
Ұстаздар күніне орай Шығыс Қазақстан облысында «Жаңа дәуір ұстазы: интеллект, еңбек және адалдық» атты салтанатты жиын өтті.
Оған өңірдің түкпір-түкпірінен келген 600-ге жуық білім саласының қызметкері қатысты. Шараның шымылдығын ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов құттықтау сөзімен ашты.
«Құрметті ұстаздар қауымы! Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын! Ұстаз – жай ғана білім беруші емес, ол ел болашағының сәулетшісі. Осы орайда «Ұстаз — ұлттың шамшырағы» деген Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың мұғалімдерге деген зор сенімін айрықша атап өткім келеді. Сіздерге шын жүректен алғыс айта отырып, дендеріңізге саулық, еңбектеріңізге жеміс тілеймін!», – деді аймақ басшысы.
Нұрымбет Сақтағанов өңірде білім саласын цифрландыруға және жасанды интеллект мүмкіндіктерін тиімді пайдалануға баса мән берілгенін атап өтті. Биыл облыс мектептерінде 40 жаңа пәндік кабинет жабдықталды. STEM-білім беру, робототехника және техникалық дағдыларды дамыту жағы да жолға қойылған.
Заманауи кабинеттер ашылып, онда оқушылар бағдарламалау негіздерін меңгеріп, инженерлік ойлау қабілетін шыңдап, олимпиадалар мен түрлі байқауларға дайындалады.
Салтанатты жиын барысында білім саласында еселі еңбек етіп жүрген жандар марапатталды. Атап айтқанда, еңбек ардагерлеріне, үздік педагогтер мен білім бөлімдерінің басшыларына ҚР Оқу-ағарту министрлігінің ведомстволық награда-медальдары, Шығыс Қазақстан облысы әкімінің Құрмет грамоталары және Алғыс хаттары табысталды.
Өңір бойынша «Үздік білім бөлімі – 2025» номинациясында Үлкен Нарын аудандық білім бөлімі жеңімпаз атанды. Ал «Үздік колледж» атағына Өскемен жоғары политехникалық колледжі ие болды.



