Новости

(Қазақша) ТҮРКІСТАНДА АКВАТУРИЗМ ДАМЫТЫЛЫП, ЗАМАНАУИ БАЛЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫ КЛАСТЕРІ ҚҰРЫЛАДЫ

Извините, этот текст доступен только на “Қазақша”.

Түркістан облысында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретін жаңа инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, акватуризм саласын дамыту және заманауи балық шаруашылығы кластерін қалыптастыру бағытындағы бастамалар кезең-кезеңімен іске қосылмақ. Бұл жобалар өңірдің туристік әлеуетін арттырып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашуға және ауылдық аумақтардың дамуына да ықпал етпек.

Осыған орай, Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Шаға ауылдық округіне арнайы жұмыс сапарымен барып, жобаны іске асырушы инвестормен кездесу өткізді. Кездесу барысында өңір басшысы инвестициялық жобалардың қазіргі жағдайы, құрылыс-монтаж жұмыстарының барысы, сондай-ақ аквакультура мен туризмді қатар дамыту мүмкіндіктері жан-жақты талқыланды. Сонымен бірге «Шаға» су қоймасы аумағын тиімді пайдалану, инфрақұрылымды дамыту және экологиялық талаптарды сақтау мәселелеріне ерекше назар аударылды.

 Облыс әкімі жобалардың уақытылы әрі сапалы орындалуының маңыздылығын атап өтіп, жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді. Ол мұндай бастамалардың өңір экономикасын әртараптандыруға, ауылдық жерлерде кәсіпкерлікті дамытуға және халықтың табысын арттыруға мүмкіндік беретінін жеткізді. Қазіргі таңда «Шаға» су қоймасы аумағы ретке келтіріліп, инфрақұрылымдық дайындық жұмыстары басталған.

 Аталған жобалардың бастамашысы – «GOLD FISH TURKISTAN» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Инвестор ұсынған акватуризм жобасының жалпы құны 1,5 миллиард теңгені құрайды. Жоба аясында бір маусымда 100 000-ға дейін турист қабылдау мүмкіндігі қарастырылған. Жалпы аумағы 8 гектарды құрайтын бұл кешен демалыс пен туризмге арналған заманауи инфрақұрылыммен жабдықталмақ. Жоба толық іске асқан жағдайда 25 адам тұрақты жұмыспен қамтылады деп күтілуде.

Сонымен қатар өңірде заманауи балық шаруашылығы кластерін дамытуға бағытталған екінші жоба да қатар жүзеге асырылуда. Бұл жобаға «Самұрық-Қазына» жанындағы әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация үлесінен жер телімі бөлінген. Жобаның жалпы құны 1 миллиард теңгені құрайды. Жоспар бойынша, нысан 2027 жылы толық іске қосылады. Кешен толық қуатында жұмыс істеген жағдайда жылына 300–400 тоннаға дейін балық өнімін өндіру көзделіп отыр. Сонымен бірге жаңа өндіріс орнында 20 адамға тұрақты жұмыс орны ашылады.

 Жобаның іске қосылуы нәтижесінде аталған аумақ өңірдегі маңызды туристік және балық шаруашылығы орталықтарының біріне айналмақ. Мұнда заманауи демалыс аймақтары, туристерге арналған қонақ үйлер, қызмет көрсету нысандары салу жоспарланып отыр. Сонымен қатар жағажай туризмін дамыту арқылы ішкі туризмді күшейту және өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыру көзделуде.

 Жалпы алғанда, бұл бастамалар Түркістан облысының экономикалық әлеуетін арттыруға, жаңа жұмыс орындарын құруға және туризм саласын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған стратегиялық маңызды жобалар болып табылады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button