Түркістандық оқушылармен «Қаржы пирамидасына қарсы күрес» тақырыбында кездесу өтті
Түркістан қаласы №18 Ж.Еділбаев мектеп-гимназиясында «Қаржы пирамидасына қарсы күрес» тақырыбында ақпараттық-насихаттық топтың кездесуі өтті. Жиналысқа қатысқандар: Түркістан қаласы әкімдігінің «Ішкі саясат бөлімі» ММ «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің инспектор маманы Салтанат Ержанқызы, психолог Ақбота Маратқызы, Түркістан ҚПБ-ның ЖПҚ-нің аға УПИ-ры Полиция майоры Ысмайлов Мақсат Өскенбайұлы, мектеп директорының тәрбие іс жөнінде орынбасары Тілеубеков Бексұлтан, мектеп мұғалімі Қасымбекова Айымкул.
Айта кетейік:
Қаржылық пирамида дегенiмiз (кейде оны инвестициялық пирамида деп те атайды) – жаңа адамдарды тарту арқылы, солардың қаражаты есебiнен өзге қатысушылардың табысын қамтамасыз ету әдiсi. Яғни, пирамиданың бiрiншi қатысушыларына табыс кейiнгi қатысушылардың салымы есебiнен төленедi. Көп жағдайда соңғы қатысушының қаражаты қайтарылмайды. Қаржы пирамидасының белгiлерi қандай? Пирамидадағылар жаңа қатысушы тартқанда жоғары табыстылықты, кез келген жағдайда ақша кiрiстiлiгiн, мансаптық сатыда жылдам көтерiлу туралы уәде бередi. Таныс адамдар арқылы жарнама жасап, түрлi тренингтер жүргiзедi. Соңғы уақытта олар интернетте белсендi жұмыс iстеп жатыр. Өздерiнiң қаржылық пирамида екенiн бүркемелеудiң жаңа әдiстерiн де ойлап тапқан. Мысалы, олар өздерiн онлайн ойындар деп атайды, онда ағаш отырғызу және өсiру қажет немесе жануарларды сатып алу, оларды өсiру және кейiннен сату, өзара көмек кассасы, ақша тумбочкалары және тағы сол сияқты. Алайда, бiрiншi кезеңде нақты ақша сомасын салуды, ал, екiншi кезеңде жаңа қатысушыларды шақыруға құрылған әдiстердi ұсынады. Яғни, қаржылық пирамида жүйесiмен жұмыс iстейдi.
Қаржылық пирамидаға қарсы заң бар. 2014 жылдың 17 қаңтарында «Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне қаржылық (инвестициялық) пирамидалардың қызметiне қарсы iс-қимыл мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы» Заң қабылданды. Қаржылық (инвестициялық) пирамиданы құрған және оның қызметiне басшылық жасаған адам қылмыстық жауапкершiлiкке тартылып, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 217-бабы бойынша мүлкi тәркiленiп, 3 жылдан 12 жылға дейiн бас бостандығынан айырылады. Сондай-ақ, оның қызметiн жарнамалаған адамға әкiмшiлiк жаза да қарастырылған. Ол – жеке тұлғаға – 150, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне 600 айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiндегi айыппұл. Қорытындылап айтқанда, халықтың мұндай пирамидаларға алданып қалуының басты себептерi қаржылық-кредиттiк заңнама саласындағы бiлiмнiң жеткiлiксiздiгi, ақшаны ұстау мәдениетiнiң төмендiгi, сондай-ақ азаматтардың ақша жинауы және инвестициялауынан болып табылады. Айта кетейiк, бүгiнгi таңда қаржылық пирамидалар заңсыз деп танылып, дүние жүзiнiң 39 елiнде тыйым салынған. ҚР Қаржы министрлiгi Мемлекеттiк кiрiстер комитетi халыққа абай болуды ескертедi.
Қаржы пирамидасы – бұл азаматтардан заңсыз ақша тартып алудың ең белгілі әрі таралып кеткен әдісі. Таңғаларлық жайт, қаржы пирамидасына қосылу әдетте азаматтардың өз еркімен және құқықтық сүйемелдеусіз іске асады. Осылайша, ешкім салынған қаражаттың қайтарып берілуіне кепілдеме бермейді. Қаржы пирамидасын құру және оны басқаруға ҚР ҚК 217-бабына сәйкес қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.
