(Қазақша) ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ЖАСТАРДЫҢ ҚАТЫСУЫМЕН “ТАРИХИ ТАНЫМ” ЭКСПЕДИЦИЯСЫ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ

Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай Түркістан облысында жастар арасында тарихи сананы арттыру, рухани мұраны дәріптеу және этносаралық татулықты насихаттау мақсатында «Тарихи таным» атты танымдық-экспедициялық жоба жүзеге асырылды.
Экспедиция бағыты Созақ – Түркістан бағытында ұйымдастырылды. Іс-шараға түрлі этнос өкілдерінен құралған белсенді жастар, «Қоғамдық келісім» КММ қызметкерлері, облыстық «Жастар АНК» мүшелері және БАҚ өкілдері қатысты.
Жобаның негізгі мақсаты – тарихи-мәдени нысандарды қамтитын жаңа туристік бағытты қалыптастыру, ұлттық тарихты заманауи жастарға кеңінен таныстыру және патриоттық рухты көтеру. Сонымен қатар, экспедиция барысында деректі-танымдық фильм түсіріліп, тарихи объектілер жайлы мағлұматтар жинақталды.
Экспедиция мүшелері сапарын Түркістан қаласындағы «Достық үйінен» бастап, киелі Созақ жеріндегі бірқатар тарихи-мәдени ескерткіштермен танысты. Олар Қарабура әулие кесенесі, Зеріп ана мазары, көне Созақ қалашығы мен ортағасырлық мешіттерді аралап, археологиялық жәдігерлер мен мұражай материалдарымен тереңірек танысты.
Сапар барысында қатысушылар «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына да белсенді атсалысып, Созақ аумағындағы тарихи орындарда тазалық шараларын өткізді. Бұл өз кезегінде экологиялық мәдениетті қалыптастырып, жастардың қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттырды.
Жобаның жастар саясатына қосқан үлесі ерекше. Жастар тек тарихпен танысып қана қоймай, өзара пікір алмасып, достықты нығайтты. Бұл – мемлекетіміздің ұстанып отырған бейбітшілік пен келісім идеологиясының нақты көрінісі.
Экспедиция аясында ұйымдастырушылар мен қатысушылар арасында диалог алаңдары өтіп, этносаралық татулық, еріктілік қызметі, жас буынның рухани және азаматтық дамуы тақырыптарында пікір алмасу болды. Бұл шаралар өңірдегі жастардың белсенділігін арттырып, оларды қоғамдық-саяси өмірге араласуға ынталандырды.
Сонымен қатар, жоба арқылы жас буынның туған жер тарихына, ұлттық құндылықтарға деген қызығушылығы артты. Экспедиция соңында қатысушылар алған әсерлерімен бөлісіп, мұндай жобалардың жиі өтуі қажет екенін атап өтті.
Мұндай бастамалар – еліміздегі жастардың азаматтық ұстанымын, белсенділігін, патриоттық рухын нығайтатын тиімді тетіктердің бірі. Түркістан облысының жастары тарихи мұраларды сақтап, болашаққа жеткізуде белсенді рөл атқаруда.