ШҚО ӘКІМІ ТАРБАҒАТАЙ АУДАНЫНЫҢ ХАЛҚЫМЕН КЕЗДЕСУ ӨТКІЗДІ

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов Тарбағатай ауданына жасаған жұмыс сапары аясында аудан халқымен кездесті.
“Бүгінгі кездесуіміз ашық диалог форматында өтеді. Атқарушы органдардың жұмысы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмалары мен әлеуметтік-экономикалық реформалары аясында жалғасып жатыр. Осыған орай бүгін экономиканы өсіру және әртараптандыру, инфрақұрылымды дамыту, өзекті әлеуметтік мәселелерді шешу бағыттарына тоқталамыз. Президент 2029 жылға дейін экономикалық өсімді екі есе арттыруды тапсырды. Жалпыөңірлік өнімнің 40%-ын өнеркәсіп құрайтынын және сыртқы факторлардың ықпалын ескере отырып, біз экономиканы әртараптандыру жұмысын жалғастырып келеміз. Экономиканың жыл сайынғы өсімін қамтамасыз ету үшін өңірлік жобалық кеңсе құрылды. Барлық қала-аудандарда экономикалық өсім нүктелерінің бес жылдық жоспары және ауылдық округтердің «Жол карталары» бекітілді. Әрбір аудан әкімімен 2025 жылға арналған нысаналы индикаторларға қол жеткізу бойынша меморандумдарға қол қойылды, онда нақты жобалар мен іс-шаралар қамтылған”, – деді Нұрымбет Сақтағанов.
Облыс әкімінің айтуынша, Тарбағатай ауданында агроөнеркәсіптік кешен мен өнеркәсіп салаларын дамыту әлеуеті жоғары. Сонымен қатар ауданның экономикалық және адами капиталы жеткілікті. Тарбағатай ауданының 2029 жылға дейінгі даму жоспарына сәйкес 20,3 млрд теңге бюджет қаражаты және 231,2 млрд теңге жеке инвестиция тарту көзделіп отыр.
Биыл Ақжар ауылында темірбетон бұйымдарын шығаратын жаңа цех ( «ИВЕГА»ЖШС), Тұғыл ауылында балық ыстайтын цех (ӨК «Зайсан балықшылары»), Тәуке ауылында асфальт-бетон зауыты («ИВЕГА»ЖСШ), Байтоғас ауылында балық өңдеу цехы ашылады. Зайсан көлі жағалауында туристік-рекреациялық аймақ дамытылады. Жетіарал ауылында мал азығы мен көкөніс дақылдарын өсіру жобасын жүзеге асыру үшін жаңбырлатып суару жүйесі орнатылады ( «Қызылбұлақ»ӨК).
Облыс әкімі ауданның даму жоспарына енгізілген іс-шаралардың сапалы әрі уақытылы орындалуын, табысты арттыру көздерін іздестіру және салық базасын кеңейту жұмыстарын жандандыруды тапсырды.
Сондай-ақ, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мен Тарбағатай ауданының әкімдігіне Қандысу су қоймасына қарасты 20 ішкі шаруашылық арналарына қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуді тапсырды. Бұл шаралар жер мен су ресурстарын тиімді пайдалану және өсімдік шаруашылығы өнімдерінің көлемін арттыруға бағытталған.
Облыс басшысы ауданға қажетті медициналық кадрларды тарту жұмыстарын күшейтуді, жыл соңына дейін аудандық аурухананың жұқпалы аурулар бөлімшесінің және Тұғыл ауылындағы дәрігерлік амбулаторияның күрделі жөндеуін аяқтауды, сондай-ақ экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасымен бірлесе отырып, Ақжар ауылындағы емхананы күрделі жөндеуге арналған шығындарды 2026–2028 жылдарға арналған бюджет жобасына енгізуді тапсырды.
Бұған қоса, биыл Ақжар ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысын және стадионды қайта жаңғырту жұмыстарын, сондай-ақ Жанатілеу ауылындағы клубтың күрделі жөндеуін аяқтау қажет.
Кездесу соңында облыс әкімі аудан тұрғындарының сұрақтарына жауап берді.
ШҚО ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