Новости

(Қазақша) «Кітапханашы – мерейлі мамандық»

Извините, этот текст доступен только на “Қазақша”.

23 сәуір – Кітапханашылар мен Ұлттық кітап күніне орай Ұлытау облыстық әмбебап кітапханасының мәжіліс залында «Кітапханашы – мерейлі мамандық» атты мерекелік кеш өтті.

Іс-шара аясында кітап апталығы барысында ұйымдастырылған «Оқы, өс, өзгер», «Сирек кітаптар – ұлт қазынасы», «Дәридайлап жыр төккен» (Мұқанбетқали Сейітқазиновтың 70 жылдығына арналған), «Өнердің өрелі жолы» (Серік Оспан шығармашылығына арналған), «Тұғыры биік тұлға» (Сүтемген Бүкіровтың 105 жылдығына арналған) кітап көрмелері, сондай-ақ «Әр кітап – бір жаңа мүмкіндік» фотозонасы көпшілік назарына ұсынылды.

Кеш Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасының директоры Ғазиза Құдайбергеннің «Кітапханашы күнделігі» кітабы негізінде дайындалған көркем композициялық қойылыммен ашылып, кітаптың құндылығы мен кітапханашы мамандығының маңызы кеңінен насихатталды.

Салтанатты бөлімде Ұлытау облысы әкімінің орынбасары Зина Жұманазарқызы Ақылбекова құттықтау сөз сөйлеп, сала мамандарының қоғамдағы рөліне тоқталды.

Мереке аясында кітапхана қызметкерлерін марапаттау рәсімі өтті. Қазақстан Кітапханалар одағының «Қазақстанның Құрметті кітапханашысы» төсбелгісі Ұлытау облыстық әмбебап кітапханасы басшысының орынбасары Ж. Тукеноваға табысталды. Сондай-ақ салалық кәсіптік одақтың төсбелгілері Жаңаарқа ауданы Байда би ауылының кітапханашысы С. Кеншимова мен кітапханашы Б. Шегебаеваға берілді.

Бұдан бөлек, бірқатар мамандар Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасының Алғыс хатымен, Ұлытау облысының Құрмет грамотасымен және Алғыс хаттарымен, сондай-ақ мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының марапаттарымен наградталды.

Шара барысында «Кітап күні – кітап сыйла» челленджі ұйымдастырылып, қатысушылар бір-біріне кітап тарту етті. Сонымен қатар сала ардагерлеріне құрмет көрсетілді.

Кеш соңы концерттік бағдарламаға ұласып, Тайжан Қалмағанбетов атындағы Ұлытау облыстық филармониясының өнерпаздары мен облыс кітапханаларының шығармашылық ұжымдары көрерменге ерекше көңіл-күй сыйлады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button