Жаңалықтар

«Ардагер өсиеті» республикалық жастар марафоны Қазығұртта жалғасын тапты

Тарихты тану – елді сүюдің бастамасы. Осы ұранды ту еткен «Ардагер өсиеті» республикалық жастар марафоны киелі Қазығұрт өңіріне де келіп жетті. Бұл шара – жастар мен ардагерлер арасындағы ұрпақтар сабақтастығын нығайтуды, Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуындағы аға буынның рөлін насихаттауды мақсат еткен игі бастама.

🔹 Марафонның басты мақсаты – өскелең ұрпаққа патриоттық тәрбие беру. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің бастамасымен ұйымдастырылған жоба биыл Ұлы Отан соғысы Жеңісінің 80 жылдығына орай қолға алынған. Еліміздің барлық өңірін қамтып отырған ауқымды марафон ардагерлерге тағзым ету, олардың ерлік жолын дәріптеу арқылы жастар бойына отансүйгіштік, тарихқа деген құрмет сезімін қалыптастыруды көздейді.

🔹 Қазығұрт ауданындағы шараны Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы мен облыстық «Жастар ресурстық орталығы» КММ бірлесе ұйымдастырды. Марафон туын киелі Қазығұрт жеріне облыстық жастар орталығы басшысының орынбасары Пердебек Есқұлов алып келіп, аудан жастарына табыстады. Салтанатты шара барысында ол ауданымыздың қадірлі ардагерлері – Ұлы Отан соғысының қатысушылары Жұмабаев Әкімбай және Мырзахметов Анарбай аталарымыздың үйлеріне арнайы барып, сәлем беріп, құрмет көрсетіп, марафон аясындағы символдық «Өсиет хатын» табыстады.

🔹 Қазығұрт аудандық “Жастар ресурстық орталығы” КММ басшысы Бақытжан Жапбарқұлов та өз сөзінде:

«Біз бүгінгі бейбіт өміріміз үшін майдан даласында жанын қиған батырларымызға қарыздармыз. Мұндай марафондар жастарға тарихты тірілтіп, ардагерлерге деген құрметті іс жүзінде көрсетуге мүмкіндік береді. Елін сүйетін жас – болашағы берік елдің кепілі», – деді.

🔹 Шара барысында аудандық колледждер мен мектептердің белсенді жастары, волонтерлік ұйым өкілдері де белсене қатысты. Олар ардагерлердің үй ауласын тазалап, арнайы естелік сыйлықтар тарту етті. Сонымен қатар, марафон аясында Қазығұрт ауданында бірқатар танымдық кездесулер, патриоттық сабақтар, ардагерлермен ашық сұхбаттар ұйымдастырылды.

🔹 «Ардагер өсиеті» – тек бір реттік шара емес, бұл – жастар мен ардагерлер арасындағы алтын көпір.Жастар тек сөзбен емес, іспен де үлкендерге құрмет білдіруде. Осындай бастамалар арқылы елге, жерге деген сүйіспеншілік артады, тарихи жады жаңғырады.

Айта кетейік, марафон маусым-қыркүйек айлары аралығында өтіп, еліміздің барлық өңірін аралап шығады. Соңғы нүкте – Астана қаласы. Онда марафон шеңберінде жазылған «Өсиет хат» арнайы капсулаға салынып, елордада сақталатын болады. Бұл хат – келешек ұрпаққа жолданған тарихи аманат болмақ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button