Қаржы пирамидасының ең басты белгісі – уәделенген айтқысыз пайда, үстеме табыс. Жоғары табысты қамтамасыз ету уәдесі тек бір рет ұйымға тарту үшін орындалуы мүмкін, бірақ одан да көп қаражаттан айырып қалу қаупі өте жоғары. Екінші белгісі: компания шынайы экономикалық немесе инвестициялық қызметпен айналыспайды. Пирамидалар тауарлық, несиелік, туристтік, құрылыс компаниялары ретінде жасырынады. Алайда, шындап келгенде ескі салымшыларға барлық төлемдер жаңа салымшылардың жарнасы есебінен төленеді.Үшінші белгісі: мұндай жобалардың материалдық-құқықтық базасы жоқ, яғни, бұл компаниялар жаңадан құрылған, қаржылық есептілікке ие емес, келісімдер жасамайды немесе келісімдер тек ұйымдастырушылардың пайдасын көздеп жасалған әрі ҚР заңнамасына сәйкес келмейді. Қаржы пирамидасы — бұл инвесторлар компанияның пайдасынан емес, жаңа инвесторлардың салымдарынан кіріс алатын схема. Пирамида қалай жұмыс істейтінін қарастрайық. Ең жоғарғы жағында — оның ұйымдастырушысы. Ол салымшыларды шақыртып, оларға жоғары табыс табатынына уәде береді. Қатысушылар пирамидаға салған ақша оның қалтасына түседі. Салымшылар басқа қатысушыларды шақырып, пирамида өседі. Жаңа инвесторлардың салымдары бір саты жоғары тұрған адамдар үшін табысқа айналады. Бірақ егер инвесторлар келуді тоқтатса, пирамида құлайды.
Қаржы пирамидаларының танымал болуының себебі неде? Бірнеше себеп бар: Біріншіден, олар тез және оңай ақша табуды ұсынады. Ұйымдастырушылар үлкен табыс аласыз деп айтады — бұл барлық инвесторларды қызықтырады. Екіншіден, көптеген адамдар қаржы пирамидасына қатысып жатқанын түсінбейді. Пирамидалар көбінесе инвестициялық компаниялар ретінде жұмыс жасайды, ал олардың қызметкерлері клиенттерді шатастыру үшін күрделі терминдерді қолданады.
Үшіншіден, бұл жақта психологиялық фактор да үлкен рөл атқарады. Адамдар сенгісі келетін нәрсеге сенеді. Әсіресе пирамидада адамдар табысқа тез шығуға болады деп сенеді. Мұндай схеманың табыс көзі ашық болатын нақты инвестицияға ешқандай қатысы жоқ. Мысалы, егер сіз ақшаны банкке пайызбен салсаңыз, қаржы ұйымы бұл ақшаны кіріс алу үшін пайдаланады: кредит береді, қор биржасынан бағалы қағаздарды сатып алады. Нәтижесінде бәрі пайда көреді: банк даму үшін ақша тартады, ал салымшы өз салымдарынан пайда алады. Пирамида тек оның мүшелерінің жарналарымен жұмыс істейді: мұндай компанияларда әдетте нақты бизнес немесе табыс әкелетін активтер болмайды. Сондықтан пирамиданы ұйымдастыру бұл заң бойынша қылмыс болып табылады және алаяқтыққа жатады.
«Рога и копыта» компаниясы барлық адамдарға белгілі бір инновациялық жобадан ақша табуды ұсынады және айына 100% жоғары табысты уәде етеді. Схема өте қарапайым: Компанияның негізін қалаушы үш инвесторды тартады. Әр инвестор 1 млн ₸ инвестиция салып, бір ай ішінде тағы үш қатысушыны әкелуге міндетті болады. Компания балансында 3 млн ₸ жиналды. Компанияға 9 жаңа мүше келді. Әрқайсысы 1 млн ₸ салды. Енді баланста 12 млн ₸ бар. Ұйымдастырушы алғашқы үш қатысушыға уәде етілген пайызбен салынған 2 млн ₸-ні қайтарады. Төлемдерден кейін компанияда 6 млн ₸ қалады. Бір айда екінші деңгейдегі 9 инвестор тағы 3 қатысушыны, яғни барлығы 27 адамды тартты. Олар да 1 млн ₸-ден салды.
