Новости

(Қазақша) Түркістан облысы ПД бастығы тұрғындармен кездесу өткізді

Извините, этот текст доступен только на “Қазақша”.

Түркістан облысы полиция департаментінің бастығы Арыстанғани Заппаров тұрғындармен кезекті кездесу өткізіп, өңірдегі құқықтық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында атқарылған жұмыстардың қорытындысын баяндады. Бұл жолғы есептік кездесу бұрынғы дәстүрлі форматтан өзгеше өтіп, генерал халықпен тікелей бір алаңда отырып, ашық диалог форматында пікір алмасты. Мұндай тәсіл азаматтармен кері байланысты күшейтіп, өзекті мәселелерді тікелей талқылауға мүмкіндік берді.

Жиын барысында алдымен 2025 жылы атқарылған жұмыстар бойынша арнайы дайындалған бейнеролик көрсетіліп, облыстағы криминогендік ахуалға шолу жасалды. Баяндамада келтірілген мәліметтерге сәйкес, өткен жылы өңірде 4 539 құқық бұзушылық тіркеліп, бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда 7,6%-ға төмендегені атап өтілді. Сонымен қатар аса ауыр қылмыстардың саны 32,1%-ға, орташа ауырлықтағы қылмыстар 8,3%-ға, қарақшылық фактілері 100%-ға, ал бөтеннің мүлкін ұрлау деректері 26,8%-ға азайғаны айтылды.

Мал ұрлығы бағытында да оң динамика байқалған. Аталған қылмыс түрі 13,8%-ға төмендеп, құқық қорғау органдары тарапынан ұйымдасқан қылмыстық топтарға қарсы кешенді іс-шаралар нәтижесінде 56 адамнан құралған 19 қылмыстық топтың жолы кесілді. Олар 47 мал ұрлығы дерегіне қатысы бар екені анықталған. Нәтижесінде жалпы ұрланған 615 бас малдың 474-і заңды иелеріне қайтарылды.

Департамент басшысы өз сөзінде 2026 жылдың алғашқы екі айында атқарылған жұмыстарға да тоқталып, құқық бұзушылықтардың алдын алу, жол қауіпсіздігін күшейту, қылмыспен күресті жүйелі түрде жүргізу және халықпен ашық коммуникация орнату бағытындағы негізгі көрсеткіштерді баяндады. Сонымен қатар профилактикалық шараларды күшейту, учаскелік полиция инспекторларының жұмысын жетілдіру және цифрлық технологияларды енгізу арқылы құқық бұзушылықтарды ерте анықтау тетіктерін дамыту мәселелері де сөз болды.

Жиын барысында қоғамдық тәртіпті сақтау, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және “Заң мен тәртіп” қағидатын қоғамда кеңінен насихаттау бағытындағы алдағы жоспарлар таныстырылды. Тұрғындармен өткен ашық сұрақ-жауап форматында азаматтар өздерін толғандырған мәселелерді көтеріп, нақты ұсыныстарын білдірді.

Атап айтқанда, “Әдемі әйел” қоғамдық бірлестігінің төрайымы Мөлдір Нұрман Келес, Шардара және Сарыағаш аудандарында өсетін кеурек өсімдігінің қазіргі жағдайына алаңдаушылық білдіріп, оны қорғау және сақтап қалу бойынша тиісті шаралар қабылдау қажеттігін көтерді. Сонымен қатар кейбір блогерлер тарапынан жасалатын бопсалау және арандатушылық әрекеттерге қатысты қатаң құқықтық шаралар қолдану мәселесін де назарға алды.

Өз кезегінде полиция департаментінің басшысы көтерілген мәселелердің барлығы назарға алынатынын айтып, табиғатты қорғау бағытында жергілікті қоғам белсенділерімен бірлескен жұмыс жүргізу маңызды екенін атап өтті. Бұл ретте ашық ақпараттық жұмыстарды күшейту және атқарылып жатқан шараларды қоғамға кеңінен көрсету қажеттігі айтылды.

Мақтаарал ауданының белсенді тұрғыны полиция қызметінің материалдық-техникалық базасын жаңарту, оның ішінде қызметтік автокөліктерді жетілдіру мәселесін көтерді. Сондай-ақ жиын барысында бұзақылық, азаматтық-құқықтық даулар және өңірлік мекемелердің жұмыс сапасына қатысты өзге де өзекті сұрақтар талқыланды.

Кездесу соңында қатысушылар мұндай ашық форматтағы диалог алаңдары халық пен полиция арасындағы өзара сенімді нығайтуға және қоғамдағы өзекті мәселелерді тиімді шешуге оң әсер ететінін атап өтіп, ұйымдастырушыларға алғыстарын білдірді. Жиын соңында ақсақалдар баталарын беріп, ішкі істер органдары қызметкерлеріне табыс пен сәттілік тіледі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button