Жаңалықтар

Сыртқы саясаттағы теңгерім: Қазақстанның халықаралық беделі

2025 жылғы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауында еліміздің сыртқы саяси бағыты мен халықаралық беделін нығайтуға қатысты маңызды ұстанымдар қайта нақтыланып, елдің геосаяси жағдайына сай салмақты әрі сындарлы саясатты жалғастыру қажеттілігі атап өтілді.

Президент өз Жолдауында:

“Қазақстан – ешбір елмен жауласпайтын, барлық елмен достық қарым-қатынасты ұстанатын мемлекет. Біз көпвекторлы және теңгерімді сыртқы саясатымызды одан әрі жалғастырамыз”, – деп нақты мәлімдеді.

Бұл — еліміздің тәуелсіздік жылдарынан бері қалыптасқан сыртқы саясаттағы бейтараптық пен көпвекторлы бағыттың стратегиялық жалғасы.

Қазақстан тәуелсіздік алған сәттен бастап өзінің сыртқы саясатында бейбітшілік, дипломатия, өзара тиімді ынтымақтастық қағидаттарын берік ұстанып келеді. Еліміз БҰҰ, ЕҚЫҰ, ШЫҰ, ИЫҰ, ЕАЭО, ТМД және басқа да халықаралық ұйымдардың белсенді мүшесі ретінде өз беделін нығайтып келеді.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тұсында басталған көпвекторлы сыртқы саясат бүгінгі күні де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Бұл саясат Қазақстанның Ресеймен, Қытаймен, АҚШ-пен, Еуроодақ елдерімен, Түркі мемлекеттерімен және ислам әлемімен тең құқықты, өзара тиімді және достық қатынас орнатуына негіз болды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың дипломат ретінде жинаған мол тәжірибесі елдің сыртқы саяси векторын байсалды, прагматикалық және ұлттық мүддеге сай жүргізуге мүмкіндік беріп отыр.

Теңгерімді саясат – тұрақты даму кепілі

Қазіргі күрделі халықаралық жағдайда Қазақстанның сыртқы саясаттағы теңгерімді ұстанымы ел ішіндегі тұрақтылық пен қауіпсіздіктің негізіне айналды. Жолдауда бұл бағыттағы негізгі басымдықтар ретінде:

• шекаралас елдермен стратегиялық серіктестікті нығайту;

• халықаралық бейбіт бастамаларға белсенді қатысу;

• шетелдік инвестицияны тарту үшін сенімді әрі тұрақты ел ретіндегі беделді сақтау;

• аймақтық және жаһандық қауіпсіздікке үлес қосу;

сияқты маңызды ұстанымдар көрсетілді.

Қазақстан бүгінде әлем алдында ядролық қарусыздану, климаттық өзгерістермен күрес, азық-түлік қауіпсіздігі, тұрақты даму бағыттары бойынша конструктивті бастамалар көтеріп жүрген ел ретінде мойындалған.

Сыртқы саясаттағы тепе-теңдік — бұл Қазақстанның ұлттық мүддесін қорғаудың, елдің тәуелсіздігін сақтаудың және халықаралық қоғамдастықтағы орнын нығайтудың маңызды құралы. 2025 жылғы Президент Жолдауы – осы ұстанымдардың өміршеңдігін тағы да дәлелдеді.

Қазақстан болашақта да сыртқы саясатта бейбітшілік, әділеттілік және прагматизм қағидаларын ұстана отырып, әлемдік аренада өз орнын нығайта береді. Елдің халықаралық беделі — әрбір қазақстандықтың мақтанышы мен сенімі.

 

Абай Бекішев,

Жезқазған қаласы ішкі саясат бөлімінің басшысы

Басқа жаңалықтар

Back to top button