(Қазақша) ТҮРКІСТАН ОБЛЫСТЫҚ «ФАРАБ КІТАПХАНАСЫНДА 250 МЫҢҒА ЖУЫҚ КІТАП ҚОРЫ БАР

Бүгінде Түркістан қаласындағы облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасында 235 348 кітап қоры бар. Ал, оқырман саны 10 мыңнан асады. Биыл аталған кітапхананың ұйымдастыруымен 133 ауқымды мәдени-шаралар мен жобалар өтті. Бұл туралы «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасы директорының орынбасары Шахмира Байжігітова мәлімдеді.
Шахмира Шаматайқызының сөзінше, белгілі жазушы, журналист, аудармашы Мархабат Байғұттың 80 жылдық мерейтойына орай облыстық «Мархабат оқулары» байқауы ұйымдастырылып, қорытынды кеш «Фараб» кітапханасында өтті. Сондай-ақ, облыстық «Абай оқулары» байқауының қорытынды кезеңі қазан айының соңғы күндерінде өтеді. Бұдан бөлек, «Ақылдыммен ақылдымын» облыстық акция-байқауының іріктеу кезеңі Жетісай мен Қазығұрт аудандарында өткен. Алдағы уақытта қалған аудандарда іріктеу кезеңдері өткізіліп, жыл соңында қорытынды байқау ұйымдастырылмақ.
«Бүгінде кітапханада «Қолжазба — тарихтың үні мен сыры», «Өлкені тану — өркениетті тану» және «Ғылым мінбері» жобалары тұрақты түрде жүргізілуде. Осы ретте, көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтарға арналған «Тең қоғам — мінсіз мүмкіндіктер» және «Кітап үні» жобалары жүзеге асып келеді. Сонымен қатар, «Бір ел — бір кітап» акциясы аясында Тәкен Әлімқұлов пен Жұмекен Нәжмеденовтің шығармалары кеңінен насихатталуда. Айта кетерлігі, жыл соңында белсенді оқырмандар марапатталады. Бұдан бөлек, «12 айда — 12 кітап» жобасы жыл бойы жалғасын табады. Қаламыздағы Президент саябағында — «Оқырман іздеймін» жобасы, «Түнгі кітапхана» жобасы аясында бірқатар шығармашылық іс-шаралар ұйымдастырылды. Сондай-ақ, Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай «Абаймен ойлан, Абаймен толған» атты 10 күндік мәдени-ағартушылық шара өтті. Рухани шара облыстық, қалалық, аудандық кітапханаларда жүйелі түрде ұйымдастырылды. Алдағы уақытта Республикалық жас кітапханашылар арасында «Жас кітапханашы форумы» шарасын өткізу жоспарланып отыр»,- деді спикер.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі