(Қазақша) Ұлытау облысы бойынша 2026 жылғы әскерге шақыру науқаны туралы

2026 жылғы 14 сәуірде Ұлытау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде Ұлытау облысы қорғаныс істері департаменті бастығының орынбасары, әскерге шақыру жұмыстарының мәселелеріне жетекшілік ететін басқарма бастығы Муталяпов Анарбек Қадыровичтің қатысуымен брифинг өтті.
Брифинг барысында Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін сапалы толықтыру, жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеу және әскери қызметтің беделін арттыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы кеңінен баяндалды.
Спикердің айтуынша, азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыру – мемлекеттік органдардың бірлескен кешенді іс-шарасы. Әскерге шақыру жыл сайын көктемгі және күзгі кезеңдерде ұйымдастырылып, жергілікті атқарушы органдармен бірлесе жүргізіледі. Шақыру комиссиялары құрамына мемлекеттік органдар өкілдері, медицина қызметкерлері, құқық қорғау органдары мен қоғамдық ұйым мүшелері енгізілген. Бұл өз кезегінде процестің ашықтығы мен әділдігін қамтамасыз етеді.
Жастар арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Әскери қызметтің артықшылықтары, әлеуметтік кепілдіктері және болашақ мүмкіндіктері туралы кеңінен түсіндіріледі. Сонымен қатар, ата-аналармен кері байланыс орнатылып, жоғары оқу орындарымен бірлескен кездесулер мен кәсіби бағдар беру шаралары өткізілуде.
Әскери қызмет өткерген азаматтарға мемлекет тарапынан бірқатар жеңілдіктер қарастырылған. Атап айтқанда, «Срочник 2.0» бағдарламасы аясында жоғары оқу орындарына ҰБТ-сыз түсу мүмкіндігі беріледі. Сонымен қатар, қызмет барысында азаматтардың банктік несиелері 14 айға дейін кейінге шегеріліп, жұмыс орындары сақталады.
Жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру бағытында «Жас сарбаз» қозғалысы белсенді жұмыс жүргізуде. 2026 жылдың қаңтар айында Ұлытау облысы бойынша аталған қозғалыстың төрағасы болып Ізтілеуов Нұрлан Сыбанбекұлы тағайындалды. Қозғалыс аясында түрлі әскери-патриоттық іс-шаралар, кездесулер мен жарыстар ұйымдастырылып келеді.
Сонымен қатар, «Айбын» халықаралық әскери-патриоттық жастар жиыны өткізіліп, жастардың әскери дайындығы мен патриоттық рухын нығайтуға ықпал етуде.
Облыс көлемінде әскери бөлімдерге экскурсиялар, ардагерлермен кездесулер, әскери-спорттық жарыстар және салтанатты шығарып салу рәсімдері тұрақты түрде ұйымдастырылуда. Сондай-ақ, облыс әкімінің өкімімен жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру жөніндегі үйлестіру кеңесі құрылған.
2026 жылы Ұлытау облысынан барлығы 670-ке жуық азамат әскер қатарына жіберіледі. Оның ішінде көктемгі шақырылымда – 320 адам, күзгі шақырылымда – 350 адам.
Көктемгі шақырылым бойынша әскер түрлеріне бөлінісі:
• ҚР Мемлекеттік күзет қызметі – 3 адам
• ҚР ҰҚК Шекара қызметі – 20 адам
• ҚР Қарулы Күштері – 170 адам
• ҚР ІІМ Ұлттық ұланы – 127 адам
Қорытындылай келе, жергілікті әскери басқару органдарының әкімдіктермен және білім беру ұйымдарымен бірлескен жұмысы ел қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды тетігі болып табылады. Ал жастармен жүргізіліп жатқан жүйелі жұмыс – мемлекетіміздің болашағына салынған берік негіз.



