Новости
(Қазақша) Ұлытауда «Ұлттық киім – ұлт бейнесі” атты киім фестивалі өтті

2025 жылдың 17 сәуірінде Жезқазған қаласында “Ұлттық киім – ұлт бейнесі” атты дәстүрлі және заманауи ұлттық киім үлгілерінің фестивалі табысты өтті. Ауқымды мәдени шара қазақ халқының бай киім мәдениетін жаңғырту, оны заманауи сәнмен үндестіре отырып ұлт болмысының бейнесін насихаттауға бағытталды.
Фестиваль аясында ұлттық киімнің халқымыздың рухани-мәдени құндылықтарын айшықтап, дәстүр мен дінді үйлестіретін рөліне ерекше назар аударылды. Ұлттық киім – ұлттың өзіндік болмысы мен салт-санасын дәріптейтін символ ретінде, теріс діни ағымдардың ықпалына қарсы қоғамда иммунитет қалыптастыру құралы бола алатыны ерекше атап өтілді.
Салтанатты ашылу барысында:
•Ұлттық нақышпен безендірілген сахна мен киімдер көрмесі ұйымдастырылды;
•Танымал отандық дизайнерлердің топтамалары жұрт назарына ұсынылды;
•Халықаралық деңгейдегі Aida KaumeNOVA сән үйінің топтамасы көпшіліктің ерекше ықыласына ие болды.
Құрметті қонақтар қатарында:
•Ұлытау облысы әкімінің орынбасары Зина Жұманазарқызы Ақылбекова
•Қоғам қайраткері, белгілі тележурналист Дана Нұржігіт
•Астана қаласындағы “Ырыскелді қажы” мешітінің бас имамы, дінтанушы Нұрлан Байжігітұлы
•Алматы қаласынан арнайы шақырылған дизайнерлер Мадина Бектай мен Бекбатыр Гүлнұр болды.
Қонақтар өз сөздерінде ұлттық киім – тек сән элементі емес, ұлттың рухани-мәдени тамырының көрінісі екенін атап өтті. Олар мұндай бастамалар жастардың діни сауаттылығын арттырып, жат идеологиялардан қорғауға сеп болатынын жеткізді.
Фестиваль бағдарламасы аясында:
•Заманауи үлгідегі ұлттық киімдердің дефилесі ұйымдастырылды;
•Дизайнерлердің шығармашылығы мен шеберлігі таныстырылды;
•Ұлттық өнер мен салт-дәстүрді ұлықтаған сахналық қойылымдар ұсынылды;
•Қолөнершілер жәрмеңкесі өтті;
•Қонақтар мен қатысушылар марапаттармен және алғыс хаттармен марапатталды.
Айта кетейік, фестивальде ұсынылған ұлттық киім топтамалары 2025 жылдың 18 сәуір күні Жезқазған қаласындағы “ПЛАЗА” сауда үйінде сатылымға шығарылады. Бұл – ұлттық киімнің күнделікті өмірге енуіне жасалған нақты қадам.
Іс-шараны ұйымдастырушы:
Ұлытау облысының дін істері басқармасы
Мақсаты:
Ұлттық киім арқылы рухани және мәдени құндылықтарды жаңғырту, сондай-ақ теріс діни ағымдарға қарсы қоғамда иммунитет қалыптастыру.