(Қазақша) ТҮРКІСТАННЫҢ АВТОПАРКІ ЖАҢАРЫП, ЖҮРГІЗУШІЛЕРГЕ 35 ЖАҢА АВТОБУС КІЛТІ ТАПСЫРЫЛДЫ

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Түркістан қаласында жолаушылар тасымалдау қызметін жүзеге асыратын компанияларға 35 заманауи қоғамдық автобус кілтін салтанатты түрде табыстады. Атап айтқанда, қалалық көлік паркі «Жолаушы» компаниясының 12 жаңа көлікпен және «ТехПрофАвто» мекемесінің 23 заманауи автобуспен толықты. Бұл шара өңірдегі қоғамдық көлік инфрақұрылымын жаңғыртуға бағытталған жүйелі жұмыстардың жалғасы болып табылады.
Салтанатты іс-шара барысында қоғамдық көлік саласында ұзақ жылдар бойы еңбек етіп, жолаушыларға сапалы қызмет көрсетіп жүрген бірқатар қызметкерлерге алғыс хаттар табысталып, олардың еңбегі ерекше атап өтілді. Марапат иелерінің кәсіби біліктілігі мен жауапкершілігі қала тұрғындарына қолайлы әрі қауіпсіз тасымалдау қызметін қамтамасыз етуге қосқан зор үлес ретінде бағаланды.
Шарада сөз сөйлеген облыс әкімі қоғамдық көлік саласының стратегиялық маңызына тоқталып, тұрғындарға қолжетімді, қауіпсіз және сапалы көлік қызметін ұсыну – жергілікті атқарушы органдардың басты міндеттерінің бірі екенін атап өтті. Сондай-ақ қала инфрақұрылымын дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар кезең-кезеңімен жалғасатынын жеткізді.
– Бүгін біз киелі Түркістан төрінде қаланың көліктік инфрақұрылымын жаңғыртуға бағытталған маңызды бастаманың куәсі болып отырмыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қолдауымен Түркістан қаласына ерекше мәртебе беріліп, өңір қарқынды даму кезеңіне аяқ басты. Қалаға келуші туристер саны жыл сайын артып келеді. Өткен жылы Түркістанға 1 миллион 200 мыңнан астам турист пен қонақ келсе, тек 2026 жылдың алғашқы үш айының өзінде 450 мыңнан астам адам саяхаттаған. Осындай өсім жағдайында қоғамдық көлік жүйесі де заман талабына сай болуы қажет. Осы мақсатта жергілікті әкімдік пен тасымалдаушы компаниялардың бірлескен жұмысының нәтижесінде ұзақ уақыт күткен 35 жаңа заманауи автобус іске қосылды. Жыл соңына дейін бұл бағыттағы жаңарту жұмыстары жалғасын табады, – деді өңір басшысы.
Жаңа автобустар жолаушылардың қауіпсіздігі мен жайлылығын арттыру мақсатында заманауи талаптарға сай толық жабдықталған. Көліктерде бейнебақылау жүйелері орнатылып, ішкі климатты реттейтін желдету жүйелері қарастырылған, сондай-ақ электронды билеттеу жүйесі енгізілген. Бұдан бөлек, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың кедергісіз қозғалысын қамтамасыз ету үшін арнайы пандустар орнатылған.
Қазіргі таңда Түркістан қаласында 21 бағыт бойынша 204 қоғамдық көлік тұрақты түрде жолаушыларға қызмет көрсетеді. Бұл салада 300-ге жуық маман еңбек етіп, қаланың күнделікті көлік қозғалысының үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуде. 2025 жылы қала бойынша қоғамдық көлік қызметін 27,6 миллионнан астам жолаушы пайдаланғаны тіркелген, бұл көрсеткіш тұрғындар тарапынан қызметке деген сұраныстың жоғары екенін көрсетеді.
Қоғамдық көлік қызметін ұйымдастыру және тасымалдау жұмыстарын «Жолаушы» және «ТехПрофАвто» компаниялары жүзеге асыруда. Алдағы уақытта қала әкімдігі тарапынан автопаркті жаңарту, бағыттарды оңтайландыру және қызмет сапасын арттыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасын табатын болады.



