(Қазақша) ЖЕЗҚАЗҒАН ҚАЛАСЫ: КЕҢГІР АУЫЛЫН ГАЗБЕН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ ЖОБАСЫ РЕСМИ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

Бүгін Жезқазған қаласына қарасты Кеңгір ауылында көгілдір отынды ресми іске қосу рәсімі өтті. Маңызды инфрақұрылымдық жобаның жүзеге асуы елді мекеннің әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін елеулі әрі тарихи оқиға болды.
Аталған жоба аясында «Ұлытау облысы, Жезқазған қаласы, Кеңгір ауылын газбен жабдықтайтын жеткізуші газ құбыры мен газ тарату желілерінің құрылысы» толық аяқталып, пайдалануға берілді. Жалпы ұзындығы 25,171 шақырымды құрайтын газ тарату желілерінің құрылысы биылғы жылдың сәуір айында басталып, қысқа мерзім ішінде сапалы түрде жүзеге асырылды.

Нәтижесінде Кеңгір ауылындағы 442 тұрғын үй мен 7 әлеуметтік нысан, жалпы саны 540 абонент немесе шамамен 2 600 тұрғын табиғи газға қосылу мүмкіндігіне ие болды. Бұл бастама көмірге тәуелділікті азайтып, экологиялық ахуалды жақсартуға, тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға және өңірдің энергетикалық қауіпсіздігін күшейтуге бағытталған.
Сонымен қатар, осы күні Кеңгір ауылына Есқұла жер асты су көзінен таза ауыз су берілді. Бұл жоба тұрғындарды сапалы әрі тұрақты ауыз сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік беріп, ауыл халқының күнделікті өміріне айтарлықтай оң әсерін тигізбек.

Салтанатты іс-шараға қатысқан Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков пен Жезқазған қаласының әкімі Қайрат Шайжанов ауыл тұрғындарын маңызды жаңалықпен құттықтап, Жезқазған қаласы мен өңір аумағында газдандыру және инженерлік инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жүйелі әрі қарқынды түрде жүзеге асып жатқанын атап өтті.
Газ құбырының іске қосылуы – Жезқазған қаласының инфрақұрылымын жаңғырту, экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз ету және халықтың өмір сүру деңгейін арттыру жолындағы маңызды қадам. Алдағы уақытта өңірде газдандыру жұмыстары кезең-кезеңімен жалғасын табатын болады.



