(Қазақша) «Әлібек Асқар шығармашылығындағы Алтай бейнесі және адам тағдыры» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция

2026 жылғы 23 қаңтарда Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде көрнекті қаламгер, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әлібек Асылбайұлы Асқардың 75 жылдық мерейтойына арналған «Әлібек Асқар шығармашылығындағы Алтай бейнесі және адам тағдыры» атты Халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.
Ауқымды ғылыми жиынның басты мақсаты – жазушы шығармашылығының қазіргі әдеби процестегі орнын айқындау, оның туындыларындағы тақырыптық, көркемдік және эстетикалық ерекшеліктерді саралау, сондай-ақ қаламгер мұрасының рухани-мәдени маңызын терең талқылау болды.
Конференцияға отандық және шетелдік ғалымдар, ақын-жазушылар, қоғам және мемлекет қайраткерлері, мәдениет қызметкерлері мен жоғары оқу орындарының білім алушылары қатысты.
Пленарлық мәжілісті Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, филология ғылымдарының докторы, профессор Сауытбек Абдрахманов модераторлық етті. Алқалы жиын Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Басқарма төрағасы-ректоры, ҚР ҰҒА академигі Ерлан Сыдықовтың кіріспе сөзімен ашылып, Әлібек Асқардың ұлттық әдебиет пен руханиятты дамытуға қосқан зор үлесі ерекше аталып өтті.
Жиында ҚР Президентінің кеңесшісі Бауыржан Омаров, Парламент депутаттары Нұртөре Жүсіп пен Ерлан Саиров, белгілі ғалымдар мен қоғам қайраткерлері, сондай-ақ Түркия мен Ресейден келген әдебиеттанушы ғалымдар мазмұнды баяндамалар жасады.
Конференция аясында «Әлібек Асқар прозасындағы Алтай тақырыбы» және «Қаламгер шығармашылығындағы Әйел-Ана бейнесі» атты секциялық отырыстар ұйымдастырылып, жазушы шығармаларындағы ұлттық мұрат, кейіпкерлер жүйесі, юмор мен мистикалық сарын, көркемдік ізденістер кеңінен талқыланды.
Ғылыми-практикалық конференция қорытындысы бойынша мақалалар жинағы жарық көретін болады.
Аталған халықаралық конференция Әлібек Асқар мұрасының рухани құндылығын жаңа қырынан танытып, қазақ әдебиетінің дамуына серпін берген маңызды ғылыми алаңға айналды.
