«Abai akademiasy» энциклопедиялық порталы ашылды

Абай облысында Абайдың 180 жылдығына арналған онкүндік мерейтойлық шаралар басталды. Бүгін Семей қаласындағы Мұхтар Әуезов атындағы педагогикалық колледждің «Ес-Аймақ» рухани орталығында «Abai akademiasy» атты энциклопедиялық порталдың тұсаукесері өтті.
Абай шығармашылығына арналған тұңғыш энциклопедиялық порталдың таныстырылымына облыс әкімі Берік Уәли, зиялы қауым өкілдері, абайтанушы ғалымдар қатысты.
«Abai akademiasy» жобасының жетекшісі Айжан Тәбаракқызы жиналғандарға порталды таныстырды.
«Abai akademiyasy» порталы – Абай мұрасын өскелең ұрпаққа насихаттайтын, ақын туралы толық мәлімет ұсынатын ғылыми-танымдық дереккөз. Платформада ақынның әдеби, ғылыми, публицистикалық және эпистолярлық еңбектері текстологиялық сараптамамен, түрлі форматта жинақталған. Материалдар Абай институттары, ғылыми орталықтар, архивтер мен мұражайлардан алынып, цифрлы түрде енгізілген. Сондай-ақ теле-радио хабарлар мен деректі фильмдер де қамтылған.
Энциклопедиялық порталдың тұсаукесерінде сөз сөйлеген аймақ басшысы Абай тойы биыл тұңғыш рет 10 күндік ретінде атап өтілетінін айтып, 1-10 тамыз аралығында Семей қаласы мен Абай, облыстың өзге де аудандарында түрлі мәдени-рухани, танымдық, интеллектуалдық іс-шаралардың жоспарланып отырғанына тоқталды.
«Атап өту керек, аталған 10 күндіктің өтуіне қаржыны түгелдей жанашыр демеушілер көтеріп отыр. Абай тойының өңірімізге ең басты сыйлығы – Мемлекет басшысының қолдауымен басталған «Абайға құрмет» акциясы. Хакімнің тойында еліміздің әр өңірі жаңадан құрылған облысымызға бір нысаннан салып беретін болды. Маңғыстау «Достық үйін», Шымкент шығармашылық орталық, Түркістан көрме орталығын, Астана Жайлы мектеп, Ақтөбе жекпе жек орталығы, Павлодар облысы Үстел теннис орталығын салуға, Шығыс Қазақстан Ертіс жағалауын жасап береміз деп отыр. Өзге өңірлер де хабарласып, ықылас-ниеттерін білдіріп жатыр» деді облыс әкімі.
Энциклопедиялық порталдың Абай мұрасын заманауи форматта жеткізу тұрғысында маңызды екенін атап өтті.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Абай және 21 ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында «Абайдың шығармаларына зер салсақ, оның үнемі елдің алға жылжуына, өсіп-өркендеуіне шын ниетімен тілеулес болғанын, осы идеяны барынша дәріптегенін байқаймыз. Ал, ілгерілеудің негізі білім мен ғылымда екенін анық білеміз. Абай қазақтың дамылсыз оқып-үйренгенін бар жан-тәнімен қалады. «Ғылым таппай мақтанба» деп, білімді игермейінше, биіктердің бағына қоймайтынын айтты» деп Абайдың мұратын, мақсаты мен арманын жіліктеп айтып, бүгінгі қазақ баласына ой салған болатын. Демек, бүгін көпке жол тартатын Абайға арналған энциклопедиялық портал, хакім мұраларын өскелең ұрпаққа насихаттау жолында негізгі бағдаршам болмақ. Сондай-ақ Абай туралы ақпарат іздеген адам «Abai akademiyasy» порталы арқылы толыққанды қол жеткізе алады», – деді аймақ басшысы.
Шара барысында абайтанушы Арап Еспенбетов, «Жидебай-Бөрілі» музей-қорығының директоры Ұлан Сағадиев, әдебиеттанушы, PhD докторы Қарлығаш Әубәкір энциклопедиялық портал туралы пікірлерін айтты.
«Бүгін ашылып отырған «Abai akademiasy» энциклопедиялық порталы – ғылыми, мәдени, ақпараттық ортадағы бұрын-соңды болмаған ерекше құбылыс деп айтуға толық негіз бар. Электрондық портал бәрімізге ортақ. Ол жас ғалымға да, ізденушіге де, студентке де, оқушыға да, қарапайым жұмысшыға да ортақ. Өзінің досы сияқты әңгімелесіп, қажетті деректерін қабылдап, ары қарай өзінің ұлы ақын туралы ойлары мен қарымдарын дамытатыны сөзсіз. Абайды білемін, танимын, ұғамын, түсінемін дейтін жанның барлығына көмек беретін, ең үлкен басты құрал, энциклопедия» , – деді Арап Еспенбетов.
Бүгін онкүндік аясында Семейдегі Бейбітшілік аралында этноауыл қалашығы, белгілі суретші Аңсаған Мұстафаның «Көңілге түрлі ой салар» атты көрмесі ашылады. «Арена» мәдени-спорт кешенінде «Адамзаттың алыбы – хакім Абай» атты мерейтойлық гала-концерт өтеді.