(Қазақша) Салық саясатының кәсіпкерлікке әсері
Түркістан қаласының тұрғыны, 3-топтағы мүмкіндігі шектеулі азаматша Зухра Әбдіжаппарова мемлекеттік «Бастау бизнес» бағдарламасы арқылы грант жеңіп алып, үй іргесінде құс шаруашылығын қолға алған. Бүгінде кәсіпкер 50-ге жуық тауық асырап отыр. Күніне 20-ға жуық жұмыртқа алып, саудалайды. Тапсырыс бар. Алдағы уақытта құстар санын көбейтуді көздеп отыр екен.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы бизнестің құқықтары мен заңды мүдделерін табысты қорғап, кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі мемлекеттік саясатты жүзеге асыруға белсенді қатысып келе жатқанын атап өткені белгілі. Президенттің сөзінше, бүгінгі күні кәсіпкерлік ел экономикасының қозғаушы күшіне айналды деуге толық негіз бар. – Соңғы бес жыл ішінде шағын және орта бизнестің ел экономикасындағы үлесі 24-тен 32 пайызға артқан. Кәсіпкерлік саласында еңбек ететін азаматтардың саны 21 пайызға, яғни 2,8 миллионнан 3,4 миллионға дейін өсті. Қазір жұмыспен қамтылғандардың 40 пайызға жуығы шағын және орта бизнесте еңбек етеді. Бұған мемлекет пен бизнесті байланыстырып отырған Ұлттық палатаның сіңірген еңбегі мол, – дейді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет пен «Атамекен» ҰКП-ның үйлесімді жұмысы еліміздегі бизнес ахуалға оң әсер етіп отырғанын да атап өтті.– Менің тапсырмам бойынша кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау үшін «бизнеске адалдық презумпциясы» қағидаты заң жүзінде бекітілді. Бұл барша даулы және түсініксіз мәселелерді кәсіпкерлердің пайдасына шешуге мүмкіндік береді. Аталған заң шығарудағы өзгерістер тиісті сот тәжірибесінде қолдау табатынына сенемін. Осы жылдың 1 қаңтарынан бастап менің Жарлығыма сәйкес шағын және орта бизнесті үш жылға дейін тексеруден босату туралы мораторий күшіне енді. Нәтижесінде мұндай субъектілерді тексеру көлемі 8 есе қысқарды, – деді Президент.
Мемлекет басшысы Үкімет пен Қазақстандағы бизнестің үйлесімді жұмысының нәтижесінде пандемия кезінде денсаулық сақтау саласындағы және экономикадағы жағдайды бақылай алғанымызды айтты. Шағын және орта бизнеске қолдау көрсету мақсатында дағдарысқа қарсы теңдессіз бірқатар шара қабылданып, кәсіпкерліктің 700-ден астам субъектісі салық төлеуден босатылды немесе олар үшін салық мөлшерлемелері төмендетілді. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы белсенді жұмыс істей бастады. Мемлекеттік және квазимемлекеттік ұйымдардың ғимараттарында орналасқан шағын және орта бизнес субъектілері жыл соңына дейін жалға алу төлемдерінен босатылды. Сондай-ақ, қатты зардап шеккен секторлар үшін бюджеттен тыс барлық қорларға аударымдар жіберу тоқтатылды. Аса қатты зардап шеккен шағын және орта бизнес субъектілерінің несиелері жылына 6 пайызға дейінгі мөлшерлемемен субсидияланады.
Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет пен Ұлттық банкке «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасын ұзартуды тапсырды. Бұл ретте, жаңартылған бағдарламада бірінші кезеңді іске асыру барысында анықталған кемшіліктерді ескеру қажет. – Бұл жерде өңірлерге бөлінетін қаражаттарды сапалы әрі тиімді бөлу жөнінде сөз болып отыр. Тікелей мағынасында ақшаны желге ұшыруға немесе «өз» компанияларына келісімшарттарды бөліп беруге жол берілмеуі тиіс. Қаражаттардың бір бөлігін микро несие беруге жұмсауға болады. Үкімет пен Ұлттық Банк 1 желтоқсанға дейін нақты ұсыныстар беруі тиіс. Ұлттық палата дағдарысқа қарсы шараларды әзірлеу мен оларды іске асыруда біршама қолдау көрсеткенін атап өткім келеді. Медицина тілімен айтсақ, біз бірлесе отырып проблемаға дұрыс диагноз қойып, емдеудің қажетті шараларын қабылдай алдық, – деді Президент. Отандық өнім көлемін ұлғайту және қайта өңдеу өнеркәсібін қолдау мәселелері басты назарда бола бермек. Үкімет сатып алуды реттеу жөніндегі нормативтік-құқықтық базаны өзектендіруді бастады. Квазимемлекеттік секторды сатып алу жобасы бойынша жоба жүріп жатыр. Өңдеу өндірісіне шикізат жеткізу тетіктері әзірленуде. Отандық өнеркәсіп секторы үшін жаңа заңнамалық база дайындалуда. Агроөнеркәсіп кешенін дамыту жөніндегі ұлттық жобаны әзірлеу басталды. – Қазір біздің өткеннен сабақ алатын, ауыл шаруашылығының бүгінгі жағдайын және болашағын дәлме-дәл анықтайтын, өз әлеуетімізді дұрыс бағалайтын мүмкіндігіміз бар. Алдымен пәрменді шаралар мен қолдау институттарын айқындап, дұрыс реттеу ортасын қалыптастыру керек. Содан кейін ғана қапысыз және басымдықтарды жыл сайын өзгертпей батыл алға жылжуға болады. Агроөнеркәсіп кешені бойынша бағдарламалық құжаттың әзірленуін тікелей қадағалап отыратын боламын. Бұл ретте шенеуніктердің де, кәсіпкерлердің де, сарапшылардың да пікірін тыңдаймын. Өйткені ауыл шаруашылығының әлеуетін көтеретін кез жетті. Олай болмаған жағдайда біздің экономикамыз үшін өкінішке ұрындыратын теріс салдар орын алуы мүмкін, – деді Президент.Ол отандық компанияларды белсенді түрде сыртқы нарықтарға шығуға шақырды. Үкіметке Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп экспорттық әлеуеті бар салалар мен кәсіпорындарды анықтау тапсырылған. Мұндай жобаларға қаржыландыру жеңілдігі, экспорттық қолдау тетіктері, заттай грант беру секілді кешенді қолдау шаралары көрсетіледі. Қазақстан келер жылы шикізаттық емес экспорттың көлемін 29 миллиард долларға дейін арттыруды көздеп отыр. – Жақын арада жерге қол жеткізу секілді кәсіпкерлер үшін тағы да бір маңызды мәселе шешілуі керек. Менің тапсырмам бойынша Үкімет жер қатынастарын цифрландыру және отандық бизнестің ауыл шаруашылығына арналмаған жер ресурстарына қол жеткізуін жеңілдету жөнінде заң жобасын дайындады. Сондай-ақ, заңда жер қатынастары мен сәулет саласында мемлекеттік қызметтерді электронды түрде көрсету, жер учаскелерін беру мерзімін 1 жылдан 20 күнге дейін қысқарту, мемлекеттік актіні, жерге орналастыру жобасын алып тастау және басқа да бірқатар маңызды мәселелер қарастырылған. Үкімет жыл соңына дейін аталған заң жобасын Парламентке беруі қажет, – деді Мемлекет басшысы.Ол отандық кәсіпкерлерді қолдау және қорғау ел дамуы үшін маңызды міндет екенін айтты. Сонымен қатар бұл Президенттің сайлауалды уәделері мен басымдықтарының бірі. Сондықтан ол ұлттық бизнесті дамытуға әрқашан баса назар аударады.Сөзінің соңында бірлесіп жұмыс істеу арқылы ғана ел экономикасын қалпына келтіріп, дамудың жаңа деңгейіне шыға алатынымызды атап өтті. Президент «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы алдағы уақытта да бүкіл қазақстандық бизнес-қоғамдастықтың мүдделерін білдіретін беделді құрылым болып қала беретініне сенім білдірді.
Бүгінде Түркістан қаласында шағын және орта кәсіп экономиканың дамуында айрықша рөл атқарып жатқаны аңғарылады. Цифрларды сөйлетсек, атқарылған жұмыстардың нәтижесінде қаланы сипаттайтын басты көрсеткіш — жалпы өңірлік өнім көлемі 222,6 млрд.теңгеге жетіп, тиісті кезеңімен салыстырғанда өсім 15% артты.
Қазіргі таңда аймақта шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерімен өнім шығарылымы 82,8 млрд.тг. құрап, тиісті кезеңімен салыстырғанда өсім 11,3% артқан. Жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 2023 жылдың қаңтар-қыркүйек айына 22 292 бірлікті құрап, тиісті кезеңімен салыстырғанда өсім 25,5% құрады. Ал өңірдің экономикалық дамуын анықтайтын басты сала – өнеркәсіп саласында 2023 жылдың қаңтар-қыркүйек айына 18,8 млрд.теңгенiң өнімі өндіріліп, тиісті кезеңімен салыстырғанда өсім 4,3% артты. Сала мамандары биыл инвестиция саласы бойынша көрсеткіште оң динамика қалыптасқанын айтады. Яғни, негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 245,8 млрд. теңгені құрап, тиісті кезеңімен салыстырғанда өсім 23,3% артқан. Оның ішінде: жеке инвестиция көлемі 154,6 млрд. теңгені құрап, тиісті кезеңімен салыстырғанда өсім 55% құрады.
«Соңғы бес жылдағы өзгерістер қала дамуына жаңа мүмкіндіктер ашқанын ерекше атап өткім келеді. Халық табысының өсуіне және олардың әл-ауқатына оң әсерін тигізетін жобаларды жүзеге асыруға облыс орталығында барлық жағдайлар қарастырылған. Сол себепті, қазір жекеменшік секторды нығайтуға арналған ауқымды реформаларды жүзеге асыруға басымдық беріп отырмыз. Бұл өз кезегінде бәсекелестікті арттыруға, жалпы, экономиканың өсуіне ықпал етеді», — деген болатын Түркістан қаласының әкімі Н.Тұрашбеков.
Расында, халық табысының өсуі үшін көптеген жағдайлар жасалғандықтан, қаламызда кәсіпкерлікпен айналысатын адамдар саны артып келеді. Кәсіпкерлікті жүргізу үшін өңірде қолайлы бизнес климат қалыптасқан. Бизнес үшін қаржылай қолдау шаралары қолжетімді. «Бизнестің жол картасы 2025» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламалары кәсіпкерлерге айтарлықтай ықпалын тигізіп жатыр. Осы бағдарламалар арқылы кәсіпкерлер 17 млрд. теңгеге жеңілдетілген несиелерді пайдаланды. Жалпы, бағдарламаларды орындау бойынша өңір республикада алғашқы үштіктің қатарында келеді. Бұдан басқа жергілікті деңгейде жас кәсіпкерлер және стартап жобаларды қолдау үшін қажетті бағдарламалар қабылданған. Мәселен, кәсіпкерлер жаңадан құрылған «Атамекен-Түркістан» микроқаржы ұйымы арқылы жеңілдетілген 6%-бен несие ала алады. Бүгінде бұл мүмкіндікті кәсіпкерлер ұтымды пайдаланып, 1,8 млрд. теңгеге қаржыланып отыр.
