Металлургия, IT, автоматтандыру: Жезқазған политехникалық колледжі қандай мамандықтарға басымдық береді

Жұмысшы мамандықтар жылы аясында елдің өндірістік орталығы — Жезқазған қаласында өңірдің ең көне техникалық оқу орындарының бірі Жезқазған жоғары политехникалық колледжіне арналған баспасөз туры өтті.
Іс-шараның мақсаты — техникалық және кәсіптік білім берудің жастарға табысты мансапқа жол ашатынын көрсету. 72 жылдық тарихы бар бұл білім ордасы — Ұлытау өңірінің негізгі кадр даярлау орталығы. Мұнда студенттер тек жұмысшы мамандығын меңгеріп қана қоймай, заманауи өндірістік тәжірибе алып, еңбек нарығында сұранысқа ие маман болып шығады.
Колледж миссиясы — білім беру, зерттеу және инновациялық ортаны қалыптастыра отырып, халықаралық стандарттарға сай сапалы кәсіптік оқытуды қамтамасыз ету.
Баспасөз туры аясында қатысушылар колледждің 3 корпусын, 32 орындық жатақханасын, спорт кешенін, асханасын және «Building & Energy» құзыреттілік орталығын аралады. «Жас маман» жобасы аясында жабдықталған дәнекерлеу, слесарлық, электрмонтаж, сәндік сылақ, ағаш өңдеу және өзге де шеберханалар жұмысымен танысып, «Қазақмыс» корпорациясының өндірістік алаңында дуальді оқыту процесін көрді. Колледждің табысты түлектерімен жүздесті.
Колледжде металлургия, байыту, IT, автоматтандыру, құтқару ісі, энергетика және құрылыс бағыттары бойынша 11 өзекті мамандық оқытылады. 23 оқу кабинеті, 12 зертхана, 8 шеберхана заманауи талаптарға сай жабдықталған. 61 білікті оқытушының 19-ы WorldSkills стандарттары бойынша даярлықтан өткен. 2024–2025 оқу жылында колледж базасында өткен «WorldSkills Ulytau 2025» чемпионатында студенттер бірнеше құзыреттілік бойынша жүлделі орындарға ие болды. Дуальді оқыту және өндірістік тәжірибе «Қазақмыс», Kazakhmys Energy және өңірдің 15-тен астам кәсіпорнында жүзеге асырылады. Оқытушылар Skills Enbek платформасында сұранысқа ие дағдыларды үйрететін авторлық онлайн курстар әзірлеуді қолға алған.
Кәсіптік бағдар мен мансаптық қолдау:
Колледж «Мансап компасы» платформасы арқылы кәсіби бағдар беріп, «Ашық есік» күндері, мамандықтар жәрмеңкелері, форумдар мен кездесулер арқылы талапкерлер мен түлектерге нақты жұмысқа орналасу мүмкіндіктерін ұсынады.
Колледждің іргетасы 1953 жылы қаланған. 2020 жылы «Жоғары колледж» мәртебесін алып, «Жас маман» республикалық жобасының грант иегері атанды. Бүгінде заманауи техникалық базаға, жоғары білікті педагогикалық құрамға ие және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына белсенді үлес қосып отыр.