(Қазақша) Еңбекқорлық, іскерлік және тұрақты даму үлесі: Жаңаарқа ауданында кәсіпкерлерге гранттық қолдау көрсетілді

Жаңаарқа әкімі грантының жеңімпаздары анықталды
Жаңаарқа ауданында жастардың кәсіпкерлік бастамаларын қолдау мақсатында аудан әкімінің гранты табысталды. Бұл бастама жастардың өз ісін ашуына, өңір экономикасын дамытуға және экологиялық тұрғыдан тиімді жобаларды ілгерілетуге бағытталған.
Аудан әкімінің грантына ие болған Ізтөлеу Шолпан Диханқызы өз кәсібін ресми түрде іске қосты. Оның «Лого Пакет» деп аталатын жобасы экологиялық таза қағаз пакеттерді өндіру және оларға логотип басып шығару қызметін ұсынады. Бұл өнімдер қайта өңдеуге жарамды және қоршаған ортаға зиянсыз материалдардан жасалады.
Жобаның салтанатты ашылу рәсіміне аудан әкімі Қожықаев Қанат Шубайұлы арнайы қатысып, жас кәсіпкерге табыс тілеп, осындай бастамалардың жастар арасында кеңінен таралуына себепкер болатынын атап өтті. Ол, сондай-ақ, мұндай жобалар еңбекқорлықты насихаттап, өз кәсібін ашуға ниетті азаматтарға нақты мүмкіндік беретінін жеткізді.
«Лого Пакет» – өңірде экологияны сақтауға, жасыл экономика қағидаларын енгізуге және жергілікті өзін-өзі жұмыспен қамту үлесін арттыруға бағытталған ерекше жоба. Бұл бастама кәсіпкерліктің әлеуметтік маңызын айқындап, қоғамда экологиялық жауапкершілік мәдениетін қалыптастыруға үлес қоспақ.
Шолпан Диханқызының айтуынша, жергілікті тұрғындар да жұмыспен қамтылып, болашақта өндіріс көлемін арттыру көзделіп отыр. Кәсіпкер заманауи жабдықтар мен технологияларды пайдалана отырып, сапалы әрі сұранысқа ие өнім шығаруға басымдық беруде.
Жаңаарқада жүзеге асып жатқан бұл бастама – «Халық табысын арттырудың 2029 жылға дейінгі бағдарламасы» мен еңбекке баулуға бағытталған мемлекеттік саясаттың жарқын көрінісі. Мұндай жобалар арқылы жастар өз әлеуетін іске асырып қана қоймай, туған өлкесінің әлеуметтік-экономикалық дамуына да үлес қосады.
Бүгінде Шолпан Диханқызы қолға алған бұл іс көпке үлгі. Кәсібін жаңа бастаған жастар үшін оның жетістігі мотивация болары сөзсіз. Алдағы уақытта «Лого Пакет» бренді кеңейіп, нарыққа жаңа өнімдер ұсынуы әбден мүмкін.