(Қазақша) Баспанасы өртеніп кеткен ақтөбелік отбасы жаңа үйге кіріп, қоныс тойын тойлады
![](https://degeneken.kz/wp-content/uploads/2025/02/WhatsApp-Image-2025-02-08-at-14.06.54-780x470.jpeg)
Мүгедек бала тәрбиелеп отырған жанұяға «AMANAT» партиясынан сайланған қалалық мәслихат депутаты қол ұшын созған.
🔹Тұрар Иниятов өрт шығатын күні отбасымен ағасының үйінде болыпты. Көршілері хабарласқан бойда алып-ұшып жеткенімен, қызыл жалын үйдің төбесін шарпып үлгерген. Жас отбасының басына түскен қиындыққа Ақтөбе қалалық мәслихатындағы «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Шынар Ершілік бей-жай қарамады. Ол демеуші тауып, жедел арада баспана алуға көмек ұйымдастырды.
💬-Бұл отбасы мүгедек бала тәрбиелеп отыр. Оның үстіне келіншегі жүкті, үйі өртенген кезде айы-күні жетіп отырған болатын. Сондықтан да қол қусырып қарап отыра алмадым. Астанадағы құрбымның демеушілігімен өздері қалаған үйді сатып алдық. Жалпы өз басым адамдардың күйзелісін көргенде, көмектесуге аянбаймын, — деді Шынар Ершілік.
🔸Тұрар Иниятов депутаттың көмегіне дән риза. Ол Шынар Ершіліктің жаңа үйдің құжаттарын рәсімдеуге және осы маңға аялдама орнатуға көмек көрсеткенін айтады. Отағасы жалдамалы пәтерден жаңа баспанаға көшкен бойда ұлының дүниеге келгенін жақсылыққа балап отыр. Болашақта ауласына бау-бақша салу немесе тауық өсіру жоспарында бар.
💬-Үлкен қызым мүгедек болып дүниеге келді. Несие алып, Ташкенттен емдеттік. Қызымның емін жалғастырғалы отырғанда оқыс оқиға орын алды. Не істерімізді білмей қалдық. Өзім дене шынықтыру пәні мұғалімі болғанымен, жұмыс болмаған соң жүк тиеуші болып нәпақа табамын. Депутат көмектеспегенде, жағдайымыздың қалай болатынын ойлаудың өз қорқынышты еді. Осыған дейін Шынар Ершіліктің бірнеше отбасының баспаналы болуына себепші болғанын естігенбіз. Енді міне, өзіміз де 4 бөлмелі даңғарадай үйге ие болғанымызға сенбей отырмыз. Демеушіге де, депутатқа да алғысым шексіз, — деді ол.
📍Айта кету керек, қалалық мәслихат депутаты Жандос Жаңабай жаңа үйге жиһаз алып берді.