Енді компания екінші деңгейдегі адамдарға уәде етілген пайыздар мен бастапқы жарнаны төлей алады: Баланста 15 млн ₸ қалады, оларды келесі салымшыларға төлеуге болады. Мұндай компания көбінесе жарнамалар мен таныстар арқылы жаңа салымшыларды шақырту схемасына сүйенеді: пайда тапқан инвесторлар достарына бір айда өз капиталын екі есеге арттырғанын айтады. Нәтижесінде «Рога и копыта» компаниясына көп адамдар ақша салады. Бір қарағанда, схема жұмыс істейтін сияқты болып көрінеді. Бірақ пирамида жаңа салымшылардан түсетін қаражат компанияның салымшыларға төлеуге тиісті ақша сомасынан бірнеше есе көп болған кезде ғана әрекет етеді. Жаңа салымшылардың жарналары пайыздарды төлеу шығындарынан кем болатын сәт келген кезде, пирамида құлап, адамдардың көбісі өз ақшаларын жоғалтады. Пирамида бәрібір құлдырайды, дегенмен кейбіреулер содан пайда табады. Бұл адамдардың қатарына: Ұйымдастырушылар, яғни пирамиданың басында тұратын, жаңа инвесторларды тартып, ақша қозғалысын бақылайтын адамдар не болса да пайда көреді. Пирамидаға ең басында қосылған қатысушылар табыс алып үлгереді. Пирамидаға оның дәл құлауына дейін кірген кейбір адамдар өз ақшасын шығарып алуға үлгереді. Табыс аламын деп ойламаңыздар. Пирамиданың құлдырау уақытын болжау мүмкін емес. Сондықтан олардан әрқашан аулақ болу қажет.
Қаржы пирамидаларының түрлері:
Біз – қаржы пирамидасының классикалық мысалын қарастырдық. Бірақ іс жүзінде олардың түрлері көп. Мысалы: бір деңгейлі. Мұнда да салымшылар жаңа қатысушылардың жарналарынан пайда табады. Бірақ адамдарды ұйымдастырушының өзі іздейді. Сондықтан барлық қатысушылар тең болады.
Көп деңгейлі. Мұндай компанияларда қатысушылардың өздері жаңа адамдарды өздерінің достары, туыстары, ата-аналары арасында іздеп алып келеді. Пирамидалардың бұл түрінде иерархия бар: әр қатысушы белгілі бір деңгейде болады және өзінен төмен орналасқан салымшылардың жарналарынан табыс алады. Деңгей неғұрлым жоғары болса, табыс соғұрлым көп болады. Матрицалық — бұл жаңа және ең күрделі схема. Мұнда матрицада қатысушылардың белгілі бір саны болуы тиіс. Әрбір қатысушы бастапқы жарна жасап, матрицаның толтырылуын күтеді. Матрица толтырылғаннан кейін барлық қатысушылар бонустар алып, келесі деңгейге өтеді. Көбінесе пирамидалар жоғары кірісті инвестициялық жоба болып көрінеді. Олар бағалы қағаздарды сатып алуды, криптовалютаға, жылжымайтын мүлікке немесе жоғары кірісті бизнеске инвестиция салуды ұсынады. Бірақ ол шындыққа сәйкес келмейді.Танымал қаржы пирамидалары: Қаржы пирамидаларының басшылары өте алғыр болып келеді. Олардың кейбіреулерін атап өтейік. Чарльз Понци — бірінші пирамиданың негізін қалаушы. 20 ғасырдың басында ол инвесторларға 45 күн ішінде 50% табыс әкелемін деп уәде беріп, пошта купондарын айырбастау компаниясын бастады. Бірақ іс жүзінде ол алғашқы қатысушыларға табыс төлеу үшін жаңа қатысушыларды іздеумен айналысты. Нәтижесінде пирамида құлап, ол сотталып, түрмеге түсті.
Бернард Мэдофф — әйгілі американдық қаржыгер, өзінің инвестициялық компаниясын 1960 жылы бастады. Уақыт өте келе ол Уолл-стриттегі ең құрметті адамдардың біріне айналды. Мэдофф клиенттерге тұрақты әрі жоғары кірістер ұсынып, оған мыңдаған инвесторлар, соның ішінде қайырымдылық қорлары, корпорациялар және атақты адамдар жүгінген болатын. Ал, ол болса, Понци схемасын қолданып, басқа инвесторлар салған ақшадан дивидендтерді төлеп отырған. 2008 жылы пирамида құлап, Мэдофф 150 жылға бас бостандығынан айырылды. «МММ» — 1994 жылы Сергей Мавроди негізін қалаған Ресей мен ТМД елдеріндегі ең танымал қаржы пирамидасы. Компания ай сайынғы кіріс 1000% болады деп жаңа салымшыларды шақырды.