Жаңалықтар

Өскеменнің ауа сапасы экологтардың жіті бақылауында

Бүгін Шығыс Қазақстан облысы экология департаментінің өкілдері қоғам белсенділері, облыстық мәслихат депутаттарымен бірлесіп экологиялық рейдке шықты.

 

Облыс орталығындағы өнеркәсіп ошақтарының жұмысы және олардың ауаның тазалығына әсері жергілікті билік органдарының жіті бақылауында екені белгілі. Бұл орайда аймақ басшысы Ермек Көшербаев экологтардан, сарапшылардан, қоғам белсенділері мен метеорологтардан арнайы тексеру тобын құрған болатын.

 

Бүгін осы арнайы топтың экологиялық рейді «Май» АҚ-ның санитарлық-қорғау аймағында басталып, мұнда аспаптық өлшемдер жасалды.

 

Нәтижесінде хлордың шекті рұқсат етілген концентрациясының екі есе асып тұрғандығы анықталды. Сондай-ақ, «Қазгидромет» РМК ШҚО филиалының мәліметі бойынша, автоматты өлшеу станциясында көмірқышқыл газының шекті рұқсат етілген концентрациясының мөлшерден асуы анықталды. Өзге көрсеткіштер қалыпты нормадан асқан жоқ.

 

ШҚО экология департаменті басшысының міндетін атқарушы Азамат Тауырбековтың айтуынша, Өскеменде 20-қарашадан бері қолайсыз метеорологиялық жағдай қалыптасып отыр. Осыған байланысты қалада бірнеше күн бойы желсіз болып, ауа тұманданып тұр.

 

«Қазгидромет» РМК ШҚО филиалы басшысының айтуынша, Өскеменде қолайсыз ауа райы қараша айының соңына дейін сақталады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button