Новости

(Қазақша) ТҮРКІСТАН: МАҚТААРАЛДЫҚ ДИҚАНДАР ЕРТЕ ПІСЕТІН ҚЫРЫҚҚАБАТТЫҢ АЛҒАШҚЫ ӨНІМІН НАРЫҚҚА ШЫҒАРДЫ

Извините, этот текст доступен только на “Қазақша”.

Түркістан облысы Мақтаарал ауданының еңбекқор диқандары 2026 жылғы ауыл шаруашылығы маусымын табысты бастап, ерте пісетін көкөніс өнімдерінің алғашқы легін нарыққа шығарды. Атап айтқанда, өңір шаруалары ерте пісетін қырыққабат өнімін жинап, ішкі нарықпен қатар шетелдік нарықтарға да жөнелтуді бастады. Бұл бағыттағы алғашқы экспорттық партияны «Қылышбек» шаруа қожалығы жүзеге асырды.

Аталған шаруашылық көкөніс шаруашылығында жоғары өнімділігімен танымал, кәріс селекциясына жататын «Пекинка» сұрпын өсірумен айналысады. Шаруашылық басшысы Сейсенбай Мусирманкуловтың айтуынша, жалпы 9 гектар жердің 4 гектарына қырыққабат дақылы егілген. Егіс және күтіп-баптау жұмыстарында заманауи технологиялар, соның ішінде тамшылатып суару жүйесі кеңінен қолданылып, бұл өнімнің сапасы мен өнімділігін айтарлықтай арттыруға мүмкіндік берген.

 Өндірістік процесте агротехникалық талаптардың қатаң сақталуы нәтижесінде өнімнің сыртқы сапасы мен тасымалдауға төзімділігі жоғары деңгейге жеткен. Қазіргі таңда алғашқы өнімдер Ресей Федерациясының нарығына экспортталуда. Шаруашылық өнімдерін жеткізу процесі логистикалық компаниялармен, соның ішінде «Агрогруз» серіктестігі арқылы ұйымдастырылып отыр.

Қазіргі уақытта қырыққабаттың нарықтағы орташа бағасы бір келісі үшін шамамен 200 теңгені құрайды. Жалпы маусымдық өнім көлемі шамамен 120 тоннаға дейін жетеді деп күтілуде. Бұл көрсеткіш ауданның көкөніс шаруашылығындағы экспорттық әлеуетінің артып келе жатқанын көрсетеді.

Биылғы жылға арналған ауыл шаруашылығы құрылымына сәйкес, Мақтаарал ауданында көкөніс дақылдары жалпы 1 404 гектар жерге орналастырылады. Оның ішінде қырыққабат 1 016 гектар алқапты қамтиды. Бүгінгі күнге дейін ерте пісетін қырыққабат 827 гектар аумаққа егілген, ал алғашқы өнімдер кезең-кезеңімен жиналып, нарыққа жөнелтілуде.

Мақтааралдық диқандар жоғары өнімділік пен нарық сұранысына сай келетін «Ринда», «Пекин», «Пандион» сияқты сұрыптарға ерекше басымдық беріп отыр. Бұл сорттар салмағы 1–1,5 келі аралығында болып, ішкі нарықпен қатар Ресей, Беларусь және Еуропа елдерінде де жоғары сұранысқа ие.

Ауданның аграрлық секторындағы маңызды ерекшеліктердің бірі – жер ресурстарын тиімді пайдалану тәжірибесі. Ерте пісетін қырыққабат жиналып біткеннен кейін, бір алқапта бірнеше өнім алу жүйесі іске асырылады. Яғни диқандар сол жерлерге қайтадан қауын-қарбыз, мақта, жүгері және басқа да ауыл шаруашылығы дақылдарын егу арқылы жылына екі, тіпті үш рет өнім алуға қол жеткізіп отыр. Бұл әдіс ауыл тұрғындарының табысын арттырып, өңірдің экономикалық тұрақтылығын нығайтуға ықпал етуде.

Сонымен қатар, аграрлық технологияларды енгізу, су үнемдеу жүйелерін қолдану және тұқым сапасын арттыру бағытындағы жұмыстар да тұрақты түрде жүргізілуде. Бұл өз кезегінде өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттырып, экспорттық әлеуетті күшейтеді.

Айта кету керек, өткен жылы Мақтаарал ауданында 520 гектар жерге қырыққабат егілген болатын. Оның нәтижесінде 11 мың тоннаға жуық өнім жиналып, басым бөлігі Ресей Федерациясы мен Беларусь Республикасына экспортталды. Бұл көрсеткіш ауданның көкөніс өндіру саласындағы тұрақты өсімін және халықаралық нарықтағы сұраныс деңгейінің жоғары екенін дәлелдейді.

 Жалпы алғанда, Мақтаарал ауданындағы ауыл шаруашылығы саласының дамуы өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, экспорттық мүмкіндіктерді кеңейтуге және ауыл халқының әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға бағытталған маңызды факторлардың бірі болып отыр.

Басқа жаңалықтар

Back to top button