Новости

(Қазақша) ЖАЛАҒАШ АУДАНЫНДА ӘЛЕУМЕТТІК САЛАДА ОҢ ӨЗГЕРІСТЕР ҚАЛЫПТАСТЫ

Извините, этот текст доступен только на “Қазақша”.

Жалағаш ауданында халықтың өмір сүру сапасын арттыру, әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету және адами капиталды дамыту бағытында кешенді жұмыстар жүзеге асырылуда. Жұмыспен қамту, білім беру мен денсаулық сақтау салалары – өңірдің орнықты дамуының негізгі тіректерінің бірі. Бұл бағыттарда атқарылған жұмыстар мен қол жеткізілген нәтижелер туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында Жалағаш ауданының әкімі Ардақ Ибраимов баяндады.

– Әлеуметтік салада айтарлықтай оң нәтижелерге қол жеткіздік. Халықты жұмыспен қамту, жаңа жұмыс орындарын ашу – басты міндеттеріміздің бірі. Өткен жылы аудан бойынша жалпы жұмыссыздық деңгейі 5,1 пайызды, ал жастар арасындағы жұмыссыздық 3,8 пайызды құрады. Ұлттық жоба аясында 16 жоба бойынша 175 адамды жұмыспен қамту жоспарланған болса, нақты 183 адам жұмыспен қамтылып, жоспар 105,1 пайызға орындалды. Сонымен қатар, әлеуметтік жағынан осал отбасыларға қолдау көрсету мақсатында жыл басынан бері 60 млн теңгеге жуық қайырымдылық көмегі көрсетілді. Жұмыссыздықты төмендету үшін кәсіпкерлікті дамытуға, жаңа бизнес бастамаларды қолдауға басымдық беріліп отыр, – деді Ардақ Әбдіғаппарұлы.

Әлеуметтік саладағы оң өзгерістер білім беру жүйесінде де нақты нәтижелермен көрініс табуда.

– 2024–2025 оқу жылын ауданымыздағы 20 мектепте 6 603 оқушы аяқтады. Оның ішінде 450 түлек мектеп бітіріп, үлкен өмірге қадам басты. «Алтын белгі» иегерлері – 16 түлек, үздік аттестат алғандар саны – 48. Алдағы 2025–2026 оқу жылына дайындыққа 262,5 млн теңге бөлініп, 5 мектепке жөндеу жүргізілді, 3 мектеп жанынан жаңа спорт алаңдары салынды, 2 мектептің спорт алаңдары күрделі жөндеуден өтті. Оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында барлық білім беру ұйымдары 100 пайыз бейнебақылау жүйесімен қамтылып, полиция бөлімдерімен толық интеграцияланды, – деді Ардақ Ибраимов.

Денсаулық сақтау саласында да инфрақұрылымды жаңғырту мен медициналық қызмет сапасын арттыруға бағытталған нақты қадамдар жасалуда.

– Ауданда жаңа аурухана мен заманауи емхананың пайдалануға берілуі халыққа көрсетілетін медициналық қызметтің сапасын айтарлықтай жақсартты. Республикалық бюджеттен қаржы бөлініп, Қаракеткен ауылдық округінде дәрігерлік амбулатория салынды. Сонымен қатар, аудандық аурухананың материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында лизинг арқылы 62,4 млн теңгеге заманауи ультрадыбыстық диагностикалық аппарат алынды. Бұдан бөлек, рентген-маммографиялық және стационарлық цифрлық рентген-флюорографиялық аппараттар сатып алынып, медициналық қызметке енгізілді, – деді Ардақ Әбдіғаппарұлы.

@Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

Басқа жаңалықтар

Back to top button