Ұлытау облысында эпидемиологиялық тұрақтылық пен қысқы кезеңге дайындық мәселелері талқыланды

Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспековтің төрағалығымен өткен кезекті аппараттық жиында өңірдің эпидемиологиялық ахуалы, тұмауға қарсы вакцинациялау жұмыстарының барысы және қысқы маусымда қар тазалау науқанына дайындық деңгейі жан-жақты қаралды. Кеңес барысында әлеуметтік тұрақтылықты сақтау, халықтың денсаулығын қорғау және коммуналдық қызметтердің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Жиында өңір басшысы қазіргі маусымда эпидемиологиялық жағдайға барынша сақтықпен қараудың маңызын атап өтті. Әсіресе тұмау және маусымдық вирустық аурулардың алдын алу шараларын күшейту, халық арасында вакцинацияның тиімділігі мен маңызын кеңінен түсіндіру қажеттігі айтылды. Әкімнің пікірінше, алдын алу шаралары — денсаулық сақтау жүйесіне түсетін жүктемені азайтып, өңірдегі жалпы әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты сақтаудың маңызды тетігі.
«Иммундау қарқыны облыс тұрғындарының денсаулығын қорғауда және эпидемиологиялық жағдайдың тұрақты болуын қамтамасыз етуде шешуші рөл атқарады. Сондықтан бұл бағыттағы ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүйелі әрі белсенді түрде жүргізілуі тиіс», — деді өңір басшысы.
Осыған байланысты облыс әкімі денсаулық сақтау басқармасына санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментімен бірлесіп, тәуекел тобындағы азаматтардың үйлерін аралау арқылы профилактикалық түсіндіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды. Сонымен қатар қоғамдық тамақтану орындарында санитарлық талаптардың сақталуын тұрақты бақылауда ұстау, тағамнан улану жағдайларының алдын алу мақсатында нақты және жедел шаралар қабылдау міндеттелді.
Аппараттық жиында қысқы маусымға дайындық мәселесі де кеңінен қозғалды. Ауа райының қазіргі таңда қолайлы болғанына қарамастан, облыс әкімі қатты қар жаууы мен көктайғақ кезеңіне алдын ала дайын болу қажеттігін атап өтті. Дастан Рыспеков коммуналдық және жол қызметтерінің қысқы кезеңдегі жұмыс алгоритмдерін қайта пысықтауды, қар тазалау мен мұзға қарсы өңдеу жұмыстарын уақытылы әрі сапалы жүргізуді тапсырды.
Әкім көктайғақ кезінде тек құм ғана емес, өзге де инертті материалдарды қолдану мүмкіндігін қарастыруды, осы бағытта басқа өңірлердің тиімді тәжірибесін зерттеуді жүктеді. Бұл шаралар тұрғындардың қауіпсіздігін арттырып, жол-көлік оқиғаларының алдын алуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар кәсіпкерлік субъектілерімен бірлесіп, олардың ғимараттары маңындағы 5 метр аумақты қардан уақытылы тазалау бойынша түсіндіру жұмыстарын қазірден бастау қажеттігі атап өтілді. Өңір басшысы жол және коммуналдық қызметтердің жұмысын күшейтуді, жанар-жағармай қорын алдын ала толықтыруды, сондай-ақ жаяу жүргіншілер үшін қауіпсіз әрі қолайлы қозғалысты үздіксіз қамтамасыз етуді міндеттеді.
Аппараттық жиын қорытындысы бойынша тиісті басқармалар мен жауапты мекемелерге нақты тапсырмалар беріліп, олардың орындалуы қатаң бақылауда болатыны айтылды. Қабылданған шаралар өңірде санитарлық қауіпсіздікті сақтау мен қысқы кезеңде тұрғындардың өмір сүру сапасын қамтамасыз етуге бағытталған.