Осы орайда облыс орталығы Түркістан қаласында кәсіпкерлерге жан-жақты қолдау көрсетіліп, көптеген бағдарламалар қолданысқа еніп, кәсіп иелерінің игілігіне жаратылуда. Мұның барлығы өнеркәсіп, шағын және орта бизнес, бөлшек сауда, ауыл шаруашылығы саласында көрініс табуда. Түркістан қаласы әкімдігіне қарасты тиісті сала мамандарының айтуынша, өз кәсібін ашамын деушілерге бүгінде мол мүмкіндіктер берілген. Қазіргі таңда өнеркәсіпте, шағын және орта бизнес түрлерінде жетістіктерге жетіп жатқан азаматтар аз емес.
Айта кетелік, Түркістан қаласында 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасы қарқынды түрде жүргізілуде. Түркістан қаласы халықты жұмыспен қамту орталығының мәліметінше, жүйелі жұмыстар нәтижесінде «Еңбек» бағыты бойынша 7 143 азамат жоспарланса, 6 501 азамат белсенді шараларға тартылды. Атап айтсақ, 3 679 азамат тұрақты бос жұмыс орындарымен қамтылса, 201 азамат уақытша ұйымдастырылатын әлеуметтік жұмыс орындарына жолданды. Сондай-ақ, 535 жас түлек «Жастар практикасымен», 102 жас алғашқы жұмыс орындарымен, 175 азамат – «Күміс жас» жобасы аясында жұмыспен қамтылса, 1 242 тұрғын ақылы қоғамдық жұмыс орындарына жолданды.
Кәсіпкерлікті қолдау шаралары бағдарламаның негізгі бағыттарының бірі. 150 тұрғынның бастапқы бизнес жоспарларына комиссия шешімімен қайтарымсыз грант қаражаттары берілді. 29 азамат мемлекет тарапынан өз кәсібін ашу үшін шағын несие иегері болды. Адам бойындағы тынымсыз еңбек, ештеңеден қаймықпай алға ұмтылу түбінде мақсатқа жетуге септігін тигізеді. Бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінен осындай талабы мен табандылығын бір арнада тоғыстырып, кәсібін шалқытып отырғандар баршылық. Осы сөздерімізге дәлел ретінде қаламыздағы бірнеше кәсіпкерлерді мысалға келтірейік.
Түркістандық жеке кәсіпкер Шәмшиддин Айметов «Ideal» кәсіпорнының негізін 2018 жылы қалады. Ол қонақ бөлмелер мен мейрамханаларға арналған хан тағындай теңдесі жоқ үстел, орындықтар шығарады. Әуелі осы кәсіптің түбін аз ғана жұмысшылармен бастап, санқилы жолдармен зерттеп, зерделеген Шәмшиддин бүгінде 100 адамды жұмыспен қамтитындай деңгейге көтерілді, бұйыртса, жыл соңына дейін 200 адамға жұмыс орнын беруді жоспарлайды. Халықты жұмыспен қамту орталығымен байланыс орнатып, бос жұмыс орындарын іздеп жүрген жұмысшыларға көмек қолын созуда. Кәсіпкер сондай-ақ «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының қолдауына, дәлірек айтқанда көптеген құжат мәселелерінің оңтайлы шешілуіне дән риза. Бағасы да қолжетімді бұйымдар ыстық-суыққа төзімді ABS материалынан жасалады, қазіргі таңда үстелдің 7 түрі, орындықтың 12 түрінен 150-200 данасын шығаруға әлеуеті жетеді. Жоғарыда айтып өткеніміздей, мол ізденіс пен талпыныстың арқасында сәнді әрі сапалы дүниелері қазір зор сұранысқа ие. «Қазақстанның үздік тауары» іспетті түрлі форумдар мен көрмелерге қатысып, «сынбайтын үстел» атауымен танымал кәсіпорынның үздік өнімдері көпшіліктің көңілінен шығып, сатып алушылар қатарын толықтыруда. «Бізде алдымен сандық бағдарламамен басқарылатын станоктардың көмегімен үстелдің пішіні кесіледі, содан соң үстел жиналып құрастырылады, одан кейін ағаштар тегістеледі, грунт себіледі, сосын дөрекі беті тегістеледі, одан әрі сырлауға дайындалады, патина, лак жағылады, ең соңында ысып жылтырату арқылы түрлі процестерден, яғни он шақты шебердің қолынан өтіп барып бір үстел әзірленеді», — дейді кәсіпкер жұмыс барысымен таныстырып жатып.
«Мол шыдамдылық пен табандылықты қажет ететін осы жұмыста қаншама адам жұмысқа кіріп, қаншамасы шыдай алмай шығып кетті деуге болады. Өз жұмысына жауапкершілікпен қарайтын, «мен осы мақсаттан таймаймын, көздегеніме жетемін» деген жігерлі жан және кез келген өндірістің «ішкі кухнясымен» толық таныс адам ғана кәсіпті алып кете алады деп ойлаймын», — дейді шынайы ойымен бөліскен Шәмшиддин.
Өз ісін ашып, ырысқа кенелген еңбекқорлардың арасында үй тірлігімен қатар жеке кәсібін дөңгелетіп отырған нәзік жанды әйелдер де жетерлік. Солардың бірі қаламызда «Тәтті әлемі» түрлі кондитерлік өнімдерін шығаратын Жанат Тұрғанбаева ханым. 2016 жылдан бастап үй ішінен ашылған цехте бүгінгі таңда 30-ға жуық адам жұмыс істейді. Олар кондитер өнімінің алуан түрлерін, яғни күніне 50-ден астам торт түрлерін, атап айтсақ, вупипай, сүтті қыз, сникерс, рафаэлло, пломбир, фисташкалы, құлпынайдан, бананнан әзірленген торттар, профитроли, симит (күнжітпен қапталған түрік нандары), құймақ, 1000-ға жуық самса шығарады, одан бөлек үй жағдайындағы түшпараны, қуырылған түшпараны қолдан бүгіп дайындайды. Сонымен қатар қаладан кондитер өнімдерін сататын бірнеше сауда орындарының нүктесін, кофеханалар ашып, тәттілер әлемінде өз брендін қалыптастыруда. Дәмі тіл үйірер торттарды бір жеген адам бүгінде қайта айналып келетін тұрақты тұтынушыға айналғаны жасырын емес. Кәсіпкер мұның сырын былай түсіндіреді: «Тұтынушылардың көптеп тартылуының себебі — дайындалатын өнім заттарының сапалы және таза табиғи өнімдерден жасалатын болғандықтан деп білемін. Мәселен, миндаль ұнын, жаңғақ түрлерін, кілегей қаймақ сияқты өте қажетті заттарды Шымкент, Астана, Қарағандыдан арнайы алдыртамыз. Өйткені, құрамында сапалы заттар болса, өнім де керемет шығады, халыққа да ұялмай ұсынасың. Осындай ойда болғандықтан, біз алдымен өнімнің бәсекеге қабілетті болуын мақсат етеміз».
