(Қазақша) ТҮРКІСТАН: САРЫАҒАШ АУДАНЫНДА ТАҒЫ БІР ЕЛДІ МЕКЕН ТАБИҒИ ГАЗБЕН ҚАМТЫЛДЫ

Түркістан облысы Сарыағаш ауданында елді мекендердің инфрақұрылымын дамыту және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жалғасуда. Соның нәтижесінде Көктерек ауылдық округіне қарасты Көктерек кентінің жаңа тұрғын үй аумағы табиғи газбен қамтамасыз етілді. Бұл жоба жергілікті халықтың тұрмысын жақсартуға бағытталған маңызды әлеуметтік-экономикалық бастамалардың бірі болып табылады.
Газдандыру жұмыстары аясында Жасқанат, Қонаев, Бірлік, Тұран, Самал, Көктерек, Түркістан, Ұлытау, Жібек жолы, Береке, Отырар, Бәйтерек және Керуен көшелері толықтай қамтылып, инженерлік инфрақұрылым жүйесі кезең-кезеңімен іске қосылды. Жобаның жүзеге асырылуы нәтижесінде тұрғындар үшін қолайлы және қауіпсіз өмір сүру жағдайы қалыптасып отыр.
Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев Көктерек кентінің тұрғындарымен арнайы кездесіп, табиғи газға қосу жұмыстарының барысымен танысты. Кездесу барысында аудан басшысы атқарылып жатқан жұмыстардың маңыздылығына тоқталып, инфрақұрылымды дамыту – халықтың әл-ауқатын арттырудағы негізгі бағыттардың бірі екенін атап өтті.
– Біздің басты міндетіміз – халыққа сапалы қызмет көрсетіп, тұрғындарға қолайлы өмір сүру жағдайын жасау. Осы орайда елді мекендерді табиғи газбен қамтамасыз ету – негізгі басым бағыттардың бірі. Басталған әрбір жұмыс сапалы әрі уақытылы аяқталуы үшін жүйелі түрде жұмыс жүргіземіз, – деді Арман Абдуллаев.
Кездесу барысында ауыл тұрғындары да өз пікірлерін білдіріп, табиғи газдың қолжетімді болуы тұрмыстық жағдайды айтарлықтай жеңілдеткенін атап өтті. Олар атқарылған жұмыстарға ризашылықтарын білдіріп, жергілікті билікке алғыстарын жеткізді.
Жоба аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің тапсырысы негізінде жүзеге асырылып, мердігер ұйым ретінде «Ынтымақ-ОК» ЖШС тартылды. Қазіргі таңда Көктерек кентінде тұрғын үйлерді табиғи газға кезең-кезеңімен қосу жұмыстары жалғасуда.
Жалпы жоспар бойынша бұл жоба аясында 2820 тұрғын үйді «көгілдір отынмен» қамтамасыз ету көзделген. Қызмет көрсетуші мекеме ретінде «Келес Трансгаз» ЖШС жұмыс жүргізуде. Газдандыру жұмыстарының толық аяқталуы өңірдегі әлеуметтік жағдайдың жақсаруына, тұрмыстық шығындардың азаюына және экологиялық ахуалдың оңтайлануына ықпал етеді деп күтілуде.
Түркістан облысында мұндай инфрақұрылымдық жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып, ауылдық елді мекендердің дамуына және халықтың өмір сүру сапасының артуына бағытталған жүйелі жұмыстар жалғасуда.



