(Қазақша) Ұлттық құндылықтарды насихаттау мақсатында биыл Наурыз мерекесі

Мемлекет басшысы 2024 жылы мақұлдаған Наурызнама тұжырымдамасына сәйкес жаңартылған форматта өткізіледі. Он күн қатарынан тойланатын Ұлыстың Ұлы күнінде салт-дәстүр, әдет-ғұрып, ұлттық тағамдар мен төл ойындар, халқымыздың қолөнері және музыкасы іс-шаралар мазмұнын идеялық әрі құндылық тұрғысынан байыта түседі.
Елімізде Наурызнама онкүндігі «14 наурыз – «Көрісу күні – Амал мерекесінен» бастау алды. Дәстүр бойынша осы күні қыстан аман шыққан жұртымыз төс қағысып көрісіп, жаңа жылдың берекелі болуын тілеген. Ағайынды жақындастырып, өзара татулығын арттыратын маңызды күні «Анаға тағзым» орталығында «Амал келді, жыл келді!» тақырыбында мерекелік шара өтті. Көнеден келе жатқан ұлттық мейрамның мәнін ашып, ұмытылып бара жатқан әдеп-ғұрыптарымызды өскелең буынға дәріптеу мақсатында ұйымдастырылған шарада «Аластау» дәстүрі, «Жарапазан» ғұрыптық әні, Бәдік жыры орындалып, тұсаукесер рәсімі көрсетілді. Қатысушылардың зеректігі мен білімін сынау мақсатында Наурыз айында өткізілетін «Ұйқыашар» жоралғысы, «Саумалық» айту салты, «Құтаю» рәсімдеріне қатысты сұрақтар қойылып, әр ғұрыптың мән-маңызы кеңінен түсіндірілді. Құлақ құрышын қандырар қазақтың ұлттық ән-жырлары нақышына келтіріп орындалды.
Наурыз мейрамы елімізде 14-23 наурыз аралығында кеңінен атап өтіледі. Көпшілік бойында өз Отанына деген мақтаныш сезімін қалыптастырып, патриотизмді дәріптеуге, тұрақтылыққа, ұлттық бірлік идеясын насихаттауға және болашаққа деген сенімді арттыруға ықпал ететін онкүндік «23 наурыз – Тазару күнімен» түйінделеді.