(Қазақша) ҰЛЫ ЖЕҢІС – ҰРПАҚҚА АМАНАТ

Бүгін Қызылордадағы «Тағзым» алаңында Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған «Ұлы Жеңіс – ұрпаққа аманат» атты салтанатты шара өтті. Оған Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары Наурызбай Байқадамов, Руслан Рүстемов, Мұрат Әбенов, Мархабат Жайымбетов,Мұрат Ергешбаев және облыстың зиялы қауым өкілдері мен ел ағалары, қала тұрғындары қатысты.
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев аймақ тұрғындарын Жеңістің 80 жылдығымен құттықтады.
«Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай өткен әскери шеруде Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Біз елдік үшін күрескен батыр бабаларды ұлықтаймыз. Отан қорғау жолында опат болған боздақтарға тағзым етеміз», – деп, 500-ге жуық көшеге Қазақстан қаһармандарының есімі берілетінін атап өтті. Осы орайда, ерекше атап өту қажет, оның 146-сы – облысымыздың ардагерлері. Жыл аяғына дейін қаһармандардың есімдері көшелерге беріледі.
Сұрапыл соғыс жеңімпаздарының ерен ерлігін, шексіз батырлығын жадымызда жаңғырту, оларды мәңгі есте сақтау – қасиетті борышымыз. Жеңіс күні арыстарымызды еске алып, арамыздағы ардақты ардагерлерімізге құрмет көрсету – елдік парызымыз. Арын – байрақ, намысын – найза еткен ерлеріміздің қаһармандығы аңызға айналуда.
Бүгінгідей Тәуелсіз ел атанып, еңсеміздің биік болуы, өркендеп-өрістеуіміз де – осы Ұлы Жеңістің жемісі. Аға буынның қайсарлығы мен төзімділігі, табандылығы мен патриоттығының арқасында бейбіт заманда еңбек етіп, ұрпақ өсіріп, жарқын болашаққа қадам басып келеміз.
Батыр бабаларымыз қол жеткізген қасиетті де ұлы ерлік ел жадында мәңгі сақталады! Тәуелсіздігіміз тұғырлы, егемендігіміз еңселі болғай!» – деді аймақ басшысы.
Салтанатты шарада сұрапыл соғыс жылдары ерлік көрсеткен қаhармандар құрметіне бір минут үнсіздік жарияланып, ескерткішке гүл шоқтары қойылды. Жеңіс туы желбірегелі 80 жыл өтсе де, қасық қаны қалғанша күресіп, кейінгіге бейбіт өмір сыйлаған боздақтардың, хабар-ошарсыз кеткендердің, елге оралған соң еңбек майданында шыңдалған ардагерлердің ерлігі ұмытылмайды.
Рәсімде Парламент Сенатының депутаты Руслан Рүстемұлы құттықтау сөз сөйледі. Қоғам қайраткерлері Нажмадин Түркпенұлы, Айтбай Көшербайұлы игі тілегін айтып, батасын берді.
Сонымен қатар, Жеңісті жақындатуға өлшеусіз үлес қосқан тыл ардагерлері «Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 80 жыл» мерекелік медалімен марапатталды.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі