(Қазақша) ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА МҰҚТАЖ ОТБАСЫҒА ҮЙ СЫЙЛАҒАН ТҮЛЕКТЕР ИГІ ІСТІ ЖАЛҒАСТЫРДЫ

Түркістан облысы Түлкібас ауданында жүрек тебірентерлік оқиға орын алды. Бұл — тек үй сыйлау емес, бұл — бірліктің, жанашырлық пен адамгершіліктің жарқын көрінісі. Мектеп бітіргендеріне 20 жыл толған Абай, Садыков және Ломоносов атындағы мектептердің түлектері күш біріктіріп, өздерінің мерейтойын игі іспен атап өтті: мұқтаж отбасыға кең әрі жайлы алты бөлмелі үй сыйлады.
Бұл дәстүр осыдан сегіз жыл бұрын басталған болатын. Ол кезде Абай атындағы лицей-мектептің 20 жылдық түлектері елімізде алғаш болып көпбалалы, баспанасыз отбасыға үй тарту еткен еді. Осы бастамадан кейін түлектердің игі істер эстафетасы жалғасын тауып, әр буын оны құр қол қайтармауға тырысуда.
Биылғы қайырымдылық акциясы аясында 13 миллион теңге жиналды. Оның 9 миллионы үй сатып алуға жұмсалса, қалған сома күрделі жөндеуге, толық жиһаз және тұрмыстық техникамен жабдықтауға бағытталды. Нәтижесінде отбасы бірден жаңа әрі жайлы баспанаға кіре алды.
Жаңа үйдің ауласында өткен салтанатты шараға 300-ге жуық адам жиналды. Түлектер садақа ұйымдастырып, отбасыға үйдің кілтін салтанатты түрде табыстады. Жаңа үйдің иелері — Қаратаевтар отбасы. Отағасы — бірінші топ мүгедегі. Бұған дейін олар жалдамалы пәтерлерде тұрып келген, сондықтан бұл үй — олар үшін үлкен үміт пен жаңа өмірдің бастауы.
— Мұндай сыйлықты армандаған да жоқпыз. Бұл біз үшін нағыз керемет болды. Жанашырлық танытқан барлық азаматтарға алғысымыз шексіз, — деді көз жасын әрең тыйған отбасы анасы.
Әдеттегідей, түлектер игі істі жалғастыру үшін қайырымдылық эстафетасын 2006 жылғы түлектерге табыстады. Осылайша, әр жылғы түлек өз кезегінде қайырымдылыққа үлес қосып келеді. Бұл бастама көптеген түлектерді біріктіріп, адамдардың өмірін жақсартуға серпін беруде.
Бұл оқиға – бір ізгі ойдың қаншалықты үлкен қозғалысқа айналатынының айқын дәлелі. Осындай әрекеттер бүгінгі қоғамның басты құндылықтарын – жанашырлық, бірлік пен қамқорлықты айқындай түседі.