Иә, қолынан іс келетін адам үшін арман-мақсатын жүзеге асыруға ештеңе сылтау бола алмайды. Тек қарым-қабілет пен ықыласы үйлессе жеткілікті. Бүгінде істің қиюын келтіріп, кәсібінен нәпақасын тауып жүрген жандарды көргенде ерекше қуанасың. Былайша сырт көзге оңай көрінгенімен, кәсіп ашып, оны әрі қарай жетілдіру әр адамның қолынан келе бермейді. Өйткені қандай да бір істі бастар жолда алдыңнан шығатын тосқауылдарға төтеп беру ерік-жігердің мықтылығына байланысты. Ал мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау шаралары тәй-тәй басқан кәсіпкердің аяғынан нық тұру алғышарттарының бірі болар еді. Өйткені бұл шаралар бизнесті қолдау және қаржыландыру шараларының қолжетімділігін арттыратынына, сондай-ақ бизнестің ел экономикасына үлесін көбейту мүмкіндігін тудыратынына сенім мол.
Түркістандағы жұмысы жолға қойылайын деп тұрған тағы бір өндіріс орны ретінде «Artel»компаниясы 1 млн-ға дейін газ плитасын шығармақ. Облыс әкімінің Ташкент қаласының әкімі Джахонгир Артыкхуджаевпен өткен кездесуі барысында Қазақстан мен Өзбекстан бірлесіп тұрмыстық техника шығаратын кәсіпорын ашу туралы келісімге келді. Көрші ел инвесторлары Түркістанның индустриалды аймағында газ плиталары мен су жылытқыш құрылғыларын өндірмек. Жоба аясында 2 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады. Техника бағасы да тұтынушы үшін қолжетімді болмақ. Түркістан облысының әкімі жобаны жүзеге асыру барысында әкімдік тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілетіндігін айтқан болатын. «Достық қатынастарға негізделген Қазақстан – Өзбекстан ынтымақтастықтығы нығая түсуде. Бүгінгі жоба біраздан бері талқыланып келген. Бұл бірлескен жұмыстың басы ғана. Жалпы, Өзбекстандық инвесторлар Түркістан қаласына бірнеше өндіріс орнын ашуға қызығушылық білдіріп отыр», – деп атап өтті.
«Artel» компаниясы Түркістан облысында ас үй плиталарын, қалыптау бұйымдарын және электр су жылытқыштарын шығаратын зауыт салады. Айта кету керек, өткен жылдың соңында компания өкілдері Түркістан қаласына келіп, өңірдің инвестициялық ахуалы, экономикалық мүмкіндіктері және индустриалдық аймақтағы инвесторлар үшін жасалынған мүмкіндіктермен танысқан болатын. Сонымен қатар, Өзбекстан еліне сапары барысында облыс әкімі Чиназ ауданында болып, тұрғындарды жұмыспен қамту мақсатында бой көтерген тоқыма өнімдерін шығаратын ірі тігін фабрикасының ашылу рәсіміне қатысты. Тігін индустриясын дамытып, шалғай жерлерде қажетті жұмыс орындарын құратынын жоба жетекшілерін облыс атынан құттықтады.
«Qojakent Textile» компаниясы қысқа мерзім ішінде үкіметаралық өнеркәсіптік кооперация шеңберінде Түркістан қаласында тігін фабрикасын іске қосқаны белгілі. «Artel Electronics» — өзбекстандық компания, тұрмыстық техника және электроника өндірушісі. Штаб-пәтері Өзбекстанның Ташкент қаласында орналасқан. Компания тұрмыстық техниканы, компоненттерді, тұрмыстық электрониканы өндірумен және сатудан кейінгі қызмет көрсетумен айналысады. Өзінің Artel брендімен өнімдерді ұсынады. Shivaki, Avalon, Vista және Royal серіктестері болып табылады және Өзбекстандағы Samsung және Viessmann ресми аймақтық серіктесі. Artel Electronics Group компаниясының жылдық кірісі 450 миллион доллардан асады. Өзбекстанның алты аймағында 10 000 қызметкері, 20-дан астам өндірістік кәсіпорны және өз өнімдерін әлемнің 20-дан астам еліне экспорттайды.
Таяуда Түркістан облысы әкімі Дархан Сатыбалды «Golden Camel group LTD» төрағасы Ян Джи мырзамен және «Win Lun» компаниясының басшыларымен кездесті. Кездесу барысында «Golden Camel» зауытының жұмыс барысы талқыланды. Түйе сүтін өңдеу маусымдық жұмыс болғандықтан, инвесторлар алдымен дайындық жұмыстарын бастайтын болды. Зауыт басшылығы техниқалық тексерістен соң, бір айда зауыт жұмысын қайта бастайтынын жеткізді. Одан бөлек түйе сүтін қайта өңдей отырып, құрғақ таблетка күйінде шығаратынын атап өтті. Айта кетейік, облыс әкімінің Қытайға жұмыс сапарында «Golden Camel» зауытының басшыларымен кездесіп, жұмысын тоқтатқан зауытты қайта іске қосу туралы мәселені талқылаған болатын. Нәтижесінде, инвесторлар кәсіпорынды қайта жандандыратын болды.
