(Қазақша) СУ ШАРУАШЫЛЫҒЫНЫҢ ШЕЖІРЕСІН ЗЕРДЕЛЕГЕН ТҰЛҒА

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті және «Сыр мұрасы» қоғамдық бірлестігінің бірлесіп ұйымдастыруымен ҚР еңбек сіңірген гидротехнигі, су шаруашылығы саласының білікті маманы Мәделхан Нәлібаевты еске алуға арналған ғылыми-танымдық конференция өтті.
«Қызылорда облысы су шаруашылығының жағдайы және оны жақсартудың ғылыми-тәжірибелік негіздемелері» атты конференцияда суландыру жүйесіндегі суармалы егістік алқаптарының техникалық жағдайы сараланды.
Пленарлық мәжілісте «Сырдария-Арал бассейнінде 2026 жылдың вегетациялық кезеңінде қалыптасқан су балансы жағдайы туралы болжалдық мәліметтер», «Су ресурстарын тиімді пайдаланудың ғылыми-практикалық негіздемелері», «Су шаруашылығына жоғары және орта білімді кадрлар даярлау жағдайы және олардың біліктіліктерін көтеру мәселелері» атты бірқатар маңызды баяндамалар оқылды.
«Экология дегеніміз – қоршаған ортаның суға байланысты барлық ауруларының бір-біріне қосылып асқынған түрі. Біз экология дағдарысынан шығамыз десек, бар судың тиімділігін арттырып, қоршаған ортаны сумен емдеуіміз керек. Тікелей өзеннен тіршілік нәрін алатын арналардың сағасына шлюздер, су өлшейтін бекеттер, суын бір жерден ашып-жабатын автоматты қондырғылар орнату арқылы Сырдарияны біртұтас инженерлік жүйеге айналдыру қажет”,- деп ой қорытқан Мәделхан Нәлібаевтың бұл тұжырымы өміршеңдігін дәлелдеп келеді.
Конференцияға қатысқан ғалымдар мен су мамандары өңірде суландыруды ғылыми негізде жетілдіру барысында Мәделхан Нәлібаевтың әдістемелік еңбектерін басшылыққа алу керек ұстанымды қолдады. Сондай-ақ су мен жердің бабын бірдей білетін мамандар шоғырын даярлау қажеттігі айтылды.



