Новости

(Қазақша) ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДАҒЫ «САМҰРЫҚ-ҚАЗЫНА» АҚ-НЫҢ ЕНШІЛЕС КОМПАНИЯЛАРЫНДА 113 СТУДЕНТ ДУАЛДЫ ОҚЫТУДАН ӨТЕДІ

Извините, этот текст доступен только на “Қазақша”.

 

Түркістан қаласындағы «Фараб» әмбебап-ғылыми кітапханасында «Кәсіпорын мен колледж – сапалы маман кепілі» атты іс-шара өтті. Маңызды жиынға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, «Самұрық-Қазына» АҚ-ның Корпоративтік басқару, әлеуметтік-еңбек қатынастары және еңбекті қорғау жөніндегі басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов, депутаттар, жауапты сала басшылары, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының басшылары мен студенттері қатысты. Басқосуда студенттерді өндірістік тәжірибеден өткізу және әрі қарай жұмысқа орналастыру бағытында нақты қадамдар жасалды.

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров бұл ынтымақтастық кәсіби кадр даярлау ісін жаңа деңгейге көтеретініне сенім білдірді.

– Бұл кездесу – өңіріміздегі кәсіби білім беру жүйесін жаңа сапаға бағыттайтын маңызды қадам. Президентіміздің 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялануына байланысты облыста жүйелі шаралар атқарылуда. Колледждер мен өндіріс орындарының арасындағы тікелей байланыс орнатылып, өңір білікті жұмысшы күшіне, ал кәсіпорын қажетті кадрға қол жеткізуде. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің Жолдауында «Еңбек адамы – еліміздің тірегі. Бізге нақты кәсіби маман қажет. Жастар бір мамандықтың қыр-сырын терең меңгеруге ұмтылуы тиіс» деп атап өтті. Осы мақсатта биыл облыстағы техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына 15 500 мемлекеттік тапсырыс бөлінді. Оның 9 500-і жұмысшы мамандықтарға бағытталып отыр. Сол себепті, өңіріміздің 50 колледжді заманауи өндіріс талаптарына бейімдей отырып, дуалды оқыту жүйесін кең көлемде енгізіп жатырмыз. Соның жарқын мысалы ретінде Түркістан индустриялық аймағында орналасқан «BNK group» және «Жасыл-Суық» компанияларын атап өткім келеді. Бұл кәсіпорындар колледждермен тығыз серіктестік орнатып, электрмонтер, дәнекерлеуші, электрик, техник-оператор сияқты сұранысқа ие мамандықтар бойынша студенттерді жұмысқа қабылдауда. Осы орайда, «Самұрық-Қазына» қорының құрамдас компаниялары тарапынан студенттерді өндірістік тәжірибеден өткізуге және әрі қарай жұмысқа орналастыруға бағытталған қадамдарын жоғары бағалаймыз. Сіздермен бірлескен жұмыстың нәтижесінде облыс аймағында кәсіби кадр даярлау ісін жаңа деңгейге көтереміз деп сенемін. Бұл – жастардың бәсекеге қабілетті болуына және олардың тұрақты жұмыспен қамтылуына бағытталған қадам, – деген Нұралхан Оралбайұлы колледждер мен кәсіпорындар арасындағы байланысты одан әрі күшейтуге әкімдік тарапынан толық қолдау болатынын айтты.

Түркістан облысында «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында жаңа 6 мамандық ашылды. Бұл – өндірістік сектордың, жұмыс берушілердің нақты сұранысынан туындаған шешім.

«Самұрық-Қазына» АҚ-ның Корпоративтік басқару, әлеуметтік-еңбек қатынастары және еңбекті қорғау жөніндегі басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов жас мамандардың жұмысқа орналасуына бірлесіп қолдау беруге дайын екенін айтты.

– Президент жариялаған «Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында киелі өңірде әкімдікпен бірлесіп кәсіби білім беруді дамыту және жастарды қолдау бойынша жобаларды жүзеге асырып жатырмыз. Қордың басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов «Жұмысшы мамандықтар жылына» арналған іс-шаралар жоспарын бекітті. Оған сәйкес, жас мамандардың әлеуетін дамыту, кәсіпорындарға теория мен тәжірибені біріктіретін дуалды оқыту, жұмысшы мамандықтың біліктілігін арттыру сынды шаралар атқарылуда. Жоспар бойынша Ғылым және жоғары білім министрлігімен бірге дуалды оқыту бағдарламаларын іске асыру бойынша Жол картасы бекітіліп, жыл басынан бері 3 мыңнан астам студент Қордың жетекші кәсіпорындарына тәжірибеден өтті. Қазіргі таңда колледждер мен университеттер Қор компанияларының сұранысына сәйкес мамандар дайындайды. Біз өз кезегімізде олардың тәжірибеден өтуіне көмектесеміз. Осыған орай, Түркістан облысындағы еншілес компанияларда 113 студент дуалды оқытудан өтеді. Бүгінгі меморандум сөзден іске көшудің айқын дәлелі, – деді Ғибрат Ауғанов.

Салтанатты шарада Түркістан облысы әкімдігі мен «Самұрық-Қазына» АҚ ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Меморандум аясында студенттерді өндірістік тәжірибеден өткізу және жұмысқа орналастыру көзделген.

Одан бөлек, жиын барысында дуалды оқыту бойынша «СП Буденовское» кәсіпорыны, Кентау көпсалалы колледжі және студент арасында үшжақты келісімшартқа қол қойылды. Сонымен қатар «Қазақтелеком» АҚ мен «Woosong» IT университеті арасында меморандум жасалды.

Іс-шара соңында «Самұрық-Қазына» АҚ «Тәлімгер» жобасы аясында 2 бітіруші түлектің ірі кәсіпорындарда жұмысқа орналасуына қолдау көрсетіп, еңбек кітапшасын тапсырды.

Осы күні іс-шараға қатысушыларға техникалық және кәсіптік білім беру
ұйымдарына экскурсия ұйымдастырылып, Түркістан қаласындағы «Көпсалалы индустриалды-техникалық» колледжі мен «Түркістан жоғары Болашақ» колледжінің базасы таныстырылды.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Басқа жаңалықтар

Back to top button