– Өздеріңізбен Түркістанда қайта қауышқанымызға қуаныштымын. Өзіңізді Түркістан облысының дамуына алғашқы ірі инвестиция салған азаматтардың бірі ретінде танимыз. Зауыт жұмысын жандандыру туралы ұсынысымызды қабыл алғандарыңыз үшін алғыс білдіреміз. Өңірімізде қытайлық компаниялардың қатысуын арттыруды жоспарлап отырғанымызды атап өткім келеді. Ол үшін бірқатар бағытта өңіраралық кооперацияны дамытудың жоғары әлеуеті зор. Зауытты қайта іске қосу және әрі қарай дамыту барысында мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетіледі. Алда өзге де жобаларға атсалысуға шақырамын. Кентау қаласы Оранғай елді мекенінде орналасқан арнайы экономикалық аймағының маңынан Қазақ- Қытай арнайы экономикалық аймағын құруды жоспарлап отырмыз. Біз өз тарапымыздан қытайлық компаниялардың бизнесті дамыту жөніндегі бастамаларына толық қолдау көрсетуге дайынбыз және ынтымақтастығымыз ұзақ мерзімге жалғасады деп үміттенеміз, – деді Түркістан облысы әкімі Дархан Сатыбалды.
Қазақстан мен Қытай Халық Республикасы арасындағы қарым қатынасты одан әрі дамыту мақсатында Түркістан қаласында екі ел бірлескен Қазақстан-Қытай индустриялды аймағын құру жоспарлануда. Бұл ретте тараптар Қазақстан-Қытай индустриялды аймағының аумағында тамшылатып суару өндірісі, сусыздандырылған көкөністерді өңдеу, ірі және ұсақ малдың қан, сүйек және ішкі органдарын қайта өңдеу және желатин өңдеу зауыттары сияқты бірқатар инвестициялық жобаларды жүзеге асыру барысын талқылады.
– Түркістанға келгеніме біраз жыл болды. Осында жаңа іс бастап, жұмыс істедік. Сондықтан мен үшін Түркістан әрқашан ыстық. Өңірді дамытуға үлесімізді қосуды біздің ден міндетіміз, деп есептеймін. Осыған дейін Қытайдағы кездесуімізден кейін жұмысты қайта қолға алуға бел будық. Осы жолы зауытты қайтадан іске қосу үшін келіп отырмын. Техникалық тексеру жұмыстарынан кейін жақын арада кәсіпорынды іске қосуға дайынмын. Түйе сүтінен таблетка шығаруды қолға аламыз. Ешкі сүті Түркістан облысында үлкен сұранысқа ие. Сондықтан осы бағытта да жұмыстарды жандандыруға дайынбыз, – деді «Golden Camel group LTD» төрағасы Ян Джи.
Өнімділігі тәулігіне 100 тонна түйе мен бие сүтін өңдейтін «Golden Camel group LTD» 7 млрд. теңгеден астам инвестиция құйылған. Сонымен қатар ұлттық сусынды соңғы процеске дейін өңдеп, косметикалық өнімдер мен тұрмыстық химиялық сұйықтықтар шығарады. Өнімінің басым бөлігін экспортқа шетел мемлекеттеріне жөнелтеді. Жобаны іске асыру Түркістан мен көрші Қызылорда және Жамбыл облыстарында түйе шаруашылығын дамытуға және мал басын арттыруға мүмкіндік береді.
Азаматтық заңнамамен реттелетін қатынас саласында кәсіпкерлер заңмен тыйым салынғаннан басқа кез-келген іс-әрекет жасауға құқылы. Кәсіпкерлердің құқығы мен заңды мүдделерін қорғау – бұл құқыққа қол сұқпауды қамтамасыз етуге, бұзған жағдайда және бұзу салдарын жойған кезде оны жүзеге асыруға, жандандыруға бағытталған заңмен қарастырылған іс-шаралар жүйесі. Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексі 9-бабы құқықты қорғайтын органдарды, қорғау құралдарын (тәсілдерін) және қорғау тәртібін белгілейді – сот, арбитраж немесе аралық сот. Кәсіпкерге Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 2-бабымен танысу қажет, онда азаматтық кодекстің негізгі қағидаларының біреуі бекітілген – кім болса да жеке істерге араласпауы. Бұл қағиданың мағнасының бірі – билік және басқару органдарына кәсіпкерлер өз мүлкіне қалай билік жүргізіп, өз пайдасын бөліп, кірісін пайдаланып жүргеніне ықпал жасауға тыйым салынуы. Осы қағидаға сәйкес сондай-ақ ешкімнің рұқсатын, келісімін алу, ақпарат беру қажет емес, егер осыған ұқсас талаптар тікелей заңмен бекітілмесе.
Біріншіден, кәсіпкерлік түсініктің мағынасын түсіну қажет. Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 10-бабы келесідей анықтама береді: «Кәсіпкерлік – ол меншік формасына қарамастан, тауарларға (жұмыстар, қызмет көрсету) сұранымды қанағатандыру арқылы таза табыс алуға бағытталған, жеке меншікке (жеке кәсіпкерлік) немесе мемлекеттік кәсіпорынды шаруашылық жүргізу (мемлекеттік кәсіпкерлік) құқығына негізделген азаматтардың және заңды тұлғалардың бастамалы қызметі. Кәсіпкерлік қызмет кәсіпкердің атынан, тәуекелмен және мүліктік жауапкершілікпен жүзеге асырылады». Кәсіпкерлік қызмет анықтамасынан шаруашылық қызмет келесі қажетті белгілермен сипатталады: а) нарықта өнім, қызмет көрсету, жұмыстар өндіру және сату арқылы кіріс (пайда) алуға бағытталған; б) бастама болып табылады, яғни кәсіпкердің тек өз ықтияры бойынша оның мүддесіне сәйкес және оның өз қарауы бойынша жүзеге асырылуы мүмкін. Небір жетекші органның немесе тұлғалардың бұйрығы немесе тікелей нұсқауы бойынша іс-әрекетті жүзеге асыруды кәсіпкерлік деп есептеуге болмайды; в) кәсіпкердің толық мүліктік дербестігі базасында жүзеге асырылады. Кәсіпкер мүліктік базаның меншігі болып табылады, ол кәсіпкерлік барысында болуы мүмкін мүліктік шығын мен шығыстың толық қаупін көтереді; г) кәсіпкер азаматтық айналымда өз атынан сөйлейді.
Екіншіден, кәсіпкер Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 10-бабының 3-тармағын зерттеуі керек, онда кәсіпкерлерді қорғау және қолдау тәсілдері қаралады: 1) кәсіпкерлік қызметті, қызметтің лицензияланатын түрлерінен басқа, ешкімнің рұқсатын алмай-ақ жүзеге асыру мүмкіншілігі. Конституцияның 10-бабы Қазақстан Республикасының әр азаматының, арнайы рұқсат талап етілетін қызмет түрлерінен басқа(лицензия), ешбір шектеусіз және рұқсатсыз кәсіпкерлік қызметпен айналысуға құқығын бекітеді. Кәсіпкерлік қызметті лицензиялаудың негізгі міндеті не өз- өзінен немесе оны ойдағыдай емес жағдайда жүзеге асырған кезде мемлекеттік немесе азаматтар мүддесін бұзуы мүмкін түрлерін шектеу болып табылады.
Кәсіпкерлікті лицензиялауға заңнамалық негіз болып «Лицензиялау туралы» Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 17 сәуірдегі Заңы қызмет атқарады. Лицензияны беру шарттары бұзылған жағдайда ол заңсыз деп мойындалуы мүмкін. Лицензияны мерзімінен бұрын тоқтату, кері қайтарып алу, оның іс-әрекетін тоқтата тұру немесе оны заңсыз деп мойындау заңнамалық актілермен бұлтартпай белгіленген және сыбайлас-жемқорлыққа жол бермеу үшін оған қатаң сәйкес болуға тиіс. 2) кәсіпкерліктің барлық түрлерін экономиканың барлық саласында бір тіркеу органда шамасынша жеңіл тіркеу тәртібі. «Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілеттіктерді есепке ала тіркеу туралы» Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 17 сәуірдегі Заңымен заңды тұлғаларды тіркеудің жалпы тәртібі белгіленген, оның ішінде кәсіпкерлік қызметпен айналысатындарды да. Тіркеу кезінде кәсіпкерлік қызметпен айналысу заңдылығы тексеріледі. Қазіргі жағдайда мағынасыз деген желеумен тіркеуден бас тартуға тыйым салынады (тауарлар мен қызмет көрсетуге сұраныс жоқ, зор бәсекелестік,т.б.). Тіркелу үшін кәсіпкер-өтініш беруші тек қана бір тіркеуші органға жүгінуге тиіс. Егер заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу туралы заңмен талап етілетін құжаттар ойдағыдай құрастырылған болса, тіркеуші органның тіркеуден бас тартуға немесе өтініш берушіден небір қосымша бұрыштамалар, келісімдер, рұқсат және т.б. талап етуге құқығы жоқ. Осы заңның 6-бабы заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу тәртібін қарайды. Заңды тұлғаны тіркеу үшін тіркеуші органға ҚР Әділет министрлігі белгілеген форма бойынша өтініш беріледі және мемлекеттік және орыс тілдерінде құрастырылған үш дана құрылтай құжаттары қосымша беріледі. Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгілеген тәртіппен куәландырылған құрылтай құжаттарды қосымша берумен бірге құрылтайшы немесе өкілетті құрылтайшы қол қояды. Сол мезетте тіркеуші органға заңды тұлғаның орналасқан орнын куәландыратын құжат, сондай-ақ заңды тұлғаның мемлекеттік тіркеу үшін жинақты бюджетке төлегенін куәландыратын түбіртек немесе құжат тапсырылады. Шағын кәсіпкерлік субъектілері олардың орналасқан орнын куәландыратын құжат тапсырмайды. Заң және басқа заңнамалық актілермен қарастырылғаннан басқа небір құжаттар мен мәліметтерді талап етуге тыйым салынады. Тіркеудің мағнасы жариялылық жағдайын жасайтынында, себебі тіркеуші орган арқылы кез келген мүдделі тұлға заңды тұлғаны сипаттайтын барлық материалдармен танысуға құқылы, егер олар жабық немесе мемлекеттік немесе коммерциялық құпия болып табылмаса.Коммерциялық құпияны сақтауды заңды қамтамасыз ету кәсіпкерлер мүддесін қорғаудың (Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 42-бабы) маңызды шарасы болып қызмет етеді.
Коммерциялық (кәсіпкерлік) құпия заңмен қорғалады.Коммерциялық құпияны құрастыратын мәліметтерді белгілеу тәртібі, оны қорғау құралдары, сондай-ақ коммерциялық құпия құрамына кіруге тиіс емес мәліметтер тізілімі заңнамамен белгіленеді. Коммерциялық құпияға мемлекеттік бақылау функцияларын, тергеу немесе сот іс-әрекеттерін орындау арқылы, қызмет жағдайымен және т.б. қол жеткізе алатын тұлғалар оны басқа тұлғаларға жарияламауға міндетті. 3) мемлекеттік органдармен жүзеге асырылатын кәсіпкерлік қызметті тексеруді заңнамалық актілермен шектеу.
