Қоғам
Trending

Түркістанда «Жас ұрпақ – ел болашағы» форумы өтті

Түркістандағы «Конгресс-холл» кешенінде Түркістан облысы прокуратурасының бастамасымен, облыс әкімдігі мен полиция департаментінің қолдауымен «Жас ұрпақ – ел болашағы» атты форум өтті. Оған білім беру саласының 1000-нан астам өкілі, мектеп психологтары, аудан және қала әкімдері мен орынбасарлары, сондай-ақ құқық қорғау саласының өкілдері қатысты. Сондай-ақ форумға отбасы институтының өкілдері мен әлеуметтік қызмет мамандары шақырылды.

Форумда Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, облыс прокуроры Мұрат Тлеубердиев, Түркістан облысы полиция департаментінің бастығы Арыстанғали Заппаров, Оқу-ағарту вице-министрі Асылбек Ахметжанов бала құқығын қорғау, өскелең ұрпаққа қолайлы орта қалыптастыру бойынша мазмұнды баяндамалар жасады. Облыс әкімі бала қауіпсіздігі – ең басты құндылық екеніне тоқталды.

– Жуырда Қызылордада өткен Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев балалар мен жастарды қолдау мәселесіне тағы да тоқталды. «Біз өскелең ұрпаққа әрдайым жан-жақты қолдау көрсетеміз. Олардың ұлттық құндылықтармен қатар жаңа заманның жақсы қасиеттерін бойына сіңіруіне барынша жағдай жасаймыз» деді Мемлекет басшысы. Бұл – біз үшін бағыт-бағдар ғана емес, үлкен жауапкершілік. Біздің өңірде 900 мыңнан астам бала өсіп келеді. Әрқайсысы – бір отбасының үміті, бір елдің келешегі. Сондықтан баланы қорғау ата-ана, мектеп, медицина, полиция, прокуратура, қоғам болып жұмылатын ортақ міндет болуға тиіс. Біз нақты қадамдарға көштік. Өңірде психологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін жүйелі инфрақұрылым қалыптаса бастады. Психологиялық қолдау орталығы ашылды, барлық білім беру ұйымдарына «111-QR қызметі» енгізілді. Педагог-психологтардың кәсіби әлеуетін көтеруді басымдыққа айналдырдық: 2024-2025 жылдары 2000-нан астам маман біліктілік арттырды.

Баланың ең жақын әлемі – отбасы. Ата-аналар баласының психологиялық күйіне, өмір қауіпсіздігіне, мінез-құлқындағы өзгерістерге бейжай қарамауға тиіс. Бұл бағытта ведомствоаралық жұмысты жандандыруымыз қажет. Сонымен қатар, баланың толыққанды дамуы үшін спорттық, шығармашылық, мәдени үйірмелердің қолжетімділігін арттырамыз, қосымша психологиялық тренингтер ұйымдастырамыз. Бүгін ортаға салынған ұсыныстар нақты іске айналып, әр баланың өмірінде оң өзгеріс әкелуге тиіс. Балаларымыз өздерін қауіпсіз сезінетін, еркін дамитын орта қалыптастыру – баршамыздың ортақ парызымыз, – деді Нұралхан Көшеров.

Аталған іс-шара жасөспірімдердің психологиялық денсаулығын қорғау, суицидтің алдын алу және білім беру ұйымдарында қауіпсіз орта қалыптастыру бағытында тәжірибе мен тиімді тәсілдер алмасуға арналған маңызды алаңға айналды. Білікті спикерлер облыстың барлық аудан, қаласынан жиналған мектеп психологтарына кәсіби кеңестер беріп, нақты жағдайларда қолдануға болатын әдістемелік ұсыныстарын ұсынды.

Облыс прокуроры Мұрат Тлеубердиев өз сөзінде «Балалар – қоғамның ең үлкен байлығы. Құқық қорғау органдарының мақсаты – әрбір өреннің қауіпсіз әрі қолайлы ортада өмір сүруіне кепілдік беру. Қоғамда қатігездік емес, мейірім мен өзара қолдау үстемдік құруға тиіс» екенін атап өтті.

Іс-шара аясында облыс әкімі мен прокуроры үздік 10 мектеп психологын алғысхаттармен, бағалы сыйлықтармен марапаттап, олардың еңбегін бағалады. Сонымен қатар, форум қатысушылары арасында тәжірибе алмасу, бірлескен жобаларды дамыту және психологиялық қолдау саласында жаңа бағдарламаларды енгізу бойынша пікір алмасу сессиялары ұйымдастырылды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button