріне ерекше көңіл бөлуді ұсыныңыз. Бастапқыда бұл мәселеге информатика сабақтарында назар аударса жеткілікті болады. Бала үйде ғана емес, мектепте де беделді мұғалімнің онлайн қауіпсіздік туралы айтқанын естігенде, ол осы тақырыпқа көбірек назар аударады.
Баланы өзін қорғауға үйретіңіз
Артық бақылау мен қамқорлық тек пайдасыз ғана емес, сонымен қатар зиянды, өйткені ол балада дәрменсіздік сезімін оятады. Онымен бірге негізгі нұсқаулықты өткізіңіз: бала өзі өзін қалай қорғай алатынын білсін. Мысалы, құпиялылық параметрлерін орнату, күдікті сайттар мен аккаунттарды бұғаттау және оларға шағым түсіру мүмкіндіктерін пайдалану.
Өзіңіз үлгі болыңыз
Егер сіз балаға киберқауіпсіздік туралы үйретіп жатсаңыз, бірақ өзіңіз цифрлық гигиенаны сақтамасаңыз, балаңыздың сіздің нұсқауларыңызды елемеуіне таң қалмаңыз. Мысалы, достарыңызбен кафеде отырып, әлеуметтік желіде нақты орналасқан жеріңізді көрсетіп сурет жарияласаңыз, ал бір күн бұрын балаңызға мұндай әрекеттен аулақ болуды айтқан болсаңыз, бала мұны байқап, ережені елемей қоюы мүмкін. Ал бұл жағдайдың қалай аяқталатыны туралы болжау қиын емес.
Баланың шешім қабылдауына мүмкіндік беріңіз
Киберқауіпсіздік және антивирустық бағдарламалық қамтамасыз етуді орнатумен айналысқанда, балаңызды осы процеске тартыңыз. Осылайша, онлайн қауіпсіздік туралы әңгімелер ол үшін қызықты тәжірибеге айналады, ал теориялық материалдар тек жалықтыратын дәріс болмайды. Ғаламтордағы қауіпсіздік ережелерін әзірлеуге де балаңызды қатыстыруға тырысыңыз — ол олардың жасалуына қатысқанын білсе, ережелерді орындауға әлдеқайда ынталы болады.
Артық кетпеңіз
Ғаламторда бала киберқылмысқа тап болуы мүмкін деген қағиданы жеткізу маңызды болғанымен, оны шамадан тыс қорқытып, үрей туғызудың қажеті жоқ. Ғаламторда балалардың дамуы үшін көптеген тамаша мүмкіндіктер бар, және егер бала интернеттен қорқатын болса, оларды жіберіп алуы мүмкін.
Балаңызбен әңгімелесу конструктивті әрі сенімді болуы керек, оның барлық сұрақтарына шынайы жауап беріп, ашық диалогқа дайын екеніңізді көрсетіңіз. Балаңызға сенім артып үйреніңіз.
Өзіңізді және балаңызды қорғаңыз, Fingramota.kz-пен бірге қаржылық сауаттылықты арттырыңыз!