Новости

(Қазақша) ҚЫЗЫЛОРДАДА РЕСПУБЛИКАЛЫҚ АРДАГЕРЛЕР КЕҢЕСІНІҢ КӨШПЕЛІ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ

Извините, этот текст доступен только на “Қазақша”.

 

Бүгін Қызылордада облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен республикалық ардагерлер кеңесінің көшпелі отырысы өтті. Оған Қазақстанның Еңбек Ері, Парламент Мәжілісінің депутаты, «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі орталық кеңесінің төрағасы Бақтықожа Ізмұхамбетов, төралқа мүшелері, еліміздің барлық өңірінен келген ардагерлер кеңесінің төрағалары, зиялы қауым өкілдері мен ел ағалары қатысты.
Аймақ басшысы өңірдегі бастамалар, атқарылған жұмыстар, қол жеткен жетістіктерге тоқталды.
«Республикалық ардагерлер кеңесі көшпелі отырысының Қызылордада өтуіне бастама көтеріп, шақыртуымызды қабыл алған баршаңызға Сыр жұртшылығының атынан шынайы алғысымды, зор ризашылығымды білдіремін.
Бүгінде аймақ экономикасын әртараптандыруға, жерлестеріміздің тұрмыстық жағдайын жақсартуға бағытталған серпінді жобалар іске асуда. Президентіміздің өңірдің даму қарқынына, атқарған жұмысымызға берген оң бағасы Сыр халқы үшін зор мәртебе. Мемлекет басшысының ерекше қолдауы жаңа жетістіктерге жетелейді, еселенген жауапкершілік жүктейді. Тәуелсіздік жылдарында қол жеткізген әрбір жетістігіміз – халқымыздың бірлігі мен берекелі еңбегінің жемісі.
Аймағымызда еңбегімен елге сыйлы, ісімен ұлтқа өнеге болған азаматтарға лайықты құрмет көрсетілуде. Президентіміздің ерекше қолдауымен 2022 жылдан бүгінге дейін 300-ге жуық жерлесіміз мемлекеттік наградалармен марапатталды. Олардың жартысына жуығы – қарапайым еңбек ардагерлері мен озаттары. Бүгінде қарттарға, зейнеткерлер мен ардагерлерге қолдау көрсету – жұмысымыздағы басты басымдықтың бірі.
Қазыналы қарияларды жан-жақты әлеуметтік қолдау, медициналық қызмет көрсету сапасын арттыру бағытында ауқымды жұмыс бар. Бұл мақсатқа облыстық бюджеттен бөлінетін қаржы көлемі жыл сайын артып келеді.
Сіздер – еліміздің рухани тірегі, ұлттық құндылықтарымыздың сақтаушысы, отбасындағы бірліктің, ынтымақтың алтын діңгегісіздер», – деді Н.Нәлібаев.
Басқосуда Бақтықожа Ізмұхамбетов көрсетілген қолдауға ризашылығын білдіріп, облыс әкіміне «Ардагерлер ұйымы» РҚБ орталық кеңесінің Алғыс хатын табыстады.
Сондай-ақ, мемлекет және қоғам қайраткері, Түркі мемлекеттері ұйымы Ақсақалдар кеңесінің мүшесі Икрам Адырбеков, Мәжіліс депутаты, орталық кеңестің алқа мүшесі Ермұрат Бапи, «Қазақстан мәслихаттары депутаттарының бірлестігі» республикалық қоғамдық ұйымының төрағасы, алқа мүшесі Төлеубек Мұқашев, Атырау, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды және Қызылорда облыстық ардагерлер кеңесінің төрағалары Мұрат Өтешов, Ескендір Елеусізов, Ғабит Тұяқов, Серік Дүйсенбаев сөз сөйледі.
Жиында аймақ басшысы Адырбеков Икрам Адырбекұлына «Қызылорда облысының дамуына қосқан үлесі үшін» медалін және Қызылорда облысының Құрмет грамотасын табыстады. Дәстүрге сай облыс жұртшылығы атынан сый-сияпат көрсетті.
Сонымен қатар, ардагерлер қозғалысы белсенділеріне «Ардагерлер ұйымы» РҚБ орталық кеңесінің Алғыс хаты, «Құрмет белгісі» төсбелгісі, Құрмет грамотасы берілді.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

Басқа жаңалықтар

Back to top button