Новости

(Қазақша) ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА «АРДАГЕР ӨСИЕТІ» АТТЫ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ЖАСТАР МАРАФОНЫ МЕН «ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» ЭКОЛОГИЯЛЫҚ АКЦИЯСЫ ӨТТІ

Извините, этот текст доступен только на “Қазақша”.

Түркістан қаласындағы «Жеңіс» саябағында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің бастамасымен ұйымдастырылған «Ардагер өсиеті» атты республикалық жастар марафоны жоғары деңгейде өтті. Іс-шараны Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының қолдауымен «Жастар ресурстық орталығы» КММ ұйымдастырды. Марафонға ардагерлер кеңесінің мүшелері, «Жас сарбаз» жасөспірімдер қозғалысының белсенділері, өңірлік жастар ұйымдары мен еріктілер, сондай-ақ қоғам белсенділері мен танымал блогерлер қатысты.

Марафонның басты мақсаты – ұрпақтар сабақтастығын нығайту, ел тарихына деген құрметті арттыру және Ұлы Отан соғысы мен тыл ардагерлерінің ерліктерін ұлықтау. Биыл Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай өтіп жатқан шара ел жастарына патриоттық тәрбие беруді көздейді.

Марафон аясында Қызылорда облысынан келген делегация символикалық түрде аманатты Түркістан өңіріне табыстады. Эстафетаны Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы жанындағы «Жастар ресурстық орталығы» КММ басшысының орынбасары Пердебек Ескұлов қабылдап алды. Өз сөзінде облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Нұрсұлтан Сейітжанов жастарға патриоттық тәрбие беру – маңызды мемлекеттік міндет екенін атап өтті.

Іс-шара барысында ел ағалары жас буынға үлгі боларлықтай тәлім айтып, «Ардагер өсиеті» хатынан үзінділер оқыды. Бұл хат – болашаққа аманат ретінде барлық облыстар арқылы жүріп, Астана қаласына жеткізіліп, ел жадына сақталып тапсырылатын болады.

Марафон тек патриоттық бағытта ғана емес, сонымен қатар қоғамдық және экологиялық жауапкершілікті арттыру мақсатында да кең көлемде өтті. Сол күні Түркістан қаласында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы да қатар ұйымдастырылды. Бұл акцияға жүздеген еріктілер, жастар ұйымдары мен қала тұрғындары белсене қатысты.

Экологиялық шара аясында Жеңіс саябағы мен оған іргелес көшелер тазаланды. Жастар мен волонтерлер қоқыс жинап, ағаштарға күтім жасап, қоршаған ортаны таза ұстау қажеттілігі жайлы түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Бұл – жастардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру мен туған жерге деген сүйіспеншілікті арттыруға бағытталған нақты қадамдардың бірі.

Еріктілердің белсенділігі көпшіліктің ыстық ықыласына ие болды. Олар өз істері арқылы қоғамға пайда әкеліп, өзгелерге үлгі бола білді. Түркістан өңірінде волонтерлік қызмет жылдан жылға дамып, жастар арасында кеңінен қанат жайып келеді. Бүгінгі акция – соның айқын дәлелі.

Марафон мен экологиялық акция жастардың рухани, азаматтық және әлеуметтік жауапкершілігін арттырып қана қоймай, қоғамдағы белсенділігін де күшейтті. Осындай кең ауқымды іс-шаралар арқылы еліміздің болашағы саналатын жас буынның тәрбиесі мен тұлғалық дамуына ерекше көңіл бөлініп келеді.

Айта кетейік, «Ардагер өсиеті» республикалық марафоны қыркүйек айына дейін еліміздің барлық өңірінде жалғасып, өз мәресіне елордада жетеді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button