Өскеменде Ата Заңның әділетті қоғам құрудағы рөлі талқыланды

26 тамыз күні Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде еліміздің Негізгі заңының 30 жылдығына орай «Ата Заңның әділетті қоғам құрудағы рөлі» атты республикалық конференция өтті. Іс-шараға облыс әкімдігі, ҚР Конституциялық Соты, сот жүйесі, прокуратура, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл, өңір ЖОО-ларының профессор-оқытушылар құрамы мен жастар өкілдері қатысты.
Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов конференция қатысушыларына жолдаған сөзінде 1995 жылы қабылданған Конституция тәуелсіз Қазақстанның берік іргетасына айналып, қоғамның бірлігі мен тұрақтылығын, сондай-ақ заң үстемдігін қамтамасыз еткенін атап өтті. Қазіргі уақытта өңір басшысы іссапарда жүріп, Үкімет отырысына қатысуда, дегенмен ол да, басқа қатысушылар сияқты, Ата Заңға қатысты өз ұстанымын білдірді.
– Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан Қоғамда Заң мен тәртіп идеологиясын ілгерілету тұжырымдамасы әділеттілік пен құқықтық мәдениетті нығайтуға бағытталған. Бұл мақсаттарды жүзеге асыру барлық билік тармақтарының үйлесімді күш-жігерін қажет етеді. Заң шығару органы – сапалы нормативтік-құқықтық базаны дамытуға, сот жүйесі – әділ әрі бейтарап сот төрелігін қамтамасыз етуге, ал прокуратура – заңдылықтың сақталуын қадағалауға жауапты. Азаматтық қоғамның белсенді ұстанымы да аса маңызды – дәл азаматтардың, ҮЕҰ-лар мен сараптамалық және құқық қорғау қауымдастығының қатысуы арқылы құқықтық сана мен қоғамдық бақылау қалыптасады. Заң үстемдігінсіз, жеке жауапкершілік пен азаматтардың белсенді қатысуынсыз, құқықтық тәртіпсіз әділетті әрі тиімді мемлекет құру мүмкін емес, – деді өңір басшысы.
Конституциялық Соттың судьясы Айжан Жатқанбаева онлайн форматта сөз сөйлеп, Негізгі заңның үстемдігін қамтамасыз ететін басты орган ретіндегі Конституциялық Соттың маңызын атап өтті. ШҚО сотының төрағасы Манат Комиршинов сот жүйесінің азаматтардың құқықтарын қорғаудағы және заңдылық қағидатын іске асырудағы маңызды рөліне тоқталды.
Шығыс Қазақстан облысының прокуроры Алмат Байшолақов прокуратура – құқықтық мемлекеттің маңызды институты екенін, заңдардың орындалуын және азаматтардың конституциялық құқықтарының қорғалуын қамтамасыз ететінін айтты.
Талқылауға заң ғылымының өкілдері де белсене қатысты. С. Аманжолов атындағы ШҚУ-дың қауымдастырылған профессоры, заң ғылымдарының кандидаты Гүлмира Байркенова қазақстандық заңгер-ғалымдардың Конституцияны әзірлеуге қосқан үлесін еске салды.
Дискуссия барысында еліміздің болашағы саналатын жастарға ерекше назар аударылды. Жас заңгер, Өскемен қалалық полиция басқармасының тергеушісі Шынар Шотпанова Ата Заңның құндылықтарын өмірде және кәсіби қызметте жүзеге асыру – жас буынның басты міндеті екенін атап өтті.
Конференция құқықтық мемлекет пен әділетті қоғам құрудағы Конституцияның рөлі туралы пікір алмасудың маңызды алаңына айналды. Қатысушылар Қазақстанның Негізгі заңы ел тәуелсіздігін, құқықтық тәртіпті және азаматтардың құқықтарын қорғауды нығайтуда сенімді бағыт-бағдар болып қала беретінін атап өтті.