Новости

(Қазақша) ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ: ОРДАБАСЫДА ЖУРНАЛИСТИКАНЫ ҚОЛДАУҒА АРНАЛҒАН «БАҚ ЖҰЛДЫЗДАРЫ» ӨНЕР БАЙҚАУЫ ӨТТІ

Извините, этот текст доступен только на “Қазақша”.

Ордабасы ауданында бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні мен «Ордабасы оттары» газетінің 90 жылдық мерейтойына орай журналистика мен шығармашылықты қолдауға бағытталған «БАҚ жұлдыздары» атты өнер байқауы жоғары деңгейде ұйымдастырылды.

Аудан әкімдігінің бастамасымен, жергілікті тұрғындардың қолдауымен өткізілген айтулы шараға Түркістан облысы мен Шымкент қаласынан келген бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері белсенді қатысты. Бұл байқау тек шығармашылық додамен шектелмей, журналистика саласындағы дарынды тұлғаларды танып, оларды қолдау мақсатын көздеді.

Шараның шымылдығын ашқан — белгілі журналист, ақын Базарбек Түкібайдың сөзіне жазылған Құрманәлі Жылқыбайдың «Журналистер» әні көпшіліктің көңілінен шықты. Ал салтанатты басқосуда Ордабасы ауданы әкімінің орынбасары Ілияс Түрнияз сөз сөйлеп, бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерін төл мерекесімен құттықтады. Ол БАҚ саласының қоғамдағы рөлін ерекше атап өтіп, ақпарат майдангерлерінің еңбегін жоғары бағалады.

Байқау екі аталым бойынша өткізілді. Қатысушылар ән, өлең оқу, сахналық қойылым және авторлық шығармалар арқылы өз өнерін ортаға салды. Қазылар алқасының құрамында елге белгілі мәдениет және өнер қайраткерлері болды. Әділқазылар үміткерлердің шығармашылық шеберлігіне, сахналық көрінісіне және тақырыпты ашу деңгейіне баса назар аударды.

Байқау қорытындысы бойынша Гран-при иегері — ардагер журналист, Сарыағаш ауданының Құрметті азаматы Асхан Майлыбаева атанды. Бірінші орынды композитор, мәдениет саласының үздігі Бекжігіт Сердәлі иеленді. Сонымен қатар, жеңімпаздарға және барлық қатысушыларға алғыс хаттар мен арнайы сыйлықтар табысталды.

Бұдан бөлек, «Оңтүстік Қазақстан» газеті, «Түркістан» телеарнасы, Түркістан облыстық «Қазақ тілі» қоғамы және өзге де шығармашылық ұжымдар тарапынан арнайы сыйлықтар берілді. Бұл жүлделер өңірлік БАҚ-тың өзара байланысын арттырып, журналистер қауымының бірлігін нығайтуға бағытталды.

Мерекелік іс-шара аясында «Ордабасы оттары» газетінің тарихынан сыр шертетін арнайы көрме ұйымдастырылып, қонақтар мен қатысушыларға басылымның ғасырлық шежіресі таныстырылды. Бұл көрме жас журналистер мен тұрғындар үшін үлкен тағылым мектебіне айналды. Газет бетінде жарық көрген тарихи мақалалар, фотосуреттер мен архивтік материалдар келушілердің ерекше қызығушылығын тудырды.

Айта кету керек, осы жобаның авторлары — Ордабасы ауданының Құрметті азаматы Құрманәлі Жылқыбай мен белгілі сатирик, журналист Базарбек Түкібай. Олар бұл бастаманың республикалық деңгейге шығуына ниетті екендіктерін білдірді. Ұйымдастырушылар болашақта байқаудың ауқымын кеңейтіп, еліміздің түкпір-түкпірінен журналистер мен өнерпаздарды тартуды жоспарлап отыр.

Мұндай бастамалар өңірлік журналистиканың дамуына тың серпін беріп қана қоймай, жастар арасында шығармашылықпен айналысуға қызығушылықты арттырары сөзсіз. Сонымен қатар, бұл шара Ел Президентінің отандық журналистиканы қолдау, жастар саясатын нығайту, салалық БАҚ пен мәдениет өкілдерінің әлеуетін арттыру бағытындағы бастамаларымен үндесіп отыр.

Басқа жаңалықтар

Back to top button