Новости

(Қазақша) ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБАЛАРДЫ ІСКЕ АСЫРУ БАРЫСЫ ҚАРАЛДЫ

Извините, этот текст доступен только на “Қазақша”.

Бүгін Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өңірлік инвестициялық штаб отырысы өтті. Күн тәртібінде инвестициялық жобаларды іске асыру барысы қаралды.

Штаб құрамына Президент Әкімшілігінің өкілдері, облыс прокуроры, облыстық басқармалар мен аумақтық департаменттер, «Қазақ Инвест» ұлттық компаниясы, кәсіпкерлер палатасы, салық органдарының басшылары енгізілген.

Аймақ басшысы жауапты сала жетекшілеріне, қала және аудан әкімдеріне жобалардың орындалуын жеделдету жөнінде нақты тапсырмалар жүктеді.

«Мемлекет басшымыздың тапсырмасына сәйкес еліміздің инвестициялық ахуалын жақсарту мақсатында Ұлттық цифрлық инвестициялық платформа жұмыс жасауда. Оның қызметі Үкімет басшысының тікелей бақылауында.

Платформа жұмысын сапалы әрі уақытылы жүргізу керек. Пулға енгізілген жобаларға тұрақты мониторинг жүргізіп, іске асыру барысын бақылау, қолдау көрсету, одан туындайтын мәселелерді дер кезінде шешуіміз қажет.

Жобалардың «қызыл аймаққа» түспеуін қатаң бақылауға алыңыздар. Аталған жұмыстардың нақты орындалуына басқарма басшылары, қала және аудан әкімдері тікелей жауапты болады», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Басқосуда облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы, Жалағаш, Сырдария, Қармақшы аудандарының әкімдері баяндама жасап, инвестициялық жобалардың қазіргі ахуалына тоқталды.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес облыста инвестициялық ахуалды жақсарту бағытында жүйелі жұмыс жүргізілуде. Биыл өңірге 631,4 млрд теңге инвестиция тарту жоспары бекітілген болса, 10 айдың қорытындысымен 602,7 млрд теңге игеріліп, меже 95,5 пайызға орындалды. Жыл соңына дейін инвестиция көлемін 720 млрд теңгеге жеткізу көзделген.

Экономиканы әртараптандыру мақсатында 2,8 трлн теңгенің 94 жобасы жүзеге асырылуда. Олар іске қосылғанда 11 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады. Пул жалпыұлттық және өңірлік жобалардан тұрады.

Биыл облыста 27 ірі жобаны ел игілігіне айналдыру жоспарланған. Қазір оның 12-сі пайдалануға берілді. Өңірлік пулға енгізілген 27 шағын жоба болса, оның 23-і жүзеге асты, қалған 4-еуі жыл соңына дейін іске қосылады.

 

@Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

Басқа жаңалықтар

Back to top button