Катон-Қарағайда «Ауыл Аманаты» жобасы аясында жаңа сервис орталығы ашылды

Катонқарағай ауданында «Ауыл Аманаты» бағдарламасы аясында ауылдық кәсіпкерлікті қолдау бағытында маңызды жобалар қарқын алып келеді. Бағдарлама жергілікті тұрғындардың өз ісін дамытуына, жаңа қызмет түрлерін ашуына және өңірдің туристік әлеуетін арттыруға кең мүмкіндік беріп отыр.
Осындай сәтті жүзеге асқан жобалардың бірі – «Ұлназ» ауылшаруашылық өндірістік кооперативінің жетекшісі Тлеубек Мұсабаевтың бастамасы. Кәсіпкер 31,2 миллион теңге көлемінде жеңілдетілген несие алып, ауыл орталығынан заманауи мейрамхана салуды қолға алған болатын. Құрылыс жұмыстары толық аяқталып, нысан қазір өз жұмысын бастады.
Жаңа нысанның ашылуы ауыл тұрғындары үшін қосымша жұмыс орындарын құруға ықпал етіп қана қоймай, өңірге келетін туристер мен қонақтар үшін сервистің сапасын жаңа деңгейге көтереді деп күтілуде. Катонқарағай – табиғаты әсем, туристер жиі баратын аймақ. Сондықтан қызмет көрсету саласының дамуы ауданның экономикалық белсенділігін арттыруға зор мүмкіндік беретіні анық.
«Ауылымыздың дамуына үлес қосу – әр азаматтың борышы деп санаймын. «Ауыл Аманаты» бағдарламасы бізге нақты мүмкіндік берді. Осы қолдаудың арқасында ауылға қажетті, заманауи талаптарға сай ресторан ашып отырмыз. Бұл нысан тек кәсіп емес, ауыл тұрғындарына жаңа жұмыс орындары, туристерге жайлы қызмет көрсету мүмкіндігі. Алдағы уақытта қызмет аясын кеңейтіп, ауылдың экономикалық дамуына одан әрі үлес қосуды жоспарлап отырмыз», – деді «Ауыл аманаты» жобасының қатысушысы Тлеубек Мұсабаев.
«Ауыл Аманаты» бағдарламасы Катонқарағай ауданының кәсіпкерлік белсенділігін арттырып, ауыл экономикасын нығайтуға серпін беруде. Жаңа жобалардың көбеюі – жергілікті тұрғындардың әл-ауқатын жақсартумен қатар, өңірдің инвестициялық тартымдылығын да арттыра түсуде.


