Новости

(Қазақша) ШИЕЛІ АУДАНЫНДА ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУ-САУЫҚТЫРУ КЕШЕНІ АШЫЛДЫ  

Извините, этот текст доступен только на “Қазақша”.

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен Шиелі ауданында дене шынықтыру-сауықтыру кешені ашылды. Рәсімге құқық қорғау органдарының бірінші басшылары, зиялы қауым өкілдері мен аудан тұрғындары қатысты.

​Аймақ басшысы өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму барысына тоқталып, құттықтау лебізін жеткізді.

«Жақында Сыр өңіріне арнайы жұмыс сапарымен келген Мемлекет басшымыз алға қойған жоспарларды уақытылы әрі сапалы іске асырудың маңызын атап өтті. Аймақта инвестициялық климатты жақсарту, бизнес жүргізу үшін қолайлы жағдай жасау бағытындағы жұмыстарды жалғастыруды тапсырды.

Мемлекет басшысының ерекше қолдауы баршамызды жаңа жетістіктерге жетелейді, еселенген жауапкершілік жүктейді. «Қуатты өңірлер – қуатты ел» қағидаты ел дамуының темірқазығына айналды. Бұл халықтың ынтымағын нығайтып, мемлекеттің қуатын арттырады.

Әділетті, Қуатты, Қауіпсіз әрі Таза Қазақстанды құру жолында Сыр халқы да бекем бірліктің, ерен еңбектің үлгісін көрсетуде. Президентіміздің, Үкіметтің ерекше қолдауымен облысымыздың бюджеті 851 млрд. 300 млн. теңгеге жетіп, 2022 жылдан бері 233 пайызға өсті. Оның 56 пайызы әлеуметтік салаға бағытталды. Бұл қаражат аймағымыздың ең өзекті деген мәселелерін шешуге, тұрғындарымыздың өмір сүру сапасын жақсартуға, жаңа инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға бағытталуда.

Бүгін құрылысына 338 млн. теңге жұмсалған дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салтанатты түрде ашу үшін бас қостық.

Жаңа нысан дені сау ұлт қалыптастыруға қызмет етіп, жаттығуға келген жас өрендердің арасынан әлемдік ареналарда Қазақстанның көк туын көкте желбірететін чемпиондар шығады деп сенеміз. Баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, еңбектеріңізге табыс тілеймін!», – деді Н.Нәлібаев.

Мемлекет спорт инфрақұрылымын дамыту үшін тиісті қаражат бөліп, балалардың жастайынан спортпен алаңсыз айналысуына жағдай жасауда. Спорт нысандарды дене шынықтыруға ден қойған әрбір адамға қолжетімді болуы үшін көп жұмыс атқарылды. Жаңадан ашылған кешендегі жаттығу залдары да спорттың әр түрімен шұғылданушыларға керекті құралдармен жабдықталған. Спортты серік еткен балалар мен үлкендерге ыңғайлы.

Жиында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан ардагерлер, жаңа нысанды салып ел игілігіне тапсырған құрылысшылар облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев жиналған қауымға бата берді.

 

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

Басқа жаңалықтар

Back to top button