Бейбітшілік аралында Этноауыл есігін ашты

2025 жылғы 1–10 тамыз аралығында Семей қаласындағы Бейбітшілік аралында ұлттық рух пен салт-дәстүрдің жаңғыру алаңы – Этноауыл өз есігін айқара ашты.
Бұл – қазақ халқының бай мұрасын, рухани мәдениетін және түрлі этностар арасындағы достықты дәріптейтін ерекше кеңістік.
Этноауыл аумағында 10-нан астам киіз үй тігіліп, әрбір үйде қазақ халқының тіршілік салты, қолөнері, әдет-ғұрыптары сахналық қойылымдар арқылы қайта жаңғырады.
Келушілер ұлттық киімдерді киіп, құдалық, тұсаукесер, бесікке салу секілді дәстүрлерді өз көзімен тамашалай алады.
Үш алтыбақан жанында жастар ән шырқап, ұлттық ойын ойнап, өткен мен бүгінді жалғайтын шынайы атмосфера қалыптасады. Сонымен қатар, ұлттық тағамдар жәрмеңкесі ұйымдастырылып, нағыз қазақтың дәмі тарту етіледі.
Этноауылдың тағы бір ерекшелігі – ұлттық және заманауи спорт түрлерінен ашық чемпионаттар. 10 күн бойы күн сайын Қазақ күресі, Каратэ-до кекушинкай, Таэквандо, Садақ ату, Қол күресі, Дойбы, Тоғызқұмалақ, Кермеге тартылу, Гір көтеру, Асық ату бойынша сайыстар өтеді.
Бұл жарыстар – жастардың салауатты өмір салтына бет бұруына серпін беріп қана қоймай, ұлттық спортты насихаттаудың тиімді үлгісі.
Бейбітшілік аралындағы Этноауыл – отбасымен, достарыңызбен бірге келіп, ұлт рухын сезінетін орын.