Жаңалықтар

Катонқарағай Шығыс Қазақстан облысының туристік тартымдылық орталығына айналып келеді

Шығыс Қазақстан облысы көбіне өнеркәсіптік аймақ ретінде танылғанымен, оның туристік әлеуеті де аса жоғары деңгейде. Өңірде табиғаты ерекше, тарихи және мәдени маңызы бар көрікті жерлер көп, алайда оларды ел ішінде және халықаралық деңгейде кеңінен таныстыру әлі де өзекті мәселе болып отыр.

Облыстағы туристік бағыттардың қатарында Бухтарма су қоймасының жағалауы, Самар құмдары, Сібе көлдерісияқты табиғи демалыс орындары бар. Сонымен қатар, Катонқарағай ауданының таулы табиғаты, ерекше ландшафттары мен қорықтық аймақтары туристер үшін тартымды бағыттардың бірі болып саналады. Мұнда жазғы және қысқы туризмді дамытуға барлық мүмкіндіктер бар: тау туризмі, треккинг, эко-туризм, альпинизм және экологиялық экскурсиялар ұйымдастыруға болады.

2025 жылдың жазында Катонқарағайда өткен «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» халықаралық фестиваліаймақтың туристік имиджін қалыптастырудағы маңызды қадамдардың бірі болды. Ауқымды мәдени шараға он мыңға жуық қонақ жиналды. Фестиваль үш күн бойы өткізілді және оның барысында ұлттық спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылды: көкпар, бәйге, аударыспақ, жамбы ату сынды қазақтың дәстүрлі спорт ойындары үлкен қызығушылық тудырды.

Сондай-ақ, мәдени бағдарлама бойынша поэзиялық кештер, ақындар айтысы өткізілді. «Берел» музей-археологиялық кешенінде ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырылып, түркі әлемінің мәдениеті мен тарихы талқыланды. Фестивальдің басты көріністерінің бірі — түркі әлемінің 11 елінен келген өнерпаздар қатысқан гала-концерт, бұл шара қонақтарға ерекше әсер қалдырды. Үш күн бойы этноауыл жұмыс істеп, Шығыс Қазақстанның әр ауданы өз киіз үйлерін, ұлттық бұйымдарын және дәстүрлі қолөнер өнімдерін таныстырды. Жәрмеңке мен фуд-корт алаңдарында ұлттық тағамдар мен жергілікті өнімдер ұсынылды, бұл шара туристер үшін нағыз мәдени тәжірибе болды.

Фестиваль ұйымдастырушылары оның әр жыл сайын өткізілуін жоспарлап отыр. Мұндай ауқымды мәдени және спорттық іс-шаралар өңірдің туристік тартымдылығын арттырып қана қоймай, Шығыс Қазақстанның тарихын, мәдениетін және табиғи байлығын ел ішінде және халықаралық деңгейде танытуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, Катонқарағайдың туристік әлеуетін дамыту бағытында инфрақұрылымға да ерекше көңіл бөлінуде. Жолдар, қонақүйлер, туристік базалар мен демалыс орындары жаңартылып, заманауи стандарттарға сәйкес келтірілуде. Бұл өз кезегінде өңірге келетін қонақтар мен туристер санының артуына ықпал етеді. Ауылдық жерлерде туризмді дамыту жергілікті тұрғындарға жаңа жұмыс орындарын ашып, экономикалық жағдайды жақсартуға мүмкіндік береді.

Эксперттер атап өткендей, Катонқарағайдағы табиғи қорықтар мен ерекше ландшафттар, сондай-ақ мәдени шаралар — аймақты табиғи сұлулығы мен дәстүрлі мәдениеті арқылы танымал туристік бағытқаайналдырудағы басты факторлардың бірі болып отыр. Алдағы жылдары аудандағы туристік бағыттарды дамыту бойынша қосымша жобалар іске асырылып, аймақ Шығыс Қазақстанның туристік жүрегіне айналмақ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button