Новости

(Қазақша) ҚЫЗЫЛОРДАДА ЖОЛДАУДЫ ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ МӘСЕЛЕЛЕРІНЕ АРНАЛҒАН ОБЛЫСТЫҚ ЖИЫН ӨТТІ

Извините, этот текст доступен только на “Қазақша”.

Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен Мемлекет басшысының Жолдауынан туындайтын міндеттерді жүзеге асыру мәселелеріне арналған жиын өтті. Оған құқық қорғау органдарының, басқармалар мен аумақтық департаменттердің басшылары, мәслихат депутаттары, саяси партиялар, үкіметтік емес ұйымдар, зиялы қауым өкілдері, жастар, онлайн байланыс арқылы Қызылорда қаласы мен барлық аудан әкімдері қатысты.

Аймақ басшысы Жолдауда көрсетілген жеті бағыт бойынша тапсырмалар жүктеді.

«Мемлекет басшымыз экономиканың салаларын жаңғырту үшін цифрландыру мен жасанды интеллект технологиясын жеделдетіп енгізу мәселелеріне ерекше тоқталды. Жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін қолданып, елімізді одан әрі өркендетудің, әлеуметтік-экономикалық, инновациялық дамытудың жаңа бағдары айқындалды. Жаппай цифрландыру арқылы отандық экономиканы әртараптандыру, кешенді түрде жаңғырту көзделген. Алдағы үш жылда Қазақстанды цифрлық елге айналдыру мақсатында нақты стратегиялық межелерді белгіледі.

Өңірге инвестиция тарту жұмыстары тек кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасымен ғана шектеліп қалмауы қажет. Қала, аудан әкімдіктері мен әрбір басқарма өз салалары бойынша қарқынды жұмыс жасауы тиіс. Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы 2026 жылға негізгі капиталға салынатын инвестиция көлемін бекіту үшін ұсыныс беріңіздер.

Инвесторларға қолайлы жағдай жасауда арнайы экономикалық аймақтың маңызы зор. Жаңадан қолға алынған жобаларды күнделікті бақылауда ұстап, сүйемелдеу қажет.

2025-2027 жылдарға арналған агроөнеркәсіп кешеніне инвестиция тарту жол картасына енгізілген жобалардың уақытылы жүзеге асырылуын қамтамасыз етіңіздер.

Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді мемлекет меншігіне қайтаруда облысқа бекітілген межені 100 пайыз орындау қажет. Су ресурстарының бірыңғай платформасын жасау жұмыстарын пысықтаңыздар. Су үнемдеу технологияларын қолдануды ұлғайтуға бөлінген қаржыны мақсатты, мерзімінде игеруді тапсырамын.

Облыс аумағынан өтетін жол құрылысы жұмыстарының уақытылы басталуын бақылауға алыңыздар. Салынып жатқан, алдағы уақытта салынатын нысандардың құрылысын «Е-Құрылыс» ақпараттық платформасы арқылы жүргізу керек.

Түрлі қаржы институттары арқылы жобаларды сүйемелдеу, ірі кәсіпорындар айналасында шағын және орта кәсіпорындарды дамытуды жалғастыру – өте маңызды жұмыс.

Жолдауда айтылған мәселелердің бірі – мемлекеттің экономикадағы үлесін азайту. Бұл орайда нақты ұсыныстар енгізіңіздер.

Мемлекет басшымыз Жолдауда әлеуметтік көмекті тек шын мұқтаждарға бағыттауды тапсырды. Бұл жұмыстарды заң аясында жалғастыруды тапсырамын», – деді Н.Нәлібаев.

Жиында патриотизм ұғымының жаңа сипаты, жастар үшін жасампаздық пен жаңашылдықты отаншылдықтың басты көрсеткішіне айналдыру туралы Сенаторлар кеңесінің мүшесі, Қызылорда облысының құрметті азаматы Мұрат Бақтиярұлы, өңірге инвестиция тарту жайында облыс әкімінің орынбасары Ардақ Зебешев, су мәселесін шешуде атқарылған жұмыстар туралы Ы. Жақаев атындағы Қазақ күріш ғылыми-зерттеу институтының директоры Сұлтанбек Тәуіпбаев сөз сөйледі.

Сондай-ақ, «Абзал и К» ЖШС коммерциялық директоры Сағидулла Сыздықов агроөнеркәсіп саласын, агрохабтарды дамыту, саланы цифрландыру, өнімдерді терең өңдеу туралы, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті ректорының міндетін атқарушы Майнұр Бөрібаева цифрландыру, жасанды интеллект бағытындағы жұмыстар мен міндеттер туралы баяндама жасады. Ұлттық дәстүрлерді дәріптеу, жастарды рухани қолдап, бағыт-бағдар беру жайында «Қоғам ТВ» телеарнасының құрылтайшысы, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі Шакизада Әбдікәрімов өз ойын ортаға салды.

 

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

Басқа жаңалықтар

Back to top button