Новости

(Қазақша) Бүгін Ұлытау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде тұрмыстық газды қауіпсіз пайдалану тақырыбында брифинг өтті.

Извините, этот текст доступен только на “Қазақша”.

Іс-шараға спикерлер ретінде Жезқазған қаласы төтенше жағдайлар басқармасының бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Құйқабаев Дидар Нұртуғанұлы және Жезқазған газ шаруашылығының директоры Айнагулов Бактыбек Нургазиевич қатысты.

Брифинг барысында мамандар тұрмыста газды қауіпсіз пайдалану ережелерін сақтау – адам өмірі мен денсаулығын қорғаудың маңызды кепілі екенін атап өтті. Спикерлер газдың жарылыс және өрт қаупін тудыратын, сондай-ақ ағып кеткен жағдайда адамды уландыратын қауіпті фактор екенін еске салды.

Қатысушыларға газ жабдықтарын тек сертификатталған ұйымдардан сатып алу, оларды орнату мен техникалық қызмет көрсетуді тек арнайы мамандарға тапсыру қажеттігі түсіндірілді. Сонымен қатар, газ плиталарын дұрыс орналастыру, желдету жүйелерінің жұмысын қадағалау және пайдалану нұсқаулықтарын сақтау маңызды екені айтылды.

Спикерлер газды пайдалану кезінде жиі жіберілетін қателіктерге тоқталып, келесі әрекеттерге қатаң тыйым салынатынын ескертті:

• газ жабдықтарын өз бетінше орнату немесе жөндеу;

• газдың ағуын анықтау үшін ашық от қолдану;

• газ құрылғыларын қараусыз қалдыру;

• жанғыш заттарды газ құрылғыларының жанында сақтау;

• кәмелетке толмағандардың газ құралдарын пайдалануына жол беру.

Сондай-ақ, газ иісі анықталған жағдайда әрекет ету алгоритмі түсіндірілді. Атап айтқанда, газ крандарын дереу жабу, электр құрылғыларын қоспау, бөлмені желдету, адамдарды қауіпсіз жерге шығару және 104 нөмірі арқылы авариялық қызметті шақыру қажеттігі айтылды.

Брифинг барысында Ұлытау облысында жүргізіліп жатқан газдандыру жұмыстары туралы да мәлімет берілді. Қазіргі таңда өңірде бірқатар елді мекендер мен тұрғын аудандар газдандырылып, орталық газбен қамтылған тұтынушылар саны 1960 үйге жеткені хабарланды.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының «Газ және газбен жабдықтау туралы» заңына сәйкес, тұрғындар өздеріне тиесілі газ жабдықтарының техникалық жай-күйіне жауапты екені және оларды қызмет көрсететін мамандандырылған ұйымдармен міндетті түрде шарт жасасуы тиіс екені ескертілді.

Спикерлердің айтуынша, қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтау қайғылы жағдайлардың алдын алып, азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғауға мүмкіндік береді.

Іс-шара соңында тұрғындарға газ жабдықтарында ақау немесе газ иісі байқалған жағдайда дереу 104 немесе 8 (7212) 25-46-49 нөмірлеріне хабарласу қажеттігі еске салынды.

Өзіңізге және жақындарыңызға қамқор болыңыз!

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button