Новости

(Қазақша) «Ауыл спорт» жобасы «Халықтың сүйіктісі» ұлттық сыйлығында жылдың үздік жобасы атанды

Извините, этот текст доступен только на “Қазақша”.

Астанада «Халықтың сүйіктісі» ұлттық сыйлығының жеңімпаздары анықталды. «Жылдың үздік жобасы» номинациясында Тимур Құлыбаевтың бастамасымен құрылған «Halyk» қайырымдылық қоры жүзеге асырып отырған «Ауыл спорт» жобасы үздік деп танылды.

Қайырымдылық бағытында 10 жылдан бері тұрақты жұмыс істеп келе жатқан «Halyk» қоры осы уақыт ішінде ел игілігі үшін жүздеген жобаны іске асырды. Қор әлеуметтік бастамаларға шамамен 100 миллиард теңге бағыттап, қоғамға қажет маңызды мәселелерге қолдау көрсетіп келеді. Тек өткен жылдың өзінде қор білім беру, медицина, экология және әлеуметтік қолдау салаларында 60-қа жуық бағдарламаны жүзеге асырған.

Ал «Ауыл спорт» жобасының орны бөлек. Бұл бастама ауылдық жерлерде спортты дамытуға серпін беріп, дарынды жастарға үлкен мүмкіндік сыйлады. Жобаның арқасында ауылдан шыққан спортшылар кәсіби түрде дайындалып, республикалық қана емес, халықаралық жарыстарда да бақ сынауға жол ашты.

«Halyk» қорының атқарушы директоры Ғалымбек Жақсылықов жоба қатысушыларының жетістігі жылдан-жылға артып келе жатқанын атап өтті.

«Мысалы, өткен жылы Сербияда өткен Дүниежүзілік гимназиадада біздің ауыл балалары жақсы нәтиже көрсетті. Бокстан жүлделі орын алды, еркін күрестен қола медаль иеленді. Сонымен қатар екі бүлдіршініміз халықаралық FIDE федерациясының арнайы марапатына ие болды», – деді ол.

Айта кетейік, ұлттық сыйлық иегерлері ашық онлайн-дауыс беру арқылы анықталған. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, әр номинацияға 100-ге жуық үміткер ұсынылған. Премия ұйымдастырушысы Ғалым Байтук іріктеу бірнеше кезеңнен тұратынын жеткізді. Әуелі Facebook желісінде кез келген қолданушы үміткер ұсына алады. Кейін премия академиясы үздіктердің лонг-листін жасақтайды. Одан кейін дауыс беру қайта жалғасып, финалға өткен төрт қатысушы lubimec.kz сайтында шешуші кезеңге шығады.

«Халықтың сүйіктісі» ұлттық сыйлығы биыл 15-рет ұйымдастырылып отыр. Ал «Halyk» қорының жобалары бұл марапатта екінші жыл қатарынан үздік деп танылып келеді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button