Қазақстан Республикасында кәсіпкерлік қызметті және бақылау-қадағалау функцияларын жүзеге асыратын органдардың қызметін реттейтін нормативтік-құқықтық актілердің көптеген саны қабылданған. Оларға «Жеке меншік кәсіпкерлік туралы» және «Мемлекеттік құқықтық статистика және арнайы есеп жүргізу туралы» Қазақстан Республикасының заңдары, Бас прокурордың 2004 жылғы 1 наурыздағы бұйрығымен бекітілген шаруашылық субъектілер қызметін тексерудің барлығын есепке алу бойынша нұсқау. Кәсіпкер оларға оның қызметін тексерумен байланысты сұрақтар пайда болған жағдайда жүгіне алады. Тексеріс тағайындалғаны туралы акті негізінде тек қана бір тексеріс жүргізіледі. Тексеріс тек қана тексеріс тағайындалған актіде көрсетілген лауазымды тұлғамен (тұлғалармен) жасалады. 4) кәсіпкерлік қызметті заңнамалық актімен қарастырылған негіз бойынша шығарылған сот шешімі бойынша мәжбүрлікпен тоқтату. Кәсіпкерлік қызмет кез-келген негіз бойынша тоқтатылуы мүмкін. Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 49-бабы заңды тұлғаның сот шешімі бойынша таратылу жағдайларын қарайды: банкрот болған жағдайда; заңды тұлғаны оны құрғанда заңнамалық бұзушылық жіберілген кезде тіркелгенін заңсыз деп мойындаған кезде; заңды тұлғаның жарғылық мақсаттарына қайшы қызметті әрдайым жүзеге асырғанда; қызметті тиісті рұқсатсыз (лицензиясыз) немесе заңнамалық актілермен тыйым салынған қызметті, немесе бірнеше дүркін немесе дөрекі заңнамалық бұзушылықпен, оның ішінде декларация бермеумен жүзеге асырылса; заңнама қарастырған басқа жағдайларда. 5) заңнамалық актілермен жеке меншік кәсіпкерлік үшін тыйым салынған жұмыстар, тауарлар және қызмет көрсету түрлерін, экспортқа немесе импортқа тыйым салынған немесе шектелген тізілімдерін белгілеу. Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 49-бабының 2-тармағымен заңнамалық актілермен тыйым салынған қызметті жүзеге асырған кезде заңды тұлғаны сот тәртібінде таратуын қарастырады. Мұндай актілермен жеке меншік кәсіпкерлік үшін тыйым салынған жұмыстар, тауарлар және қызмет көрсету түрлерін, экспортқа немесе импортқа тыйым салынған немесе шектелген тізілімдер қарастырылуы мүмкін. Мемлекеттік заңды тұлғалар үшін шектеу олардың құрылтай құжаттарымен және олардың құқықтық мәртебесі туралы нормативтік актілермен, сондай-ақ Қазақстанның халықаралық келісімдерімен қарастырылған. 6) мемлекеттік органдарды, лауазымды тұлғаларды, сондай-ақ басқа тұлғаларды және ұйымдарды кәсіпкерлер алдында олардың қызметіне заңсыз кедергі жасағаны үшін заңнама белгілеген мүліктік жауапкершілікке тарту.
Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 922-бабы мемлекеттік органдармен, жергілікті өзін-өзі басқару органдарымен, сондай-ақ олардың лауазымды адамдарымен келтірілген зиян үшін жауапкершілік қарастырылады. Мемлекеттік органдардың заңнамалық актілерге сәйкес емес актілер шығарғаны нәтижесінде келтірілген зиян сот шешімі негізінде, акт шығарған органдардың, лауазымды адамдардың кінәсіне қарамастан, орнын толтыруға жатады. Зиян орны мемлекеттік қазына есебінен толтырылады. Лауазымды адамдардың, мемлекеттік органдардың әкімшілік басқару саласындағы заңсыз іс-әрекеттерімен (әрекетсіздігімен) келтірілген зиян орны осы органдардың билігінде тұрған ақша есебінен жалпы негізде толтырылады. 7) атқарушы, бақылаушы және қадағалаушы органдарға кәсіпкерлік субъектілермен осы органдардың функциясына жататын міндеттерді орындауға келісім-шартқа тұруға тыйым салу. Кәсіпкерлік субъектілерімен келісім қатынастарға түсу «Сыбайлас-жемқорлықпен күрес туралы» Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 2 шілдедегі Заңымен қарастырылған сыбайлас-жемқорлықпен күрестің негізгі қағидаларына қайшы, оның 5-бабының 9 тармағы бақылау жасайтын жеке және заңды тұлғаларға кәсіпкерлік қызметпен айналысуға мемлекеттік реттеудің болмауы туралы жариялайды.
Түркістандық кәсіпкерлерге айта кетерлік тағы бір жағымды жаңалық, Түркістанда кәсіпкерлерге арналған бөлшек салық мөлшерлемесі 4 пайыздан 2 пайызға төмендетілді. Бұл туралы таяуда өткен брифингте Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің Мемлекеттік көрсетілетін қызмет басқармасының басшысы Сәуле Шырынбекова мәлімдеді.
«Енді Түркістан қаласы мен облыстағы кәсіпкерлер арнайы салық режимін 2% жеңілдікпен төлей алады. Бастапқыда бөлшек салық тек тамақтану саласында ғана қолданылған болса, қазір 364 қызмет түріне қолданылады. Салық кезеңі үшін қызметкерлердің орташа саны 200 адамнан және жылдық табысы 600 000 АЕК (2 215 200 000) млн. тенгеден аспауы тиіс. Ал бұдан жоғары болған жағдайда қосымша құн салығы төленеді. Жеке кәсіпкер де, серіктестік те бөлшек салықты қолдануға құқылы. Жүйе шағын және орта бизнес субъектілерін қолдау мақсатында қолға алынған. Бұл ретте сатып алушы жеке кәсіпкер немесе заңды тұлға жалпыға бірдей белгіленген тәртіпте жұмыс істейтін болады»,- деді Сәуле Әбдәшімқызы.
Брифингке қатысқан кәсіпкерлік палатасының шағын кәсіпкерлікті дамыту бөлімінің басшысы Әзірет Ыдырыстың айтуынша, бұл жоба өңірдің кәсіпкерлік саласының дамуына серпін береді.
«Бүгінгі таңда өңірде жалпы 200 000-нан астам шағын және орта кәсіпкерлік нысандары тіркелген. Қазіргі уақытта облыс бойынша 3 000-ға жуық кәсіпкер қосымша құн салығын төлейді. Бөлшек салықтың арнаулы салық режимінің мөлшерлемесін 50%-ға дейін түсіру туралы шешімді жергілікті мәслихат шығарып, ал ұсынысты жергілікті атқарушы органдар береді. Осы ретте тиісті шаралар атқарылып, Палата тарапынан кәсіпкерлерге тиімді салықтық мөлшерлеме ұсынылды. Нәтижесінде өңіріміздегі барлық аудан-қалалар бойынша бөлшек салықтың арнаулы салық режим мөлшерлемесі төмендетілді»,- деді Әзірет Ыдырыс.
«Салық және бюджетке төленетін басқа міндетті төлемдер» туралы кодексінің 696-3-бабына сәйкес бөлшек салықтың арнаулы салық режимін келесідей шарттарға сәйкес келген салық төлеушілер қолдануға құқылы: Салық кезеңінде қызметкерлердің орташа тізімдік саны 200 адамнан аспайтын; Күнтізбелік жылдағы табысы 600 000 айлық есептік көрсеткіштен аспайтын (яғни 2024ж. шамамен 3 692 х 600 000 = 2 215 200 000 теңгеден); Осы режимді қолдану үшін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған қызмет түрлерінің біреуін немесе бірнешесін жүзеге асыра алады.
Экономикалық қызметтің жалпы тізбегі негізінен жеке тұлғалар үшін тауарларды сатуға және қызметтер көрсетуге бағытталған 364 қызмет түрі кіреді. Оның ішінде бөлшек сауда, автомобильдер, киім-кешек пен жиһазды жөндеу, ағаш өңдеу, сырлау және сылақ жұмыстары, жолаушы тасымалы, сондай ақ қоғамдық тамақтану және т.б. қызмет түрлері. («Бөлшек салықтың арнаулы салық режимін қолдану мақсаттары үшін қызмет түрлерін айқындау және «Бөлшек салықтың арнаулы салық режимін қолдану мақсаттары үшін қызмет түрлерін айқындау туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 2 ақпандағы № 30 қаулысына өзгерістер енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 17 қарашадағы № 912 қаулысының күші жойылды деп тану туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 22 мамырдағы № 393 қаулысы (бұдан әрі-ҚР Қаулысы) 30.05.2023 жылы ресми жарияланды). Бөлшек салықтың арнаулы салық режимін ставкалары.
Төлем көзінен ұсталатын салықтарды қоспағанда, корпоративтік немесе жеке табыс салығын есептеуді бөлшек салықтың арнаулы салық режимін қолдану кезінде салық төлеуші есепті салықтық кезең ішінде салық салу объектісіне мынадай мөлшердегі мөлшерлемені өз бетінше қолдану арқылы жүргізеді: егер осы тармақтың үшінші абзацында өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасында және оның шегінен тыс жерлерде салықтық кезеңде алынған (алынуға жататын) кірістер бойынша – 4 %; корпоративтік немесе жеке табыс салығын есептеу үшін шығыстар сомаларын шегерімге жатқызу бойынша осы Кодекстің 3-2-тармағының нормаларын 242-бабы қолданатын салық төлеушілерге тауарларды өткізуден, жұмыстарды орындаудан, қызметтер көрсетуден алынған кірістер бойынша – 8 %. Жергілікті мәслихаттар жекелеген салалар үшін мөлшерлемені 2 пайызға дейін төмендетуі мүмкін. Яғни, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының рөлі артты. Мөлшерлемені реттеу арқылы белгілі бір саланың дамуына мүмкіндік береді. Бұл ретте жергілікті уәкілетті органдардың бөлшек салық ставкаларының мөлшерін 50 пайызға яғни, 4 пайыздан 2 пайызға дейін төмендету мүмкіндігі бар (Қызылорда қалалық мәслихатының 30.06.2023 жылғы №45-5/1 санды шешімімен 4 пайыздан 2 пайызға төмендетілді).
Ал, ірі кәсіпорындардың салығын төмендету үшін дара кәсіпкерлерді пайдалануын болдырмау мақсатында шығыстарды сатып алушы шегерімге жатқызған кезде салықтың жоғары мөлшерлемесі белгіленеді яғни, бұл 8 пайыз. Салық кезеңі. Бөлшек салықтың арнаулы салық режимін қолдану үшін салықтық кезең күнтізбелік тоқсан болып табылады. Бөлшек салықтың арнаулы салық режимін қолданатын салық төлеушілер үшін декларациялар салық төлеушінің орналасқан жеріндегі салық органына есепті салықтық кезеңнен кейінгі екінші айдың 15-інен кешіктірілмей тапсырылады. Салық есептіліктері. 913.00 нысанды «Бөлшек салықтың арнаулы салық режимін қолданатын салық төлеушілер үшін Декларация» 200.00 нысанды «Жеке табыс салығы және әлеуметтік салық бойынша декларация». Төлеу мерзімі. Бөлшек салықтың арнаулы салық режимін қолданатын салық төлеушілер үшін декларацияда көрсетілген салықтарды бюджетке төлеу есепті салықтық кезеңнен кейінгі екінші айдың 25-інен кешіктірілмей жүргізіледі.